Автобустар қауіпті болып барады
Автобустар қауіпті болып барады

Кейінгі кезде әр қалада автобустардың өртенуі, адам қағуы, жүргізу­шіле­рі­нің жолаушыларды ұру оқи­ғалары жаңалықтарға жиі ілігіп жүр. Бұған қоғамдық кө­ліктердің қызмет сапа­сының құлдырауы, автобус парктеріндегі ереуілдер қосылды. Осы орайда рес­публиканың барлық өңірін қамтыған «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы да заң­бұзушылықтар көбейге­нін растады.

ИИДМ Көлік комитетінің аумақтық көліктік бақылау ор­гандары Экология министрлі­гінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетімен, Әкім­шілік полициямен, Мемкірістер коми­тетімен және жергілікті әкімдік­термен бірлесіп, 2021 жылғы 20 қыркүйек пен 20 қазан аралы­ғында «Автобус» кешенді жедел-профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырды. Оның бары­сын­да тексерілген 877 автобус пен шағын автобустың 496-сы заң­бұзушылықпен пайдаланылғаны анықталды. Заңбұзушылық фак­тілері бо­йынша 612 әкімшілік хаттама толтырылды. «Негізгі бұзушылықтарға автобустар мен миниавтобус­тар­дың санитарлық жағдайының на­шарлығы, жабдықталуы тұр­ғысынан «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен жүк тасымалдау қағидалары» талаптарын сақта­мауы жатады. Сондай-ақ «Авто­мобиль көлігі туралы» заңының талаптарын сақтамай, шет мем­лекетте тіркелген автокөлік құ­ралдарымен жолаушыларды та­сымалдаудың 15 фактісі, тір­кеу­сіз және рұқсатсыз жолаушы­лар мен жүк заңсыз тасы­мал­дау­дың 30 жағдайы анықталды», – деп хабарлады Индустрия министрлігі. Бұзушылыққа жол берген тасымалдаушылар мен жүргізу­шілер әкімшілік жазаға тар­тылды. Аумақтық көліктік бақылау органдарының жолаушылар та­сымалы саласындағы бұзушы­лықтарды болдырмау және ал­дын алу жөніндегі жұмысы одан ары жалғасады.

Айхан ШӘРІП