Алма атасының қадіріне жете алып жүрміз бе?
Алма атасының қадіріне жете алып жүрміз бе?
0
353
оқылды

Бұл алманың атауы сонау 1796 жылы аталмыш алманы сипаттаған Ресей ботанигі Иоганн Сиверстің құрметіне қойылған. Ғалымдардың сөзінше, Сиверс алмасы ғаламшардағы барлық алма атаулының атасына баланып кеткен. 65 миллион жылдық тарихы бар жемістің бүкіл әлемге таралуына Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттықтың да тікелей ықпалы бар деседі. Ағылшындық Оксфорд университетінің биолог мамандары жаңа технологиялар арқылы алманың ДНК-сын зерттей келе, британдық алманың сұрыптары да қазақстандық алмалардан тарағанын дәлелдеген.

«National Geographic» журналына жарияланған «The History of the «Forbidden Fruit» атты мақалада батыс мәдениеті мен өнерінде алма сияқты көп айтылған жеміс түрі жоқ екені жазылған. Алма туралы әдебиет, ғылымдағы аңыздардың санынан шатасуға болады. Тіпті бұл жеміс әлемдегі бірқатар діндердің тарихында да бар. Әсіресе діни кітаптарда алманың жұмақта өсетіні жайлы деректер жетіп артылады. Қазақ аңыз-әпсаналарында да желмаясына мініп, жерұйығын іздеген Асан қайғының өзі Алматы қаласына барып, табиғатына тамсанып, алманы көріп, дәмін татып тамсанғаны туралы деректер кездеседі.

Сиверс алма ағашынан бөлек жер жүзінде 30-ға жуық жабайы алма ағашының түрі бар. Ал Қазақстанда жабайы алманың 131 тұқымы таралған. Сиверс бағалы ағашы тау беткейлерін бекітуші, көптеген мәдени сорттың жабайы туысы. Жақсы бал жинаушы, тығыз өскен алма ағаштары бір гектардан 25-40 кг бал береді. Жайылмалы өседі, кейде домалақтанып жинақы келеді. Сондай-ақ бұл жеміс түрінің өте бағалы емдік қасиеті де бар. Дәрігерлер оның жемісін ішек-қарын және авитаминоз ауруларынан тезірек жазылу үшін жеуге кеңес береді. Емдік сапасы жағынан Сиверс алмасы өзге алмаларға қарағанда пайдалы. Олар ыстыққа да, суыққа да төзімді келеді және витаминді сорттар шығаруда селекциялық мәні өте жоғары.

Мамандардың сөзінше, Сиверс алмасын сақтау арқылы, жүйелі түрде барлық жеміс түрін қорғауға болады. Алматының символына айналған алма бақтарының саны бүгінде айтарлықтай азайған. Жемістің кейбір сорттары тіпті жойылудың алдында тұр. Осы ретте, жойылып кету қаупі бар жабайы жеміс бақтарының биоалуантүрлілігін сақтау үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатқанын баяндайық. Қазіргі таңда Сиверс алмасын зерттеуді тұрақты жүргізіп келе жатқан аз ұйымның бірі Caspian University жоғарғы оқу орны өздерінің оқу әдістемесіне Service Learning пәнін енгізіп, 2017 жылдан бастап сирек кездесетін алма түріне бақылау жүргізетін мамандар даярлайды. Бұл жұмыстарды олар «Халықаралық Сиверс алмасын сақтау қорымен» бірге жүзеге асырып отыр. Айтпақшы, бұл жобаға халықаралық ұйым тікелей араласады. Солардың бастамасымен Іле және Жоңғар Алатауындағы Сиверс алмасы өсетін екі бақ ерекше бақылауға алынған. Онда қазіргі уақытта өнім беріп  тұрған 4 мыңнан астам Сиверс алма ағашы бар.

– Студенттер Іле Алатауына, Жоңғар Алатауына барып, алма ағаштарын чип қоятын арнайы аспаппен белгілеп, сынамаға үлгілер алып, идентификациялық анализдер жасап, каталогқа енгізіп қойды. Барлығын құжатқа түсіріп, картаға белгілеп, уақытын, тұрған жерлерін, жағдайын – барлығын жазады. Одан бөлек, жемістердің күтімін қадағалайды, – дейді Caspian University-нің Академиялық даму жөніндегі проректоры Оксана Киричок.

Осыдан бірер жыл бұрын аталған ЖОО бұл бағытта үлкен жетістіктерге жеткен. Нақтырақ айтқанда, академик Аймақ Жанғалиевтің Сиверс алмасының генетикалық коллекциясын елімізге қайта алып келген. Оны 1997 жылы Корнельский университеті алып кеткен болатын. Ал осы коллекцияның түрлі сорттағы алма ағашынан тұратын 200 элиталық ағаш 2012 жылы Алматыдағы Ботаникалық бақта өрт болған кезде жойылып кеткен. Елге қайтарылған коллекцияда осы ағаштардың тұқымдары бар еді. Енді қолға түскен соң, ондағы тұқымдар қайта өсіріліп, көшет болғаннан кейін қайтадан егіліп жатыр.    width= Мамандар Қазақстанда күні бүгінге дейін сақталған Сиверс алмасының генетикалық қоры алма сорттарының өнімділігін арттыру мақсатында жұмыстарын тоқтатқан емес. Атап айтқанда, Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институтының ғалымы Б.Мәмбетованың жетекшілігімен Қазақстанның оңтүстік-шығыс орманды алқаптарында жабайы жеміс ағаштарын қалпына келтірудің технологиясы әзірленді. Қазіргі кезде аталмыш ғылыми-зерттеу институттың ғалымдары Қазақстанның ормандарында өсетін жабайы Сиверс алмасын жан-жақты зерттеп, белгіленген аймақта кең таралуына күш салып келеді. Өз кезегінде Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми зерттеу институтында да арнайы тұқымдық учаскелерінде ғалымдар тұрақты түрде мониторинг жасайды. Атап айтқанда, алманың жаңа сұрыптарын алу, өсімдік зиянкестерінің пайда болуы себептері, оларды жою жолдары, алма ағашын табиғи жолмен сақтап қалу және т.б. жұмыстар жүргізіледі. Ғалымдардың есебінше, қазіргі таңда алманың атасы саналатын жемістің Тарбағатайда 297,2 гектар жерге таралса, Іле Алатауының баурайында 5 496 гектар жерді, ал Жоңғар Алатауында 14 037 гектар аумақты алып жатыр. Сондай-ақ олар еліміздегі 15 селекциялық-генетикалық учаскеде 1932-2007 жылдар аралығында, яғни, 75 жыл бойына ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жабайы Сиверс алмасы Іле Алатауының баурайында 80 пайызға, Жоңғар Алатауында 28 пайызға қысқарғанына көз жеткізген. Бүгінде осы кемшілікті қалпына келтіру жұмыстары қолға алына бастады. Елімізде жабайы Сиверс алмасын сақтап қалу мақсатында тау бөктерінде, түрлі биіктік деңгейінде алма көшеттері отырғызылып жатыр. Алма көшеттерінің қасына ағашты және бұталы өсімдіктер – үйеңкі, долана, мойыл, сиырқарақаттар да қоса  егілуде. Көшеттердің өсіп, жетілу барысын зерттеген ғалымдар оның 24 пайызының әлсіздігін, ал 6 пайызының  қурап қалғанын байқаған. Сонымен қатар ғалымдар соңғы жылдары Сиверс алмасының дәні арқылы табиғи жағдайда өсіп-өнуі мүлде тоқтағанын алға тартуда. Республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Орталық Азия Өңірлік экологиялық орталығы басқару кеңесінің мүшесі, белгілі ғалым Құралай Кәрібаева «Егер алманың атасы жойылып кетсе, аз уақыттан кейін олардың басқа түрлері де жер бетінен жойылады» деп айтқан болатын. Сол себепті бұл ғаламдық проблеманы дүние жүзінің ғалымдары бірлесе шешкені жөн. Осы мақсатта Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми зерттеу институты 2-6 тамыз күндері «Алманың атамекеніне саяхат» атты бес күндік ғылыми экспедиция өткізді. «Жоңғар Алатауы ұлттық паркі» аумағында өткен экспедицияға институт ғалымдары, шетелдік әріптестер, экологтар және баспасөз өкілдері қатысты. Сапар алдында институтта өткен брифингте «Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми зерттеу институты» ЖШС директоры Серік Садықов іс-шараның мақсат-міндеті жөнінде айта келіп, алманың қазіргі мәдени сұрыптарын өсіруде жабайы алма ағаштарын сақтаудың маңызды екеніне тоқталған еді.    width= Сондай-ақ бағалы алма ағашын сақтау мақсатында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай аталған жоғарғы оқу орнындағы қалашықта Сиверс алма ағашын отырғызып, жаңа аумақты «Ғалымдар бағы» деп атағанын да еске сала кетейік. Өз кезегінде «Alma Qala» азаматтық бастамасы қозғалысының негізін қалаушы Ерлан Стамбеков «Қазақстанның қызыл кітабына еніп, жойылып кетудің алдында тұрған жеміс ағашын көбейтуге қолдау көрсеткені үшін ҚазҰУ-лықтарға ерекше алғысын білдірді. Иә, біз жоғарыда да атап өттік, Сиверс алмасы – Қызыл кітапқа енген жеміс түрі. Қазіргі таңда жабайы алма белдеуіне үлкен қауіп төніп тұрғанын да бірнеше рет сөз еттік. Экологиялық проблемалар, жаһандық жылыну, антропогендік фактор, бактериялық аурулар, өсімдік зиянкестері және басқа себептер Сиверс алмасы ормандарының жылдан-жылға азаюына, алма белдеуінің ескіруіне әкеп соғуда. Сондықтан ғалымдар бірегей алма бағын сақтап қалуға бүкіл қоғам назарын аударып, дабыл қағып әлек.

Биология ғылымдарының докторы, профессор, Сиверс алмасын сақтау жөніндегі Халықаралық қор құрылтайшылары, ғалымдар Қазақстанда жабайы алма бақтарын сақтап қалу дүние жүзі үшін маңызды екенін алға тартуда. Өйткені Қазақстандағы Сиверс алмасы әлем бойынша мәдени алма сұрыптарының негізгі көзі, түп-тамыры саналады. Сол себепті еуропалық әріптестер Сиверс алмасын сақтауға қатысты жобаларға қолдау танытуға әрқашан даяр.

Жалпы отандық биолог және ботаник ғалымдар Сиверс алмасын сақтау бағытында жүйелі зерттеу жұмыстарын бір кісідей жүргізіп-ақ жатыр. Іле Алатауы бөктерлерінде түрлі себептермен жабайы алма ағаштары өсетін табиғи ареалдың көлемінің азаюына байланысты, ендігі міндет – Жоңғар Алатауы аумағындағы Сиверс алмасын осы қалпында сақтау өзекті болып тұр. Бұл ретте ғылыми-зерттеу мекемелерінде гендік қор банкін қалыптастыру да аса маңызды. Ол үшін мемлекет және қоғам тарапынан тиісті назар аударылуы, ғалымдарға қаржылай қолдау көрсету мәселесі күн тәртібіне енгізілуі керек.

Қорыта айтқанда, бұл істе «қолымызды мезгілінен кеш сермемей», «алтынымызды» қолда бар кезде бағаласақ екен. Себебі, санаулы байлығымызды сақтай алмай өкінген бізге ешқандай пайда әкелмейді.