Кейінгі кезде әр қалада автобустардың өртенуі, адам қағуы, жүргізушілерінің жолаушыларды ұру оқиғалары жаңалықтарға жиі ілігіп жүр. Бұған қоғамдық көліктердің қызмет сапасының құлдырауы, автобус парктеріндегі ереуілдер қосылды. Осы орайда республиканың барлық өңірін қамтыған «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы да заңбұзушылықтар көбейгенін растады.
ИИДМ Көлік комитетінің аумақтық көліктік бақылау органдары Экология министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетімен, Әкімшілік полициямен, Мемкірістер комитетімен және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, 2021 жылғы 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында «Автобус» кешенді жедел-профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырды. Оның барысында тексерілген 877 автобус пен шағын автобустың 496-сы заңбұзушылықпен пайдаланылғаны анықталды. Заңбұзушылық фактілері бойынша 612 әкімшілік хаттама толтырылды. «Негізгі бұзушылықтарға автобустар мен миниавтобустардың санитарлық жағдайының нашарлығы, жабдықталуы тұрғысынан «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен жүк тасымалдау қағидалары» талаптарын сақтамауы жатады. Сондай-ақ «Автомобиль көлігі туралы» заңының талаптарын сақтамай, шет мемлекетте тіркелген автокөлік құралдарымен жолаушыларды тасымалдаудың 15 фактісі, тіркеусіз және рұқсатсыз жолаушылар мен жүк заңсыз тасымалдаудың 30 жағдайы анықталды», – деп хабарлады Индустрия министрлігі. Бұзушылыққа жол берген тасымалдаушылар мен жүргізушілер әкімшілік жазаға тартылды. Аумақтық көліктік бақылау органдарының жолаушылар тасымалы саласындағы бұзушылықтарды болдырмау және алдын алу жөніндегі жұмысы одан ары жалғасады.Айхан ШӘРІП