Елордада Астана мемлекеттік қызмет хабының «Мемлекеттік қызметтің дамуы және ынтымақтастық» жылдық конференциясының ашылуы өтті. Оған әлемнің 40-тан астам елінен мемлекеттік қызмет уәкілетті органдары басшылары, сарапшылар, ғалымдар, сондай-ақ халықаралық ұйымдар өкілдері қатысты. Конференция 27-29 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында оффлайн және онлайн форматында өтуде.
Конференцияға Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төрағасы Алихан Байменов, ҚР Мемлекеттік қызмет агенттігі төрағасы Анар Жаилғанова, БҰҰДБ-ның Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш, ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік басқару директоратының басшысы Эльза Пиличовски, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі Ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Стейнбек Мадсен, Дүниежүзілік Банктің Қазақстандағы өңірлік менеджері Жан-Франсуа Марто, ҚР СІМ департамент директоры Дидар Теменов қатысып, сөз сөйледі. «Кәсіби идеялар мен тұжырымдар» атты арнайы сессияда халықаралық сарапшылар мен практиктер пандемиядан кейінгі кезеңдегі мемлекеттік басқарудың болашағын талқылады. Сессияға спикер ретінде БҰҰ Бас хатшысы орынбасары, БҰҰ Халықаралық мемлекеттік қызмет жөніндегі комиссия төрағасы Ларби Джакта, Грузияның бұрынғы вице-премьер-министрі Майя Цкитишвили, ЭЫДҰ-ның Парақорлықпен күрес жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Драго Кош және басқалар қатысты. Майя Цкитишвили пандемияға қарамастан, осындай шараны өткізудің маңыздылығына тоқталды. «Бұл жиынға өте көп мемлекеттер қатысуда. Бұл – өз тәжірибемізбен тікелей алмасу, өз елдерімізде өтіп жатқан реформалар жайлы баяндау, сонымен қатар ортақ мәселелерді бірлесе қарастыру», – деді экс-вице-премьер. Украина мемқызмет ұлттық агенттігі басшысы Наталья Алюшина «Астана хабымен ынтымақтастық мемлекеттік басқару бойынша озық тәжірибемен танысып, оларды енгізудің бірегей мүмкіндігін беретінін» атап өтті. Ол мысал ретінде мемлекеттік қызметкерлердің қашықтықтан жұмыс істеу тәжірибесіне тоқталды. Әзербайжан Мемлекеттік экзаменациялық орталық төраға орынбасары Бахрам Халилов Астана хабы ауқымында 40-тан астам елдің тоғысуы осы тұғырнаманың мемлекеттік қызмет саласындағы маңыздылығын және орасан зор жұмыстың атқарылғандығын айғақтайды деді.Конференция аясында Астана хабы жүзеге асыратын бірқатар жаңа жобалар таныстырылды:
-
Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі және Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігімен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Мемлекеттік басқарудағы және мемлекеттік қызметтерді көрсетуді цифрландырудағы инновациялар үшін әлеуетті нығайту» өңірлік жобасы;
-
«Зерде» Ұлттық инфокоммуникация холдингі» АҚ-мен бірлесіп іске асырылып жатқан Мемлекеттік басқарудағы инновацияларды акселерациялау зертханасы;
-
Мемлекеттік сектордағы өтемақы жүйелеріне салыстырмалы шолу нәтижелері;
-
«Посткеңестік он бес елдегі мемлекеттік басқару эволюциясы: трансформация алуандығы» атты жаңа кітап бойынша брифинг.