Семей қоқысқа толып барады
Семей қоқысқа толып барады
281
оқылды

Жақында Семейдегі қала тазалығына жауапты мекеме­лердің бірі «Семей тазалық» ЖШС-нің бір топ қызметкер­лері 4 күн қатарынан жұмысқа шықпай, шаһардағы үйлердің аулалары қоқысқа толып, тұрғындар ша­ғым­данған еді. Қаладағы үйлердің 70 пайызына қызмет көрсететін кә­сіп­орын жұмысшы­лары­ның өз  міндетін атқарудан бас тартуына не себеп болды?

70 мың жалақы неге жетеді?

Жұмысқа шықпаған  қызметкерлер өздерін толғандырған мәселелерді қозғап, басшылыққа өз талаптарын қойды. Олардың айтуынша, айлықтары өте төмен, жалақы бірнеше жылдан бері көтерілмеген. «Айлығымыз шайлығымызға жетпейді. Аула сыпырып, қоқыс тазалаймыз. Алатынымыз – бар-жоғы 70 мыңның ар жақ, бер жағы. Бұл неге жетеді? Азық-түлік күннен-күнге қымбаттап барады. Арамызда пәтер жалдап тұратындар бар. Төлейтін несиеміз және бар», – дейді компания қызметкері Иван Васильев. «Қазір бізден бәрі кетіп жатыр. 70-100 мың теңгеге өмір сүріп, бала-шағаңызды асырап көріңіз», – дейді осында жүргізуші болып жұмыс істейтін Сергей Гриппа. «Тарифті көтеріп, жұмыс жағдайымызды жақсартсын. Жуынатын жер жасап берсін. Жалақыны өсіріп, арнайы киім берсе жұмысшылар келеді», – дейді компанияның тағы бір қызметкері Александр Екібаев.

2 жылдан бері киім алған жоқпыз

Ал «Семей тазалық» ЖШС директоры Бекжан Қапышевтің өзі не дейді? Телефон арқылы хабарласып, сөйлес­кенімізде қызмет­керлердің 4 күн жұ­мыс­қа шықпағанын растап, 25 қазан­нан бастап жалақыларын 50 пайызға көтеру жөнінде бұйрық шығарғанын жеткізді. «Былтыр 70 мың көлемінде жалақы алғаны рас. Биыл жаз кезінде жалақыларын көтеріп, 100 мың теңге­ден асырдым. Жасыратыны жоқ, «тариф көтерілсе, жалақыларыңды көте­рем» деп уәде бергенім де рас. Бірақ қалалық әкімдік тарифті көтермеді. Тариф құнын өсіру жөнінде қала әкім­дігіне талай рет ұсыныс айттық. Қала­лық мәслихат депутаттары бірер рет тарифті көтеру туралы шешім қабыл­дап, артынша оның күшін жойды. Сенесіздер ме, сенбейсіздер ме, еліміздегі ең арзан тариф бізде. Бар болғаны адам басына – 190 теңге. Жұмысшы­ларды түсінемін. Талаптары орынды. Жұмыстары ауыр. Бұл тығырықтан шығу үшін тариф құнын өсіру керек»,– дейді ол. Бекжан Қапышев 260 қызметкері бар кәсіпорында қордаланған мәселе­лер­дің бар екенін жасырмады. Оның айтуынша, қызмет­керлердің жуынатын орнын жаңарту қажет. Еуропалық стандарттарға сәйкес келмейді. Жұмыс­шы­лардың киетін формалары да екі жылдан бері алынбаған. Себебі бір комплекті киімнің өзі 40 мың теңгеге шығады. «Жасырмаймыз, кәсіпорында осындай мәселелер бар. Әкімдік тарифті көтерсе бұл мәселелер біртіндеп шешімін табады деп ойлаймыз. Тұр­ғын­­дармен де жұмыс істеу керек.  Үйде төрт кісі тұрса, пропискада бір ғана кісі деп көрсетіп, бір адамға ғана төлейді. Көбі қызмет ақысын төлегісі келмейді. Қашады, тығылады. Тағы бір мәселе, қалада қоқыс контейнерлері жетпейді. Көбі ескірген. Бір үйде 3-4 контейнер тұрады. Кешке дейін толып қалады.  Алматы­дағыдай еуроконтейнерлер қой­са жақсы болар еді», – дейді Б.Қапышев. Тариф құнын өсіруге байланысты Семей қалалық әкімдігінің өкілдері не дейді? Шенеуніктер бұл мәселеден хабардар ма? Семей қалалық ақпарат­тық орталығының таратқан ақпаратына сүйенсек, шаһарда қоқыс шығару­мен 8 компания шұғылданады. Олар 1 400 көппәтерлі, 8 500 жеке сектордағы үйлер­ге, 4 284 заңды тұлғаға қызмет көр­­сетеді. Қазір ай сайынғы тариф құны бір адамға абат­тандырылған үй­лер­ге 190, абаттандырылмаған үйлерге – 346 теңге. Заңды тұлғаларға 1 шаршы метрге – 1 284 теңге. «Қала әкімі тез арада жаңа тарифті есептеу жөнінде тапсырма берді. Тұрмыстық қатты қал­дықтарды жинау, өңдеу, сұрыптау және тариф құнын реттеу үшін арнайы жұ­мыс тобы құрылды. Тарифтерді әзірлеу саласында тәжірибесі бар «ЕРАЙ СЕРВИС» ЖШС сарапшы ұйым ретінде шақырылды. Бұл жұмыстарды 10 жел­тоқ­санға дейін аяқтау жоспарланған»,– делінген ақпараттық орталық ұсын­ған мәліметте.

7 миллиард емес, 2 миллиард теңгеге салуға болады

Орайы келгенде айта кетейік, бұл – Семейдегі қоқысқа қатысты алғашқы дау емес. Жыл басында «Келешек» көпсалалы эксплу­атациялық кәсіпорны директорының міндетін атқарушы Мақсұт Нығметов облыс әкімдігінің Семейде қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін полигонды салу жобасына қарсылық білдіріп, құжатқа қол қоюдан бас тартқан болатын. Облыс әкімдігінің есебінше, полигон құрылысына жалпы сомасы 6,8 миллиард теңге қаражат қажет. Оның 3,8 миллиард теңгесін Еуропалық қайта құру және даму банкінен несиеге алу көзделген. Мақсұт Нығметов мұндай қаражатқа полигон салудың тиімсіз екенін, мұның соңы тариф құнының 15 есеге дейін өсуіне әкеп соғатынын, бұл халықтың қалта­сын қағатынын айтып, дабыл қаққан еді. Кейін осы пікірлері үшін жұмыстан шығып қалғанын да мәлімдеген. «Бірден айтайын, Семейге жаңа қоқыс полигоны керек. Оған дау жоқ. Қала­дағы полигонның жұмыс істегеніне 40 жылдан асты. Ескірді. Бұл тараптағы облыс басшылығының ұстанымын қол­даймын. Бірақ мен мұндай мол қара­жатқа полигон салынғанын қаламай­мын. Бұл жемқорлыққа жол ашады. Еуропалық қайта құру және даму банкімен келісілген қоқысты жинау мен оны жоюдың бастапқы бағасы 2021 жылға 1 374 теңге, алайда бұл тариф 2025 жылы 21 670 теңгеге жетуі мүмкін. 15 есе деп отырғаным – осы. Бір ғана мысал айтайын, Батыс Қазақстан облысында аумағы 4,88 гектар қоқыс по­ли­гоны 200 миллион теңгеге салын­ған. Орта есеппен полигонның 1 гектары 40 млн теңгеден сәл асады. Ал мына банк әр гектарына 478 млн теңгеден есептеп отыр. Бұлай болмайды. Мен әлі де сол пікірдемін. Несие алмай-ақ қала мен облыс бюджетінен ақша бөліп, 7 миллиард теңгеге емес, 2 миллиард теңгеге қоқыс полигонын салуға болады», – деді Мақсұт Нығметов телефон арқылы сөйлескенімізде. Облыс әкімдігі өкілдері сол кезде өз пікірлерін білдіріп, Нығметовтің айтқандарымен келіспейтінін жеткізген еді. Шығыс Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық басқармасы басты­ғының орынбасары Нұрлан Рамазанов: «Қоқыс тарифінің 21 мың теңге болатыны туралы әңгіме шындыққа жанаспайды. Тұрғындар үшін орташа тариф қабылданады, яғни 2023 жылы қоқыс үшін бір адамнан 320 теңге, ал 2025 жылы 450 теңге алынады. Орташа дегеніміз жекеменшік үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлер тұрғындары деп бөлінеді», – деген еді сол кезде.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы