Алматының төл келбеті сақтала ма?
Алматының төл келбеті сақтала ма?
193
оқылды

Еліміздегі тарихы терең шаһар­дың бірі – Алматы. Соңғы кез­дерде осы қаланың мәдени-тарихи ескі келбеті жоғалып бара жатқаны туралы жиі айтылады. Себебі қала күн санап заманауи ғимараттармен толыққан сайын өзінің төл сәулетінен ажырап барады.

Жалпы, өркениетті елдерде пәлен ғасырлық жылнамасы бола тұра, өзінің алғашқы сәулетін сақтап қалған қалалар баршылық. Мәселен, Еуропаға саяхаттаған адам міндетті түрде соғып кететін қаланың бірі – Рим. 2 770 жылдық тарихы бар шаһар. Алғашқы сәулетінің көп бөлігі қаз қалпында сақталғанын көрген жан ә дегенде соншалықты көне қала деп ойламауы да мүмкін. Бірақ қаланың әрбір кірпіші мен қабырғасы талай ғасырдың куәсі. Лондон, Париж, Барселонадан да осы қаланың тек өзіне тән архитектурасын, ескерт­кіштерін, саябақтарын, ғимарат­тарын табасыз. Мұның барлығын неге тізбектедік? Өзгеге неге тамсандық? Себебі біз барымыздан айырылып бара жатқандаймыз. Талай ақынға шабыт берген сұлу Алматы заманауи қалаға айналғанымен, өзінің тарихи мазмұнын жоғалтып болғандай. Неге олай дейміз? Себебі еліміздегі ең үлкен мегаполистің де 1000 жылдық жылнамасы бар. Оған әлі күнге дейін аман қалған қаншама тарихи мекен куә. Алматы қалалық Мәдениет басқармасының мәлі­метін­ше, бұл күнде мемлекет қарауына алы­нып, арнайы тізімге кірген 33 респуб­ликалық маңызы бар ескерткіш осы қала ішінен орын тепкен. Оның ішінде 25 сәу­лет және қала құрылысы және 8 монументалды өнер туындысы, сондай-ақ жергілікті маңызы бар 107 тарихи нысан бар. Бірақ осы деректерді каталогтерден немесе басқа дереккөздерінен таппасаңыз, қала аумағынан бұларды оңай кездестіре қоюыңыз екіталай дүние. Себебі көп. Талай ғимарат «мемлекет қорғауында» деген мәртебесінен айырылды. Содан көне үй ретінде тоз-тозы шығып, сүрілді. Аман қалғандары жөндеу көрмеді. Біршама тарихи мәні бар үйлердің іргесінен көп­қабатты үйлер бой көтеріп, биіктігімен маңындағыларды көмкеріп тастады. Бұл мәселені зиялы қауым, сәулетшілер талай көтерді. Алайда еститін құлақ табылмады. Тіпті, күн санап үлкейіп келе жатқан қаланың бас жоспары жасалар кезде де мұндай жәдігерлерге жанашырлықпен қарау жағы да қалыс қалған сыңайлы. Сол себепті небір тарихи маңызды нысандардың жанынан заманауи биік ғимараттар бой көтеріп кеткен. Қасындағы жүздеген жыл­дар­дың куәсіндей көне ғимарат соның көлеңкесінде қалып қойған. Қаланың тарихи ғимараттары сүріліп, оның орнына жаңа бизнес орталықтары мен тұрғын үй кешендері салынды. Оған бір ғана мысал ретінде Абылай хан мен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы 20 қабатты тұрғын үйдің орнында бір кездері  қаладағы алғашқы балалар мен  жастар театрының ғимараты болған десеңіз, кейінгі ұрпақ түгілі бүгінгі қала тұрғындары да  сене қоймасы анық. Осындай төл мәдениетімізге енжарлық Алатаудың тәжіндей болған Алматының тарихи маңызының жойылуына әкеп соқтырғаны жасырын емес. Алматының ажары бүгін шыны ғи­мараттармен әрленіп тұрғанын сәулетшілер де мойындайды. Қазіргі қаланың даму концепциясында тарихи ғимараттарға орын жоқ сияқты. Сәулетші Сайран Пазылов ол жайында былай дейді: – Жасыратыны жоқ, соңғы кезде сәу­лет өнеріне немқұрайды қарайтын болдық.  Алматы – мыңжылдық тарихы бар ескі қала. Сондықтан бұл қаланың өзіндік  кел­бетін көрсетіп тұратын тарихи  архитектура­лық нысандар барынша  сақталуы керек. Өкінішке қарай, ол көз алдымызда жоға­лып бара жатыр. Соңғы жылдарда  қалада биік-биік ғимараттардың қалай болса солай салынуы Алматының ажарына ажар қосып жатыр деп айта алмаймын. Керісінше, шаһардың тарихи маңызының жойылып, «заманауи шаһар» деген мәртебеге лайық болып бара жатуына әкеп соқтырды. Тіпті, сол салынған тұрғын үй кешендері мен бизнес орталықтары атауларының өзі шетелдік. Ресейдің кейбір режиссерлері Кеңес кезеңі туралы фильмді Минск қаласында түсіретіні бар. Себебі ескі ғимараттар Мәскеуге қарағанда сонда көп сақталған. Жақында ғана көрерменге жол тартқан «Мұқағали» фильмінің режиссері Болат Қалымбетов осы мәселемен бетпе-бет келген. Режиссердің айтуынша, туынды­ның бас кейіпкері ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 60-70-жылдары Алматыда ғұмыр кешкен сәтін картинаға кіргізбек болған. Алайда бүгінгі мегаполистен ондай орын таба алмай қиналған. Себебі қала өзінің тарихи келбетін едәуір жоғалтқан. Амалсыз фильмге қажетті сюжетті ескі шаһарларымыздың бірі Семейде түсіруге тура келген. Әрине, өкінішті жағдай. Айтпақшы, Семейге барған жан қаланы екіге бөліп жатқан Ертіс өзені арқылы ескі Семей, жаңа Семей деп екіге бөліп қарайды. Ескі Семейде бір кездегі Құнанбай мен Абай тұсындағы, берісі Алаш арыстары жүріп-тұрған көшелер мен ескі ғимараттардың аз болса да сақталып қалғанын көре алады. Батысымыздағы Еуропамен шекаралас тұрған Орал қаласы да солай. Көпестердің көне үйлері, Пушкин, Толстой бас сұққан ғимараттар орын тепкен көше сол күйі сақталып, жаңа әрі заманауи Орал басқа ауданнан бой көтерген. Бұл – әлемде кең тараған тәжірибе. Егер Алматының бас жоспары осы бағытты ұстанса, тарих пен жаңашылдықтың тепе-теңдігі сақталар еді. Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет бас­шысының мегаполисті тарихи келбетін сақтай отырып, дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев алматылықтардан сыртқы кел­бе­ті сақталуы қажет ерекше ғимараттар тізімін жинақтауға пәрмен берген. Осы күнге дейін қала тұрғындарынан 80-ге жуық өтініш келіп түсіпті. Олардың арасында жеке ғимараттар ғана емес, қала өміріндегі белгілі бір кезеңді сипаттайтын тұтас көшелер мен ансамбльдер бар. Мысалы, 50-жылдары салынған Столичный азық-түлік дүкені. Оның айналасындағы 30-жылдардағы әйгілі тұрғын үй кешені, Алматы-1 стансасының жанындағы ескі вокзал. Мұндай тарихи орындардың біразы әлі күнге дейін қаладағы Үлкен және Кіші станица ауданында, Тастақ шағын­ауданында сақталған (Бөгенбай батыр көшесі  19, Яблочная көшесі 42, Ришат және Муслим Абдуллиндер 42, Куратова 35, Әшімбаев көшесі 42, Брусиловский көшесі 13 үй). Сарапшылар оларды қала құрылысы мәдениетінің тарихи ескерткіштері түрінде қайта жобалауды ұсынып отыр. Алайда кеш те болса, қала басшылығы ескі ғимараттарды сақтау бойынша жаңа ережелер қабылдапты. Енді оның орындалуын әкімдік бақылай ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді. Бірақ жоқтан жақсы. Бұл туралы Алматы Бас жоспар ғылыми-зерт­теу институтының қызметкері Жанат Айтілеу айтты: – Қаладағы құрылыс нысандарын жүр­гізуге байланысты осы жылы жаңа ереже қабылданды. Онда Алматының ескі орта­лық аймағына құрылыс жүргізуге байланысты біраз шектеу қойылған. Мәселен, мемлекет қорғауына алынған тарихи нысан орналасқан жерлерде белгілі бір қашықтықты сақтай отырып қана өзге ғимараттар салу. Басқа жерлерде салынатын ғимараттардың қасбетінің келбеті айналасындағы ескі тарихи ғимараттардың сәулетіне сәйкес болуы керек.  Сондай-ақ салынатын жаңа нысанның биіктігі қасында тұрған көне жәдігердің биіктігінен  артық болмауы тиіс деген талап бар. Тарихи маңызы бар ғимараттарды сақтау – ескілікті аңсау емес. Бұл – өтке­нің­ді бағалау, ұмытпау. Бүгінгі олқылықты ертеңгі тарих кешірмесі анық. Иә, замана талабымен қатар жүріп, жаңа зәулім кешендерді салу қажет-ақ. Дегенмен шаһар­дың төл келбетін сақтау үшін, қаланың тарихы терең деп ұялмай айту үшін де дәлел керек-ақ. Ол дәлел – Алматыда саны жыл өткен сайын сиреп бара жатқан көне ғимараттар болса керек.  

Нұрболат АДЫРБЕК