Жыл басынан бері еліміздің кәсіпорындарында 1 062 адам зардап шеккен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда өндіріс орындарында оқыс оқиғалар көбейгенін көрсетеді. Қабылданған шараларға қарамастан құрылыс алаңдарында қауіпсіздік неге сақталмайды? Ережеге көз жұма қарағандарға қандай жауапкершілік жүктелген?
Жазатайым оқиға ең көп кездесетін құрылыс саласында биіктен құлау, басына ауыр зат түсу, ашық жатқан токқа түсіп, мертігетіндер көп. Соңғы статистикаға көз жүгіртсек, 5 жылда еліміздегі құрылыс алаңдарында 1 100 адам қайтыс болып, 8 мың адам ауыр жарақат алған. Әсіресе, құрылыс, кен-металлургия, ауылшаруашылық және мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарда оқыс оқиғалар жиі болатын көрінеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, 9 айдың өзінде ғана мемлекеттік еңбек инспекторлары 8 мыңнан астам бұзушылықты анықтаған. Олардың 30%-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласына тиесілі. Атап айтқанда, қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етпеудің 695 жағдайы тіркелсе, жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқамалықты өткізбеу – 361, жеке және ұжымдық қорғау құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқкиіммен қамтамасыз етпеу – 142, еңбекті қорғау бойынша қызметтің немесе жауапты тұлғаның болмауы бойынша 54 дерек анықталыпты. Жұмысшылардың амандығына жүрдім-бардым қарағандарға 2,7 мыңнан астам ұйғарым беріліп, 189 млн теңге сомасына 1 мыңнан астам айыппұл салынды. Құқықбұзушылыққа кінәлі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау мақсатында құқық қорғау органдарына 777 материал жіберіліп, олар бойынша 102 қылмыстық іс қозғалған. Сонымен бірге Төлеген Оспанқұлов кәсіпорындарда 15 мың өндірістік кеңес жұмыс істейтінін, олардың міндеттеріне еңбекті қорғау жөніндегі 18 мыңнан астам техникалық инспекторлардың қатысуымен жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастыру кіретінін айтты. «Былтыр техникалық инспекторлар еңбек жағдайлары бойынша 64 039 тексеру жүргізді, оның барысында 118 912 бұзушылық анықталды, оның ішінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселелері бойынша – 42 704. Ұйымда еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған 34 434 ұсыныс берілді. 318 бірлік жабдық, машина, жұмыс орындары мен өндірістік цехтардың жұмысы тоқтатылды», – деген ол былтыр Еңбек кодексіне кәсіптік тәуекелдерді бағалау мен басқаруға негізделген еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу бойынша бірқатар өзгеріс пен толықтыру енгізілді.Жыл басынан бері 140 адам көз жұмды
Бірақ биылғы тоғыз айдағы жазатайым жағдайды естігенде төбе шашың тік тұрады. Мысалы, жыл басынан бері елімізде 140 адам өндіріс барысында қайтыс болған. Кәсіпорындардағы зардап шегу көрсеткіші де жыл басынан бері артып келеді. Тоғыз айдың ішінде кәсіпорындарда 1 062 адам зардап шеккен. Бұл былтырмен салыстырғанда 39 адамға артып отыр. Өндірісте жарақаттанудың өсуі Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласында байқалған. Құрылыста көз жұмғандардың жиілеуі Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда облысы мен Нұр-Сұлтанда тіркеліп отыр. Ал жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай, Түркістан облыстары мен Алматы қаласына тиесілі.Құрылыста оқыс оқиға көп
Естеріңізде болса, жыл басында Алматыдағы құрылыс алаңында 19 жастағы жігіт қаза тапқан. Көп уақыт өтпей қаладағы Розыбакиев-Ходжанов көшесінің қиылысындағы құрылыс алаңында тағы бір жұмысшы көз жұмды. Қайғылы оқиға BI Group компаниясының For You көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болған еді. Осыдан бір-екі ай бұрын Павлодар облысындағы құрылыс жұмысы кезінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің біреуінің жұмысшысы мерт болды. Жазатайым жағдай жиі болатын Қарағандыдағы құрылыс алаңдарының бірінде жақында тоғызыншы қабаттан 20 жастағы жігіт, Қарағанды әкімдігінің терезесінен тағы бір жұмысшы құлап, көз жұмды. Құрылыс саласындағы қауіпсіздіктің сақталмайтынын жыл басында депутаттар да көтерген. Мәжіліс депутаты Альберт Рау «АрселорМиттал Теміртау» АҚ кәсіпорындарының қызметкерлері қауіпті жағдайда жұмыс істейтінін жайып салған еді. Айтуынша, металлургия өндірісінің техникалық жай-күйі жыларман күйде. Соның салдарынан жұмысшылардың жарақаттануы мен көз жұму оқиғалары көбейіп келеді. «Тұрақты бақылауға қарамастан, кәсіпорындағы жағдай жақсармаған. Жыл басында Ленин шахтасында бір адам қайтыс болып, екеуі жарақат алды. Ақпанда автобус апаты, тоғыз адам зардап шекті. Наурызда бір емес, бірнеше қайғылы оқиға болды. Соңғы бес жылда комбинатта 25 ауыр апат болған», – деді сол кезде депутат.Жұмысқа кірерде келісімшарт керек
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешов жұмысшылардың жазатайым жағдайға ұшырауына 90% жұмыс берушілердің қателігі себеп болатынын бұдан бұрын да айтқан-ды. Ал қалған 10%-ы жұмыскердің қатесі екен. Оның айтуынша, егер қызметкер жұмыс кезінде жазатайым оқиғаға ұшыраса, оған жұмыс беруші тарапынан орташа айлық жалақысы көлемінде жәрдемақы тағайындалуы тиіс. Егер төлем жасаудан бас тартса, жәбірленуші сотқа шағымдануға құқылы. Алайда жұмыстағы жазатайым жағдайлардың көбінде жұмыс берушілер өтемақы төлеуден жалтарып жатады. Сондықтан заңгерлер жұмысқа тұрушыларға келісімшартпен жұмыс істеу керегін алға тартады. Өйткені келісімшартсыз жұмыс істеген болса, мемлекет те, сот органдары да жұмысшының құқын қорғап шығуы екіталай. Көп жағдайда оқиға куәгерлері басшылардың ырқынан шыға алмайды, ал құрылыс алаңындағы қауіпсіздік ережесінің сақталмағанын дәлелдейтін бейнебақылау камералары жұмыс істемейді. Бес жылда құрылыс саласы қауіпсіз бола түсетініне тиісті мекемелер кепілдік береді. Жұмыс берушілер құрылыс алаңдарындағы қауіпсіздік ережесі қадағаланып, техникалық шаралары түгел сақталған деп ақталады. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары, бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов алдағы 5 жылда құрылыс алаңдарындағы қайғылы оқиғалар азаяды деп отыр. Өйткені бес жылға арналған министрліктің іс-қимыл жоспары бойынша, еңбекті қорғауды басқарудың ұлттық жүйесі жаңғыртылып, жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдерді төмендету бойынша жұмыс берушілерді экономикалық ынталандыру бойынша ұсыныстар әзірленбек. Екіншіден, еңбекті қорғау саласындағы кәсіби құзыреттер мен ғылыми әлеует пен әлеуметтік әріптестікті дамыту көзделген. Бес жылдағы іс-қимыл жүзеге асса, 2025 жылға қарай өндірістік жарақаттану 10%-ға, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер саны 20%-ға дейін төмендемек.Жадыра МҮСІЛІМ