Қарағанды облыстық сотының апелляция алқасы кәмелетке толмаған қыз баланы зорлағаны үшін сотталған ер адамның жазасын өзгеріссіз қалдырды. Ол өңірдегі кенттердің бірінде өзін имам ретінде таныстырып, бірнеше рет 13 жасар жасөспірім қызбен қатынасқа түскені үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылған болатын, – деп хабарлайды Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі. Қаңтар айында полиция Қарағанды облысы кенттерінің бірінде өзін имаммын деп таныстырған ер адамды ұстады. Жалған имам жәбірленушінің ата-анасымен сенімді қарым-қатынаста болып, ересектердің жоқтығын пайдаланып, 13 жасар қызды бірнеше рет зорлаған. Қыз бала жүкті болып қалған. Тергеу кезінде қаскүнемнің кінәсі дәлелденіп, ҚР ҚК 120-бабы 4-бөлігі бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сотталушы қыз бала онымен өз еркімен байланысқа түскенін айтып, апелляциялық шағым жазған.
«Сотталғанның кінәсі сотта зерттелген дәлелдемелермен, оның ішінде жәбірленушінің, оның заңды өкілінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа іс материалдарымен толық дәлелденген. Сотталғанға негізгі және қосымша жаза оның жасаған іс-әрекетіне байланысты заңда көрсетілген шекте, қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіп дәрежесі, жеке басы, жәбірленушінің пікірі ескеріліп дұрыс тағайындалған. Тағайындалған жазаның мөлшерін азайтуға, сотталғанның әрекеттерін қылмыстық заңның басқа бабымен қайта саралауға сот алқасы негіз таппады. Үкім заңды күшіне енді», – делінген хабарламада.Бұған дейін жас қызды қорлағаны үшін имам соттталғанын жазған болатынбыз.