Жамбылда Жаз-Ата тойы дүркіреп өтті
Жамбылда Жаз-Ата тойы дүркіреп өтті
210
оқылды

Еңбекпен есейіп, абырой биігіне көтерілген халқымыз­дың даңқты перзенттері ха­қын­да сөз қозғағанда  алғаш­қы­лардың қатарында Жа­зыл­­бек Қуанышбаевтың есімі еске орала­тыны хақ. Аты аңыз­ға айналған шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ерінің 125 жылдық мерейтойы Жамбыл жерінде дүркіреп өтті.

Ең әуелі Тараз төрінде даңқты шопан­ның бейнесі суреттелген барельеф  мемо­риал­дық тақтасы мен «Ауыл шаруа­шылығы» сквері­нің салтанатты ашылуы өтті.  Іс-шараға  еліміздің Ауыл шаруа­шылығы министрі Ербол Қара­шөке­ев, облыс әкімі  Бердібек Сапарбаев, Жазылбек Қуанышбаев­тың туыстары мен өңір тұрғындары қатысты. – КСРО-ның екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай, биыл дала ака­деми­гі­нің есімі мен мұраларын насихаттау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол қаракөл қойының тұқы­мын сұрыптауға және жақсартуға үлкен үлес қосты. Жазылбек Қуа­ныш­баев өзінің тәжірибесін жас шопандармен бөлісіп, балаларды жастайынан еңбекке баулыды. Бүгінде оның жұмыс тәжірибесін тарату, жас ұрпаққа еңбектегі ерліктері туралы насихаттау  аса маңызды, – деді облыс әкімі Бердібек Маш­бек­ұлы барель­ефтің ашылуында. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев  жиылған­дарды қуаныштары­мен  құттық­тады. – Жазылбек Қуанышбаев қой шаруа­шылығының дамуына, мал басының өсуіне өлшеусіз үлес қосып, әр жүз саулықтан 130-140  қо­зы­дан алған даңқты шопан. Оның қажырлы еңбегінің арқа­сын­да сонау құмды өлкеде Қазақ­стан­дағы қой шаруа­шылығының негізгі базасы құрылды.  Қазақ халқының даңқты перзентінің мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Жамбылдық­тарды шын жү­рек­тен қос  мерекемен құттықтай­мын!  – деді Ауыл шаруа­шылығы министрі. Ал Жазылбек Қуанышбаевтың  баласы мен немересі аталарына  көрсетілген  құрмет үшін облыс әкімі мен осы іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын білдірді. Жалпы, сквер  «Таразға тарту» жобасы аясында Ауыл шаруа­шылы­ғы және Ветеринария бас­қар­масының демеушілігімен  салынған. Мұнда тұрғындарға арналған демалыс орындарымен қатар, төрт түліктің бейнелері бейнеленген мүсіндер қойылған. Ал сквер орналасқан көшеге мереке күні  Еңбек Ері Жазылбек Қуаныш­баев­тың есімі беріліп, көпшіліктің қуанышын еселей түсті. Мерекелік іс-шара бұдан әрі  бірінші республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұлас­ты.  Конференцияның  ашылуында облыс әкімі Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған хатын қатысушы­ларға таныстырды. Президент хатында  Жазылбек Қуанышбаев еліміздің мал шаруашылығын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан даңқты шопан екені, көп жылғы ерен еңбегі­нің арқасында аса танымал тұлғаға айналғаны айтыл­ған. Сондай-ақ  Тараз қаласында даңқты шопанға  лайықты құрмет көрсетіліп, барынша дәріптеліп жатқанына оң бағасын берген. Конференцияда  облыс әкімі  жиынның маңызына тоқтала келе, Елбасы мен Мемлекет бас­шы­сының қолдауының арқасын­да Жамбыл облысында ауыл шаруа­шылығын дамытуға бағыт­талған бірқатар ірі жобаларды тілге тиек етті. – Қазір облыста қаракөл қой шаруа­шылығын дамыту мақса­тын­да 3 қожалық құрылды. Осы сала­дағы жетекші ғалым­дармен бірге қойды қолдан ұрықтандыру технологиясы пайдаланылып жатыр. Өңірдегі мал саны 4,0 миллион басты құрап, 4,5 пайызға артты. Ұсақ мал басы 3,7 пайызға өсіп, 3 435,5 мыңға жетті. Биыл қаржы институттары арқылы «Сы­баға» бағдарламасы бойынша 1 271,0 миллион теңгеге 29,7 мың бас қой сатып алынды, – деді аймақ басшысы. Конференция соңында «Жал­пақ жұрт­тың Жаз атасы» атты кітаптың  тұсауы кесілді. Мереке күні  Қазақстан мал­шы­ларының алғашқы респуб­ликалық слеті де  өтті. Сондай-ақ салаға серпін берген азаматтар арнайы марапатталды. Сала ардагерлері Ауыл шаруашылығы министр­лігінің «Еңбек ардагері» және «Ауыл шаруа­шылығы саласының үздігі» төсбелгілерімен құрмет­телді. – Мұндай деңгейде малшы­лар­дың слеті алғаш рет өтіп отыр. Біз өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алдық, – деді «Үздік шопан» номинациясын жеңіп алған Т.Рысқұлов ауданының малшысы  Сейтбек Дүйсенов. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шаруа қожалықтардың озат шопаны мен жыл­қышыларына 15 миллион теңге көлемінде сертификат табыс етті. Бұл қаржы олар­дың отбасы үшін тұрғын үй салуға жұмсалмақ. Сондай-ақ  аймақ басшысы «Жылы бұлақ Меркі» шаруа қожалығының шопанына Lada Vesta автокөлігінің кілтін табыстады. Бұл күні той қонақтары  «Қазақ­тың қара шалы» фильмі мен  А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрында  екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атанған Ж.Қуанышбаев пен Ы.Жақаев туралы театрлан­дырыл­ған қойылымды тамашалады. Мерейтойдың екінші күні сал­танатты іс-шаралар Жаз-Ата­ның туған топырағы Мойынқұм ауданында жалғасты. Мұнда Жазылбек Қуанышбаевтың ескерткішіне гүл шоқтары  қойылып, қонақтар  даңқты шопанның атындағы музейді аралап, күрестен өткен республикалық турнирді тамашалап, «Жалпақ жұрттың Жаз-Атасы» атты конференцияға қатысты.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы