Алтын Орда мерейтойы басталды
Алтын Орда мерейтойы басталды
284
оқылды

Елімізде  «Ұлық ұлыс» Алтын Орданың 750 жылдығы аталып өтіп жатыр. Жошы ұлысы орнаған кең даланың Дешті Қыпшақ бөлігі – бүгінгі қазақ елінің байырғы мекені. Қазақстан өзінің мемлекеттілік дәстүрінің қалыптасуында осы тарихи кезеңге айрықша мән береді.

Ұлан-ғасыр той Жайық жаға­сын­­да бастау алды. Кеше  «Ел Тәуел­сіздігінің 30 жылдығы аясында Аты­рауда «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» ха­­­лықаралық ғылыми-прак­тикалық конференциясы басталды. Отандық жә­не Еуропа, Америка, Түркия, Жа­пония, Ресей, Украина елдерінен зерт­теуші-ғалым­дар қатысып жат­қан іс-шараның ресми ашылу салта­наты Атырау облыстық Махамбет атын­дағы академиялық қазақ драма теат­рында өтті. Президент Әкімшілігі басшы­сы­ның бірінші орынбасары Дәурен Абаев  «Ұлық ұлыс – Алтын Орда» атты халықаралық ғылыми-прак­тика­лық конференцияның қатысу­шы­ларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құт­тық­тау хатын оқыды. Президент өзінің құттықтау хатында Алтын Орданың тарихы қазіргі Қазақ мемлекеттігінің жылнамасымен тығыз байланысты екенін атап өткен. Сонымен қатар әлі де зерт­теулер жасалуы тиіс екеніне тоқ­тал­ған. «Шын мәнінде, Алтын Ор­да­ның тарихы әлі де терең зерт­теуді қажет етеді. Түрлі себептерге байланысты төл шежіреміздің осы бірнеше ғасырлық кезеңі назардан тыс қалды. Еліміз егемендігін алған­нан кейін ғана бұл олқылық­тың орнын толтыруға жол ашылды», – деп жазылған Прези­денттің  құттықтауында.  Ал жиында баяндама жасаған Дәурен Абаев Алтын Орданың қазақ тарихын­дағы  айрық­ша орны бар екенін атап өтті. «Біз  үшін Алтын Орда несімен маңызды?» деген сауал тастаған Д.Абаев ұлық ұлыстың бірқатар ерекшелігін атап өтті. «Алтын Орда – тамыры терең тарихымыздың бір парағы ғана емес. Бұл – қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің алтын бесігі. Біз сан түрлі ұлыстар мен ру-тайпалардан құралған ұлық ұлыстың қазанында қайнап, жеке ұлт болып қалыптастық, дербес хандық құр­дық. Бұған тарихпен әсіре мақтану деп емес, генетиктер дәлелдеген дерек деп қараған жөн. Оған қоса Жошы ұлысы – дала мемлекет­тілігінің архетипі, бастау бұлағы.  1465 жылы Керей мен Жәнібек хан­дар негізін қалаған Қазақ хан­ды­ғының құрылу себебін Әбіл­қайырға көңілі толмаған 200 мың халықтың үдере көшкені деп қана қарастыруға болмайды. Алтын Орда Сол үшін алғашқы хандарымыз­дың түпкі ойы Алтын Орда жобасын қайта жаңғыртып, Жошы ұлысының аумағын, онда тұратын халықты біріктіру еді. Елбасы 2014 жылы Ұлытаудың төрінде берген сұхбатында Алтын Ордадан Қазақ хандығына дейінгі сабақтастық желісін айқындап бергені бекер емес», – деді Дәурен Абаев. Сонымен қатар ол алтын­ордалық 7 қағиданы еске салды: «Биыл мамыр айында елордада өткен конференцияда ХХІ ғасыр­дағы алтынорда­лық 7 қағиданы баяндаған болатынмын. Бұл – бүгінгі заманға бейім­дей отырып, бабалар өсиеті ретінде басшылыққа алатын ұлық ұлыстың орасан зор тарихи мұрасы. Сол қағидаларды қысқаша ғана атап өткім келеді. Бірінші қағида – мықты «билік вертикалі» арқылы орталықтан басқарылатын мемлекет. Бұл өзіне сеніп тапсырылған жұмысқа лауазымды тұлғаның дербес жауап беруін білдіреді. Екінші қағида – меритократия немесе басшылыққа лайықты адамдардың келуі.Үшінші қағида – әкімшілік басқарудың тиімділігі.Төртінші қағида – ғылым-білім ғұрпы. Бесінші қағида – диалог мәдениеті. Алтыншы – дипломатия мәдениеті. Жетінші – адами құндылықтар», – деді Президент Әкімшілігі басшысы­ның орынбасары. Ұлт тарихына қатысты тағы­лым­ды іс-шараның ашылу салтанатымен Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің атынан құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова конференцияның тарихи мәні туралы атап өтті. «Алтайдан Дунайға дейінгі кең-байтақ мекенде XIII ғасырда пайда болған дала және қала мәдениетінің бірегей қоспасы – Алтын Орда өркениетінің тарихына негізделген бүгінгі шара ұлан-ғайыр аумақтың кешегі шежіресіне шолу жасауды мақсат етеді. Алтын Орда – қазақтың мәдени кодының маңызды бөлшегі. Атырау облысында киелі, тарихи орындар көп. Соның бірі – көне Сарайшық қонысы. Алтын Орда кезеңінде елеулі рөл атқарған қоныстың еліміздің дәл осы аумағында орналасуы бекер емес. Бұл біздің тарихымыздың тамыры тереңде жатқанын көрсетеді», – деді Бақыт­гүл Хаменова. Махамбет атындағы Академия­лық қазақ драма театрында өткен салтанатты жиында «Айбыны асқан Алтын орда» әдеби-театрлан­дырылған композициялық қойы­лымы көрсетілді. Онда Шыңғыс ханнан Жәнібек ханға дейінгі Алтын Орда тарихы, батырлар, тарихи тұлғалар образдары суреттелді. Сондай-ақ Сарайшықтың әйгілі аңызы – Алтын қайықты қыз, Алтын Орда хандарының шеруі, Ұлы Жібек Жолы, Алтын Орда мұрагері – Қазақ хандығы туралы театрландырылған композициялар көрсетілді. Алтын Орда Халықаралық конференцияға «Алтын Орданың» тарихын зерттеп жүрген отандық және шетелдік ғалымдар, «Алтын Орда» қанат жайған тұста өмір сүрген қалалар­дың орнында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар, этно-археологтар, «Алтын Орда» дәуі­рін­­дегі ақша сарайлары, монета соғу ісін індете іздеп жүрген археолог-нумизмат ғалымдар, «Алтын Орданың» кескін-келбетін сырлы бояулармен беретін суретшілер, «Алтын Орданың» ауызша тарихын зерттеуші фольклорист ғалымдар мен күйшілер, ақын-жазушылар қатысып жатыр. Конференцияда «Алтын Орда дәуірінің мәдени мұрасы тарихи деректерде», «Археологиялық құндылықтардың тарихи маңызы», «Ұлық Ұлыс дәуірі фольклорының ерекшеліктері», «Қасым хан және Сарайшық: қазақ мемлекеттілігі тарихында» атты 4 панелдік отырысында тақырыптық баяндамалар талқыланды. Бұдан басқа  суретшілер пленерін өткізу арқылы тарихи кезең кескінделуіне жағдай жасалды.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы