Көргені жаман көпті алдар
Көргені жаман көпті алдар
© коллаж: Елдар Қаба
157
оқылды

Қазақстанда жалған ақпарат таратқан адамға 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеуден бастап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін жаза қарастырылған. Әйтсе де, басым көпшілік оның қылмыстық жауапты­лығынан бейхабар. Жалған хабарламалар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде, әсіресе апатты және төтенше жағдайлар кезінде тіпті қаптап кетеді.

Алаяқтар әлеужеліні ұтымды пайдаланады

Техника дамыған заманда ин­тер­нет арқылы алаяқтық жасау­шы­лардың қатары көбейді. Қазір же­ліні жаулаған жарнамалардың қай­сысы рас, қайсысы жалған еке­нін айыра алмайсыз. Жалған жар­намалардың ба­ғыты да, маз­мұны да әр алуан, тек көздеген мақсаты бір – жұртты ал­дап, ақша табу. Ең сора­қысы сол, кейінгі кездері жұ­мыс ұсынатын порталдарда есірткі та­сымалдаушылардың ақпараты өріп жүр. «Есірткі бизнесімен айналысатындар жұмыс іздеп жүрген жандарды осылай өз қақпанына түсіріп алуға тырысады. Бізге мұндай шағыммен келетіндер өте көп. Мұндай жарнаманың арбауына жасөс­пірімдер түгілі ересек адамдардың өздері де ілігіп қалуы оңай. Олар адамдардың ша­расыздығын ұтымды пайдаланады. Сон­дықтан мұндай жарнамалардың арба­уына түспеу үшін жұмысты тек ресми сайт­тардан қарастыру керек», – дейді пси­холог Лимана Қойшиева. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция де­партаментінің Есірткі қылмысына қар­сы күрес басқармасының бастығы, по­лиция полковнигі Олжас Жарылғаповтың ай­туын­ша, есірткі сатумен айналысатын қыл­мыстық топтар интернет мүмкін­дік­те­рін де кеңінен пайдаланатынын айта ке­ліп, тек кейінгі кезде заңға қайшы жұ­мыс істеп тұрған 5 сайттың жабылғанын жеткізді. Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі ин­тер­неттен вакцина құжатын сатуға қа­тыс­ты 46 жалған жарнаманы анықтаған. Қазір арнайы мониторинг тобы интернетті мұ­қият зерттеп отыр. Арасында шетелдік ха­бар­ландырулар да бар. Мысалы, ресейлік жал­ған сертификаттар 20 мың рубльге ба­ғаланса, Үндістанда 5 мың рупийден ұсы­нылады. Сондай-ақ бұл хабарлан­ды­рулар алдын ала төлемді талап етеді. Тек­серу ке­зінде алаяқтардың шетелдік банк­тердің кар­таларын қолданатыны анықталды.

Жарнама беруші оның мәтініне жауапты

Жалған жарнама берумен жаһандық бренд иелері де шімірікпей айналысады. Мәселен, 2019 жылы антиперспирант өнім­дерін сататын «Юнилевер Қазақстан» ЖШС (Rexona бренді) үстінен жұртшы­лық­тан шағым түскен соң оны тексерген Алматы қалалық Монополияға қарсы департаменті жарнамада көрсетілген деректерінің жалған екенін анықтаған. Атап айтқанда, жарнама жазбасындағы «қолтықтың терлеуін тоқтатып, жағымсыз иістен 10 есе жақсы қорғайды» деген мә­лімдеме микробиологиялық in-vitro тест нәтижелері бойынша алынған деректерге сәйкес келмепті. Осыған орай Монополияға қарсы де­партамент «Юнилевер Қазақстан» ЖШС атына жосықсыз бәсекелестікті тоқтату және алдағы уақытта Қазақстанның бәсе­келестікті қорғау заңнамасын бұзуға жол бермеу туралы хабарлама жолдаған. Со­ның нәтижесінде заң талаптары орын­да­лып, жарнамада жазылған өтірік мағлұмат өшіріліп, оның орнына өнімнің қаптама­сына зерттеу нәтижесінде алынған нақты деректер көрсетілді. Сондай-ақ «Байерсдорф Қазақстан» ЖШС-да өзінің өніміне қатысты жарна­мада дәл осындай жалған ақпарат берген. Оның жарнамалық мате­риалдарында: «Nivea қара және ақ көрі­н­бейтін» анти­перспиранты «Дақтарға қарсы әлемдегі №1 антиперспирант» деп мәлім­дел­ген, алайда микробиологиялық in-vitro тест мұның шындыққа жанаспайтыны анық­таған. Сөйтіп, «Байерсдорф Қазақстан» ЖШС-на да Қазақстан заңнамасын бұ­зуды тоқтату және алдағы уақытта жол бермеу туралы хабарлама жолданған. Алайда компания хабарламаны орын­дамаған. Сондықтан Монополияға қарсы департамент тергеу жүргізді. Осы іс бо­йын­ша соттасу 1,5 жылға созылды. Ақыры Ал­маты қалалық соты департаменттің нұсқа­масын заңды деп таныды. Сол себеп­ті «Ба­йерсдорф Қазақстан» ЖШС өз өні­мінен жалған ақпаратты жоюға мәжбүр болды. «Қазір «жұмбақ» хабарламалар көбейіп кетті. Әсіресе, дерттен құлан-таза айық­тыратын дәрі-дәрмекті ұсыну жиілеген. Сондай жарнамалардың бірі – желіні шулатқан «Кардитонус» дәрісі жайлы. Онда «Бұл бүкіл әлемде адамның жүрек-қантамыр жүйесін реттеп, құлан-таза емдей алатын жалғыз дәрі» деп жазылған екен. 50 мың теңге тұратын дәріні Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықтың есебінен тегін таратамыз деп те көрсе­тілген»,– дейді Тұтынушылар құқығын қорғау қауым­дас­тығының төрайымы Надежда Дубовая. Осыған орай құқық қорғаушы Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығына хабарласып, «Препарат жайлы жазылған мәлімет шындыққа жанаса ма, жоқ па?» деп сұрағанында қызметкерлер оның жал­ған ақпарат екенін айтқан және сайтта көрсетілген мамандар орталықта жұмыс істемейтін болып шыққан. Ал енді ел-жұртты ақша тігіп, лотерея ойындарын ойнауға жарнамалаған Ақбота Керімбекова, Роза Әлқожа, Бүркіт пен Ай­ша, Жазира мен Жанболат, Ернар Ай­дар сияқты әншілерге қатысты атышулы оқиға өз алдына бір төбе. Бір өкініштісі, халықты тіс қаққан алаяқтардың алдап жүргені аздай, олардың қатарына өнер адамдары­ның да қосылды. Әншілер жарнамалаған гивке қатысқан адамдардың әрқайсысы 300 мың теңгеден 6,5 миллион теңгеге дейін ақша­сын жо­ғалтқан. Бар мәселе, әншілердің өздерін алдап кетті ме, әлде елді олар қасақана ал­дады ма, бұл жағы түсініксіз. Істің ақы­рына әлі нүкте қойылған жоқ, ал көпшілік оның соңы сиырқұйымшақтанып, құмға сіңген судай болып кете ме деп қауіптенеді. Қалай болғанда да, әншілер әлі күнге дейін жазаға тартылған жоқ. Ке­рісінше, алданған жұрттың мүддесін қор­ғаған Тілеужан Кіш­кенебаевты сот лицен­зиясынан айырды.

Жалған ақпарат таратқандар жазаланады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың желтоқсанында Қыл­мыстық кодекстің 130-бабын («Жала жа­бу») қылмыс деп танымау және оны Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдағанын жариялады. Егер бұған дейін күдіктінің біреуге жа­ла жапқаны дәлелденсе, оны Қылмыстық кодекс бойынша жазаға тартатын. Енді жала жабудың жазасы жеңілдеді, бірақ Қылмыстық кодекстегі «Көрінеу жалған сөз жеткізу» бабы бойынша жауапкершілік күшейді. Бұған дейін жалған арыз берген адам 3 жылдан 7 жылға дейін сотталса, енді 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Заңгер Болатбек Ержанның айтуынша, жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде (274-бапқа сәйкес) қарас­тырыла бастаған. Жоғарғы Соттың ақпа­раттық базасындағы мәліметтеріне жүгін­сек, содан бері осы бап бойынша 10 адам істі болыпты. Бұл жағдайда жалған ақпа­раттың азаматтарға қаншалықты зардабын тигізгені, қоғамды қаншалықты дүрбелең­ге салып қойғаны, оның салдарының қандай болғанының маңызы шешуші рөл атқарады. Мысалы, 2019 жылғы Арыс қала­сын­дағы оқ-дәрі қоймасының жарылуына байланысты WhatsApp чатында жалған аудиожазба таратқан жергілікті тұрғын сот үкімімен 3,5 жыл бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді. 2016 жылы жерге қатысты митингілер кезінде Facebook-те ол оқиғаларға түк қа­тысы жоқ фотосуреттерді «Қызылорда қа­ла­сындағы митинг» деп жариялаған аза­матқа 2 жылға бас бостандығынан шектеу үкімі шығарылды. Ал 2017 жылы YouTube сервисінде тұрғын үйлердің біреуі құлағаны жайлы видео таратқан Семей тұрғыны 2,5 жылға жүріп-тұру еркіндігінен шектелген. Сондай-ақ жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекомму­никация желілерін пайдалана отырып, әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тек­тік-топтық немесе дiни алауыздықты қоз­дыруға бағытталған ақпарат үшін екi жыл­дан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бос­тандығын шектеу не сол мерзiмге бас бос­тандығынан айыру жазасы қарас­ты­рылған. Ал терроризм актiсi туралы көрi­неу жалған хабар таратқан айыптыға 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады не­месе бес жылға дейін бас бостандығын шек­теу, әйтпесе сол мерзімге бас бос­тан­дығынан айыру жазасы қолданылады. «Азаматтар фейк, көпе-көрінеу жалған деректерді таратқаны үшін қылмыстық жа­уапкершілікке тартылатынын білуі тиіс. Заңды білмеу заңды жазадан босатпайды. Ол мессенджерлердегі шағын топ­та жарияланса да, қылмыстық әрекет болып саналады», – дейді заңгер Болатбек Ержан.

 Сөз соңы. Қазір әлеуметтік желіде жүл­­деге көлік пен пәтер, тағы да басқа құн­ды сыйлықтар ойнататын лотерея жарна­масы өріп жүр. Әдетте болары болып, бояуы сіңгеннен кейін ғана аттандап шыға­тын құзырлы органдар әзірге тағы да үнсіз. Олар алаяқтар мен аңқаулардың арасындағы ойын қай жақтың пайдасына шешілер екен деп сырттай тамашалап отырған сияқты.

Дәулет АСАУ