Қайырымдылық қанымызда бар
Қайырымдылық қанымызда бар
197
оқылды

ХХІ ғасырдағы жаһандық саясатта алыс-беріс пен барыс-келістің дәурені жүріп тұр. Дүние­жүзіндегі  түрлі елдер бір-біріне селбесіп өмір сүруді, қолғабыс жасауды,  өзара кө­мектесуді дағдыға айнал­дырып келеді. Тәуелсіздік алға­ннан бері 30 жыл ішінде Қазақстан да  түрлі ел­дерге гумани­тарлық көмек жібе­ріп, тағы бір­қатары­нан қабылдаған еді. Тіпті, 2020 жылдың желтоқ­санында KazAID агенттігі құ­рыл­ды.

Әдетте гуманитарлық көмек беру мен алу біреудің жыртығын жамай қоймайды. Бірақ халықаралық ынтымақтастықта айрықша орны бар қадам. Тіпті,  дипломатияның бір тілі ретінде де бағалауға болады. Ал мұндай қолғабыстарды «дамуға ресми көмек» деп атайды.  Қазақстан  бұл бағыттағы арнайы заңды 2014 жылы қабылдаған. Бірақ өзара көмек беру ісіне араласқаннан  ширек ғасырға жуық уақыт болды. 20 жыл ішінде Қазақстан  шетелдерге 542 млн долларға тең болатын көмек көрсетіпті. Бірақ Қазақстанға соңғы  20 жылда нақты қанша сомаға көмек көрсеткені жайлы дерек кездестірмедік. Шамасы,  өзгеден алған көмек жайлы есеп-қисап жасамайтын тә­різ­діміз.

Бағытымыз – дамушы елдер

Қазақстан билігінің  ұстанымына сәйкес, «дамуға көмек көрсету» үшін еліміз  Орталық Азия және Ауған­стан­ды  алдыңғы қатарға қояды.  Одан бөлек, гуманитарлық көмек Кавказға, Африкаға, Латын Америкасы елдеріне, шағын аралдардағы дамушы мемлекеттерге  жөнелтіліп тұратыны бар. Әдетте  мемлекеттің өзге елдерге жіберетін көмегі  ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіп­сіздігі,  қоршаған ортаны қорғау,  табиғи ресурстарды тиімді пайдалану,  білім мен ғылым,  денсаулық сақтау, есірткі айналымымен күрес сияқты  бірқатар бағытты қамтиды. Бұл бағыттарда көрсетілетін көмекті жүзеге асырудың да жолы әртүрлі.  Мәселен, 2020 жылы пандемия басталғанда Қазақстан бірқатар мемлекеттерге гуманитарлық көмек көрсетті. Сол жылы еліміз өзгелерге 3,1 млн доллардың  гуманитарлық көмегін көрсетіпті. Сарапшылар мұны 2019 жылғыдан  екі есе көп деп бағалайды. Жалпы, Қазақстан коронавирус пандемиясы кезінде ғана емес, одан бұрын да түрлі мемлекеттерге көмек көрсетіп келеді. Әсіресе, Ауғанстан­ның  жөні бөлек. Жыл сайын Кабулға  ұн жіберіп тұратынымыз бар. Ауған­стандық студенттерді тегін оқытуды да осындай қолғабыстың қатарына жатқызуға болады. Ал Қырғыз Республикасына  астық, түрлі құрал-жабдық,  тіпті арматураға дейін жіберген кезіміз болған.  Одан бө­лек, Тәжікстанға, Үндістанға, Түр­кия­ға, Моңғолияға және басқа да елдерге  қолғабыс жасадық. Тіпті, кейбір бағыттар бойынша  гумани­тарлық көмек көрсетуден көш бастаған кезіміз де болған.  Мәселен, 2014 жылы, пандемия да, өзге дағдарыстар да жоқ кезде, Қазақстан Орталық Азия мен Ауғанстанға  көмек көрсету жөнінен  бірінші орынға шыққан. БҰҰ Даму бағдар­ламасының  тұрақты өкілі Стивен Тулл сол кезде Қазақ­стан­ның Ауған­станмен Орталық Азия елдеріне құны 60 млн доллардан  асатын кө­лемде гуманитарлық көмек көрсет­кенін айтқан-ды. Одан бөлек, техникалық көмек те көрсетіп жүре­тінін тілге тиек еткені бар.

Бізге де көмектесіп тұрады

Негізі,  «дамуға көмек көрсету» тек  қуатты елдердің қолынан  келетін іс емес.  Кейде  шағын ғана бір елдің алпауыт мемлекетке гумани­тар­лық көмек жасауға ниет танытқа­нын естиміз. Мәселен, 2020 жылы Қазақстанға 20 мемлекеттің үкіметі, 14 мемлекеттің қайырымдылық ұйымы  көмек көрсетті. Олардың қатарында  Қытай, Түркия, Жапония, АҚШ, Корея секілді қуатты елдермен қатар, Сербия, Моңғолия  сияқты даму жағынан тым алға оза қоймаған мемлекеттер де бар. Осынау мемлекеттерден  былтыр 10 миллион медициналық жабдық пен 100 мың данадан астам дәрі-дәрмек жеткізіліпті. Жалпы, былтыр Қазақ­стан­ға әлем елдерінен келген көмек 19,1 млн долларды құраған. Ең қызы­ғы, Қазақстанда коронавирус алғаш рет тіркелген 2020 жылдың 13 наурызы күні АҚШ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының гумани­тар­лық көмегі келген болатын. Міне,  мұның өзі  гуманитарлық көмек­тің ілтипат белгісі рөлін атқа­ратынын көрсетсе керек.  Алайда төтенше жағдайлар кезінде қол­ғабыс жасау кейде нақты қажет­тілікке байланысты болатыны бар. Дегенмен көп елдер  төтенше жағ­дайлар кезінде көмек сұрай қоймай­ды. Қазақстан көмек сұраған жағ­дайда жәрдем  жасауға әзір. Бірақ кейде сөз басында айтқанымыздай, ілтипат белгісі ретінде де қолғабыс ұсына­тыны бар. Мәселен,  биыл шілдеде Қазақстан Түркиядағы өртті сөн­діру­ге  көмек ретінде  құтқарушылар, өрт сөндіру­шілер және тікұшақтар жіберді. Сөйтіп, бауырлас елге тілеулес еке­німізді байқаттық. Ең қызы­ғы, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде Түркияға  ғана құтқарушылар жолдапты. Екі рет. Алғаш рет 1999 жылғы зілзала зардаптарын жою үшін жіберілсе,  екіншісі – биыл жаздағы өртті сөндіруге аттанған мамандар. Өзге ешбір елге төтенше жағдайлар кезінде  құтқару­шы жіберген емеспіз. Мұның өзі ел бас­шылығының азаматтардың басын қатерге тікпеуді көздейтінін біл­дірсе керек.

Көршілерге оқ-дәрі де береміз

Қазақстан өзге мемлекеттерге тауар, құрал-жабдық, дәрі-дәрмек түріндегі гуманитарлық көмек көр­сету­мен қатар, аймақтық қауіпсіз­дікті сақтау мақсатында кейде көршілерге оқ-дәрі мен әскери техника да жіберетіні бар. Әдетте пайдалану мерзімі аяқталуға таяған оқ-дәріні  көрші мемлекеттер әскер­лерінің пайдалануына мүмкіндік жасаймыз. Мәселен, 2015 жылғы 24 маусымда   қырғыз еліне қайтарым­сыз әскери-техникалық көмек көр­сету туралы екіжақты келісім жасалды. Қазақ тарапының жалғыз шарты–қырғыздар оқ-дәрі мен техниканы үшінші біреуге бермеуі тиіс. Өзге талап қойған жоқпыз. Сөйте тұра,  пайдалану мерзімі бітуге таяған оқ-дәрі беретінімізді Бішкекке ескерттік.  Ал 2016 жылғы қазанда Қырғыз Республикасына 5 миллион дана  патрон,  түтін гранатасы мен  қалбыр, С-75М3 зениттік зымыран кешенінің  қосалқы бөлшегін бердік. Ал 2021 жылғы ақпанда Қырғыз Республикасы  мен Тәжікстанға  әскери-техникалық көмек көрсе­тіле­тіні белгілі болды. Әдеттегідей қайтарымсыз негізде беруге бекіндік. Мәліметтерге қарағанда, Қазақ­стан 2021 жыл аяқталғанша  қырғыз еліне 6 млн патрон, 1 мың калибрі  122-мм болатын снаряд, 3 мың белгі беру патронын, 6 дана «Галактика» зымыран ату қондырғысын, 4 дана «Восток-СП»  дыбыс «аулау» қон­дыр­ғысын, 1 дана «Калина 12х80» антенна коммутаторын беруге келіс­кен. Ал Тәжікстанға  10 мың миномет снаряды, 20 мың зеңбірек снаряды, 3 млн дана автомат патроны берілетін болған. Біздің білуімізше,  осынау оқ-дәрі мен техника көрші­лерге әлі беріліп біткен жоқ. Әскери көмек демекші, біз де алып тұрамыз. Мәселен, 2014 жылы Ресей Қазақстанға С-300ПС  зениттік-зымыран кешенінің 5 дивизионын тегін берді. Түркия да 1990 жылдардың ортасында Қазақстан Әскери теңіз күштері құрылғанда бірнеше катер бергені бар. Яғни, бір-біріне сенетін мемлекеттердің қару-жарақ арқылы көмектесуі – қалыпты құбылыс. Бірақ мұны гуманитарлық көмек деп атау тағы қиын. Өйткені «алмақтың да салма­ғы» болады.

Ардақ СҰЛТАН