Көкшетауда көмір тапшы

Көкшетауда көмір тапшы

Қылышын сүйреткен қыс таяп қалса да, Көкшетауда көмір тапшылығы қатты сезіліп тұр. Жекеменшік тұрғын үйлерде тұратын жұрт екі айдан бері көмір ала алмай, әуре-сарсаңға түскен. Әсіресе, соңғы шақта көмір үшін айлап кезек алып күткендер қара суықта дірдектеп, жылусыз қаламыз ба деп қауіптенеді.

Ал қара отын жеткізілетін Солтүстік өндірістік аймақтағы теміржол тұйықтарында жұрттың көпшілігі алатын «Шұбаркөл» кө­мірі мүлде жоқ. Қала жұртшы­лығы көмірдің жоқтығы қолдан жасалып жатыр деген пікірде. Ал жергілікті билік қалада көмірдің жеткілікті екеніне сенімді. Еліміз әлемде көмір өндіруде алғашқы ондыққа кіретіні белгілі. Ал ТМД елдері ішінде қара отын қоры жөнінен үздік үштікті түйіндейді. Ресми деректерге сенсек, еліміз­де тек биыл 19,4 миллион тонна көмірді экспортқа шығарған. Алайда еліміздің ішкі нарығында көмір жетіспей жатыр. Қай аймақ болмасын көмірдің қасқалдақтың қанынан қат болып жатқанын айтып, алақанын жайып отыр.

Көмір дүрбелеңі басылмай тұр...

Көкшетауда да қыс басталар шақта көмір үшін дүрбелең жағдай жылда қайталанады. Тұрғындар тәуліктеп тіпті апталап көмір тұйықтарында қона кезекте жатып көмір алуға әрекеттенеді. Алайда вагоннан түскен көмір лезде ту-талақай болып, бірер сағаттың ішінде жым-жылас жоқ болады. Осыдан екі апта бұрын қара отын қоры облыс орта­лығында бар-жоғы 40 тонна болса қазір мүлде жоқ болып шықты. «Көмір мүлде жоқ. Қашан келетінінен хабарымыз жоқ. Біз тек «Шұбаркөл» көмірін сатамыз. Бағасы тоннасына – 13 600 теңге. Қазір қалада мүлдем көмір болмай жатыр»,– дейді Солтүстік өндірістік аймағы ЖБИ тұйығындағы көмір сату диспетчері. Қала тұрғындары да көмір алу үшін арпалыстың қызып тұрғанын айтып алаң­дай­ды. Айлап кезекке тұрса да көмір ала алмай жүргендердің баршылық. «Қыркүйектің басында-ақ кезекке 45-ші болып тұрғанмын. Бірақ араға бірнеше апта өткенімен, кезегім жылжымай, келген көмір таусылып қалды. Тамыр-танысы мен құда-жегжатын жағалағандар кезексіз алып кетеді. Сатып алуға барсам, ұп-ұсақ шаңға толы қалдықтарын ұсынды. Оны сатып алып қайтпекпін? Содан өткен аптада көмір тұйығына барып кезекке тұрдым. Алдымда 30 адам тұрды. Ер адамдармен арпалысып, жүйкемді жұқартып жүріп әзер дегенде көмірді алып қайттым. Менен кейін кезекте тұрған көп көліктің қаңтарылып бос қайтқанын анық байқадым. Меніңше, бұл тапшылықты әдейі туындатып жатқандар бар сияқты. Көмір қат болып сұраныс көбейгесін бағасы да артады», – дейді қала тұрғыны  Сәния Көпжасарова.

Әкімдіктегілер көмір қоры жеткілікті екенін айтады

Тұрғындар көмірдің айналасында үлкен дүрбелең туындағанын айтып шырылдағаны­мен, жергілікті билік пен тиісті органдар көмірдің жеткілікті екенін айтып міз бақпай отыр. Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, облыс жыл сайын шамамен 622 мың тонна көмір тұтынады. Өңірде көмір сататын 56 сату пункті бар. «Биыл көмірдің орташа құны былтыр­ғымен бір деңгейде болып, шамамен тоннасына 13 200 теңгені құрады. Қазір Шұбаркөл – 15 500, Қаражыра – 14 750, Майкүбі – 12 700, Богатырь көмірі 9 700 теңгеден сатылып жатыр. Қазір сату бекеттеріндегі жалпы көмірдің қоры 40 мың тоннадай болады. Күн сайын 1 000-1 200 тоннадан сатылып жатыр. Халықтың жоғары сұранысы мен вагон жеткізіліміндегі үзілістерге байланысты «Шұбаркөл» көмірінің аздап жетіспеушілігі байқалады. Аталған мәселені шешу үшін «Қазақстан Темір жолы – Жүк тасымалы» акционерлік қоғамымен уақытында жеткізу жөнінде бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Шұбаркөл көмірі тұрақты жеткізілгенімен, ол тез арада сатылып кетіп жатыр», – дейді Ақмола облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Біржан Әбдірах­манов. Ведомствоның мәліметінше, аудандар мен қалалық әкімдікте тұйықтардағы көмір қоры туралы халыққа түсіндіру жұмысын жүргізу үшін жедел желілер ашылған. Көкшетау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің ақпаратына сәйкес, 26 қазандағы жағдай бойынша қалада 40 мың тонна көмір қоры оның ішінде 1 380 тонна – Шұбаркөл, 580 тонна – Богатырь, 848 тонна – Майкүбі,  800 тонна Қорғалжын көмірі бар.

P.S.

Билік өкілдері көмірдің жеткілікті екенін айтып желпінгенімен, азаматтар көмір таппай зар илеп тұр. Мәселе қалай шешілмек? Тез ара­да тиісті әрекет жасалмаса, қара отынның қымбатшылығы одан сайын халықтың қалта­сына бататыны анық сияқты...

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы