Қазақстанның Олимпиада чемпиондары қайда жүр?
Қазақстанның Олимпиада чемпиондары қайда жүр?

Спортшылар – әр елдің мақтанышы. Халықаралық деңгейдегі жарыстарда жеңіске жетіп, еліміздің көк туын көкке көтеруі – бәріміз үшін мақтаныш. Әсіресе, Олимпиадада жүлделі болу үлкен мәртебе. Алайда батырларымызды тек жеңіске жеткен сәтінде ғана қолпаштап, марапаттап жатамыз да, кейінгі тағдырларын елемей, ұмыт қалдырамыз. Арасында бірен-сараны болмаса көбісінің есімін де естен шығарып аламыз. Ал олардың басым көпшілігі тіпті өзге елге көшіп кетіп те жатады. Міне, осы мақаламызда жүлдемен оралған спортшыларды еске алып, қайда жүргенін білмек болдық…

[caption id="attachment_167884" align="alignnone" width="1024"]Олимпиада ©forbes.kz[/caption]

 1994 жылы Норвегиядағы қысқы Олимпиада ойындары

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін құрамындағы мемлекеттер дағдарысқа ұшырап, қиын кезеңге тап болды. Біздің ел де одан шет қалмады. Бірақ соған қарамастан, 1994 жылы Норвегияда өткен Олимпиадада еліміздің атынан қатысқан спортшылар жеңіс тұғырынан көрінді. Олардың бірі – Владимир Смирнов. Шаңғыдан алтын иеленген Владимир классикалық 50 шақырымда мәреге бірінші болып жетті. Сонымен бірге 10 және 15 шақырым бойынша күміс жүлделерін иеленген. Владимир Смирнов мұнымен тоқтап қалмады. Үш рет әлем чемпионы атанған ол Нагано қаласында өткен Олимпиада ойындарында тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Ал 1999 жылғы Қысқы Азия ойындарында Қазақстанға тағы екі алтын мен күміс әкелді. Владимир 35 жасында спорттық мансабын аяқтады. Дегенмен 1999 жылдың соңында ол Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі болды. Содан бері ұзақ жылдар бойы халықаралық, сондай-ақ отандық спорт ұйымдарында басшылық құрамның мүшесі болуда.

Сонымен қатар чемпионның бизнесте де бағы жанған. 1997 жылы ол Vasa Bryggeri алкогольсіз сусындар шығаратын швед компаниясының негізін қалаушылардың бірі атанды. 2005-2014 жылдары Scania Kazakhstan компаниясының өкілетті өкілінің орынбасары, кейін Scania Central Asia ЖШС бас директоры, ТМД елдеріндегі Skania компаниясының кеңесшісі болды. 2014 жылдан бастап TeliaCompany ірі скандинавиялық телекоммуникациялық холдинг құрамына кіретін қазақстандық Kcell операторының Директорлар кеңесінің мүшесі, Тұрақты даму комитетінің төрағасы болды.

Үйленген, екі баласы бар. 1991 жылдың жазынан бастап Швеция азаматтығын алып, сол жақта тұрады. [caption id="attachment_167885" align="alignnone" width="1024"]олимпиада ©forbes.kz[/caption]

Атлантадағы жазғы Олимпиада ойындары

1996 жылы АҚШ-та өткен жазғы Олимпиада ойындарында 3 отандасымыз чемпион атанып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Олардың бірі Василий Жиров – 81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан боксшы. Олимпиада нәтижесі бойынша Вэл Баркер кубогына қол жеткізген алғашқы отандасымыз. Олимпиада ойындарынан кейін Жиров АҚШ-қа көшіп, бокстағы мансабын сонда жалғастырды. Алайда жақсы нәтиже көрсете алмағандықтан, 2009 жылы спорттық мансабын тоқтатты. Сөйтіп, өз залын ашып, жаттықтырушылықпен айналысты. Ажырасқан, екі баласы бар. АҚШ азаматтығын алған. [caption id="attachment_167886" align="alignnone" width="1024"]олимпиада ©olympic.kz[/caption]

Екінші чемпион – Юрий Мельниченко. Ол грек-рим күресінен 57 келі салмақта өнер көрсетіп, чемпион атанды. Спорттан алыс кетпеген ол, 2000 жылы грек-рим күресінен еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері болды. Кейін Мельниченко ҚР Күрес федерациясы мен қауымдастығының вице-президенті, Қазақстан Республикасының күрес түрлерінен олимпиадалық дайындық орталығының директоры, «Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубының басшылығында жұмыс істеді.

Сонымен қатар ол қайырымдылықпен де айналысады. Үйленген, екі баласы бар. [caption id="attachment_167887" align="alignnone" width="1024"]олимпиада ©www.sports.kz[/caption] 1996 жылы Александр Парыгин – бессайыстан Олимпиада чемпионы атанды. Атлантадағы жеңісінен кейін 23 жастағы алматылық сол жылы Римде жеке біріншілікте әлем чемпионы атанып, эстафетада командасына қола жүлдені жеңіп алуға көмектесті. Алда әлі де бағындырар талай жетістіктер тұрғандай көрінді. Бірақ Парыгин 1997 жылы Аустралияға көшіп, сол елдің азаматтығын алып, 2000 жылы сонда өтетін Олимпиадаға қатысатын болған. Алайда ол сол кезде ойындарға жолдама ала алмады. Сөйтіп, 2004 жылы ол Афинадағы Олимпиадаға бір-ақ барды. Өкінішке қарай, жеңіске жетпеді. Кейін ол 2008 жылы Бейжіңдегі ойындарға қатысуға рұқсат алды. Алайда британдық команданың шағымы мен сот процестерінен кейін ол Қытайға бара алмады. Ақырында спорттан қол үзді. Содан бері Александр Аустралияда құрылыс бизнесімен айналысып, әйелімен ажырасып, Қазақстанға бірнеше рет келген де болатын. Дегенмен біздің жақтан ешқандай ұсыныс болмады.

олимпиада

©massaget.kz

Сидней Олимпиадасы – 2000 жыл!

Сиднейден (Аустралия) жерлестеріміз 3 алтын медальмен оралды. Олар: 57 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен боксшы Бекзат Саттарханов, 71 келі салмақта бокстасқан Ермахан Ыбрайымов және кедергілермен 100 метр қашықтыққа жүгіру бойынша жеңімпазы атанған Ольга Шишигина.

Өкінішке қарай, Бекзат Саттархановтың өмірі бар-жоғы 20 жасында үзілді. Оның жол апатынан қаза болғаны бәріне белгілі. Ал Ермахан Ыбрайымов екі дүркін Олимпиада ойындарының (1996 және 2000 ж.) жеңімпазы атанды. Кейін спорттық мансабын тоқтатқанымен, спорттан алыстамады. 2002-2004 жылдар аралығында бокстан еліміздің ұлттық құрамасын жаттықтырды. Кейін Қазақстан бокс федерациясының басшылығында жұмыс істеді, қазір бокстан олимпиадалық дайындық орталығының жетекшісі.

[caption id="attachment_167890" align="alignnone" width="1024"]олимпиада ©prosports.kz[/caption] Танымал спортшылардың ішінде саясатқа алғаш бет бұрған Шишигина болатын. 100 метрге кедергілермен жүгіруден Сидней Олимпиадасының чемпионы спорттық мансабын 2001 жылы аяқтады. Көп жылдар бойы жаттықтырушылық және оқытушылық қызметте жұмыс істеді. Nur Otan партиясының мүшесі ретінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты атанды. Тұрмысқа шыққан, бір ұл өсіріп отыр. [caption id="attachment_167891" align="alignnone" width="1024"]олимпиада ©forbes.kz[/caption]

2004 жыл Афины Олимпиадасы

2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде өткен қысқы Олимпиадада еліміздің спортшылары медальсыз қалған болатын. Алайда жағдайды Афинадағы жазғы Олимпиада түзетіп жіберді. Мұнда спортшыларымыз тағы да қоржындарын толықтырып, сегіз медаль жеңіп алды. Боксшы Бақтияр Артаев алтын иеленді. Ол 10 жасынан бокспен кәсіби түрде айналысқан. 1998 жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатын жеңген.

 Бұдан кейін де Бақтияр әлем чемпионаттары мен Азия ойындарында тағы бірнеше жүлдеге қол жеткізді. 2008 жылғы Олимпиада ойындары ойдағыдай өтпеді. Сөйтіп спорттық мансабын тастап, аппараттық жұмысқа кіріп, 2009 жылы Жамбыл облысында аудан әкімі болды. Ал 2009 жылы Тараз қаласындағы Бақтияр Артаев атындағы бокс сарайының директоры, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарды. 2011 жылдары облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2012 жылдың соңында «Астана» ППСК президенті болды. Бірақ ол бұл қызметте де ұзақ отырмады.

2014-2016 жылдар аралығында Лондонда білім алып, артынан Қазақстандағы дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысымен айналысатын «Тарлан батырлары» ЖШС-нің директоры атанды. 2018 жылдың ақпан айынан бастап қосымша PSK Astana Arlans бас директоры болып тағайындалды. [caption id="attachment_167892" align="alignnone" width="1024"]олимпиада ©forbes.kz[/caption]

Бейжің Олимпиадасы – 2008 жыл!

Бейжіңде екі жерлесіміз жеңіс тұғырынан көрінді. Олар: 69 келіде жұдырықтасқан боксшымыз – Бақыт Сәрсекбаев. 94 келіде өнер көрсеткен ауыр атлетіміз – Илья Ильин.

Жалпы, Бақыт Сәрсекбаев Қазақстанның тумасы болғанымен балалық шағы Өзбекстанда өткен. Бала кезінен бокспен айналысқан Бақыттың бар арманы – Олимпиадаға қатысу. Сол арманы орындалып, ол чемпион атанды. Келесі жылында Олимпиада чемпионы Қазақстан бокс федерациясында жұмыс істеп, спортшыларды дайындауға жауапты болды. Кейін Astana Arlans-та бағын сынамақ болды. Бірақ одан ештеңе шықпады. Міне, содан бері чемпион көлеңкеде қалды. Қазір жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Үш баласы бар, әйелімен ажырасып кеткен.

[caption id="attachment_167893" align="alignnone" width="1024"]олимпиада ©kapital.kz[/caption]

Лондон Олимпиадасы

2012 жылы Лондон Олимпиадасы еліміздің тарихына алтын әріптермен жазылды. Бір емес, жеті спортшымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінді. Бірінші алтынды велошабандозымыз Александр Винокуров жеңіп алды. Одан кейінгі алтынды ауыр атлетикадан Зульфия Чиншанло (53 келі), Майя Манеза (63 келі), Ресейден келген ауыр атлетіміз Светлана Подобедова (75 келі) қоржынымызға салды. Бесінші алтынды Бейжіңде де чемпион атанған даңқты ауыр атлетіміз Илья Ильин (94 келі) жеңіп алды. Алтыншы алтын жүлдені үш қарғып секіру сайысынан Ольга Рыпакова олжалады. Жетінші алтынды 69 келі салмақта жұдырықтасқан боксшымыз Серік Сәпиев иеленді. Серік чемпиондық атақпен бірге Вэл Баркер кубогына ие болған қазақ жерінен шыққан үшінші спортшы атанды. Қазір бұл чемпионның бәрі еліміз үшін еңбек етіп, өз үлесін қосуда. [caption id="attachment_167894" align="alignnone" width="1024"]олимпиада ©olympic.kz[/caption]

2014 жылы Ресейде және 2018 жылы Кореяда өткен Қысқы Олимпиада

Екі қысқы Олимпиадада Қазақстанның атақты спортшылары екі қола медаль жеңіп алды. Оның бірі – марқұм Денис Тен.  Бала кезінен мәнерлеп сырғанаумен айналысқан ол, осы жылы еліне алғашқы медалін әперген болатын. Өкінішке қарай, чемпионымыз 2018 жылы қайғылы жағдайда қайтыс болды. [caption id="attachment_167895" align="alignnone" width="1024"]олимпиада ©mk.ru[/caption] Екінші чемпионымыз – Юлия Галышева. Ол Әлем және Еуропа чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы. 2018 жылы қысқы Олимпиада ойындарында спортшы могулдан (фристайл) қола жүлдеге қол жеткізді. Бұл – спорттың осы түрінен Қазақстандағы тұңғыш жүлде.

2016 жыл – рекордтар жылы

Қазақстан құрамасы 2016 жылы Бразилияда өткен жазғы Олимпиада ойындары медальдар саны бойынша рекорд орнатты. Қазақстанның Олимпиада чемпиондары: 200 м қашықтықта брасс әдісімен жүзуден Дмитрий Баландин;  зілтемірші Нижат Рахимов – серпе көтеруде 214 келіні көтеріп, әлемдік рекорд орнатқан болатын. Үшінші алтынды Данияр Елеусінов бокстан алды. Негізі ол әуесқой боксшы болған, жазғы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткеннен кейін кәсіпқой боксшы атанды.