Мән-мағынасы жоқ атаулар көп
Мән-мағынасы жоқ атаулар көп
272
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекен атауларының 35,7 пайызы қазақша атауға ие. Өңірде 5 қала және 635 ауыл бар болса, солардың 227-сі ғана ұлттық бірегейлік талабына сай. Ал 300-ге жуық көше, 33 ауыл мен 13 ауылдық округтің атауы идеологиялық тұрғыдан ес­кірген.  «Nur Otan» партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының жанындағы Miras қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында осы және басқа да өзекті мәселелер көтерілді.

Солтүстік Қазақстан облысын­да оно­мастика саласындағы өзекті мә­­селелер туралы есеп берген об­лыс­т­ық Мә­дениет, тілдерді дамыту жә­не ар­хив ісі басқармасы бас­шы­сының мін­детін атқарушы Досбол Әб­ді­ри­сов өңірде Қазақстан тари­хына еш қа­тысы және мән-ма­ғы­насы жоқ атау­лардың әлі де көп еке­нін мойын­дады. Оның айтуын­ша, бұған жер­гілік­ті атқарушы органдар тарапынан тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыс­тары­ның тиісті деңгейде жүр­гізілмеуі себеп. «Салдарынан жер­гілік­ті қо­ғам­дастық жиналысының күн тәр­тібіне шығарылған ұсыныс­тары қолдау таппай жатады. Мәсе­лен, биыл Ғабит Мүсірепов атын­да­ғы ауданда 100-ден аса көшені қайта атау бойынша өткізілген жиында тұрғындар 30 көшенің ғана атауын өзгертуді қолдаған. Сонымен қатар Мамлют ауданындағы Красноз­на­мен ауылдық округін және Крас­ноз­наменное ауылын қайта атау бойын­ша ұсынысты тұрғындар қол­да­мады», – деді Досбол Нұржа­нұлы. Кеңес мүшесі, жеке кәсіпкер Жо­март Омаров Ресейдің Қорған об­лысынан Омбы облысына дейін­гі күре­жолдың бойындағы Сол­түстік Қа­зақстан жерінде бірде-бір қа­зақ­ша елді мекен атауы жоқ еке­нін сын­ға алды. Әсіресе, «күре­жол­дың бойындағы Чапаев, Ле­нин, Астрахан ауылдарының атау­ларын шұғыл түрде өзгерту керек» деген ұсыныс жа­сады. «Бастауыш сыныпта оқитын ұлым «Чапаев деген кім?» деп сұрақ қойғанда, не деп жауап берерімді білмей, көзімді тайдырып әкеткен­нен басқа ама­лым жоқ. Кейінгі ұрпаққа қандай тәр­бие береміз? Қандай тұлғаларды ұлықтаймыз? Облыс орталығының дәл бүйірінде, қалаға кіреберісте тұрған ауылдардың атаулары әлі күнге дейін өзгермегені өзімізге ұят. Шетелдерден келген қо­нақтар осы­ны бетімізге басады», – деді Жо­март Жақсылықұлы. Тәуелсіздік жылдарында Сәбит Мұқановтың есімі берілген №32 орта мектеп қай­та тіркеуден өткен кезде жазу­шы­ның есімі алынып тасталғанын кеңес мүшесі Жанат Мұхаметжанов қынжыла жеткізді. Дегенмен ауызды қу шөппен сүр­туге болмайды. Тәуелсіздік жыл­дарында 1 қала, 10 аудан, 14 ауыл­дық округ, 60 ауыл, 300-ден астам көшенің атауы өзгертіліп, 30 нысанға Қазақстанға танымал тұл­ғаның есімі берілген. Кеңес мүше­лері күні кеше Алаш арыстарының есімдері берілген білім ошақ­тары­ның алдына олардың мүсіндерін орнату туралы ұсыныс жасады. Кеңес мүшелері топонимика са­ласында жұмыс жүргізіп, әр елді ме­кеннің, орман-көлдердің, төбе-шо­қылардың атауларының тари­хын зерттеп, кітап шығару керек де­­ген пікірін білдірді. Әрі бұл жұ­мыс­­қа, сонымен қатар тарихи-эт­ног­рафиялық экспедицияларға мек­теп оқушылары мен Солтүстік Қа­зақстан университетінің сту­дент­терін тарту керек деген ой ай­тыл­ды. Оқушы демекші, осы жиында айтылғандай, солтүстік өңірдегі оқушылардың тек 30 пайызы қазақ тілінде білім алуда. Соның ішінде өз­ге ұлттың 280 өкілі бар. Ал мем­лекеттік тілді меңгерген облыс хал­қының үлесі – 54 пайыз. Биыл­ғы тоғыз айындағы мемлекеттік тіл­дегі құжаттардың үлесі – 95,7 пайыз.

ЕСКЕРТКІШТЕРДІ НАСИХАТТАУ КЕРЕК

Miras қоғамдық кеңесінің оты­ры­сында сонымен қатар «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауал­ды бағ­дарламасында көрсетілген ру­ха­ният саласына қатысты ба­ғыт­тар­дың орындалу барысы қаралды. Тапсырманы орындау мақсатында Қы­зыл оба археологиялық ескерт­кі­шін танымал ету және дамыту бойын­ша жұмыстар жүргізілген. Биыл археологиялық ізденістерге жергілікті бюджеттен 784 мың тең­ге бөлінді. «Солтүстік Қазақстан об­лы­сының 2021-2025 жылдарға ар­налған тарихи-мәдени мұра­сы­ның археологиялық объектілерін ке­шенді зерттеу және музейлен­діру» жобасының тізіміне Қызыл оба кесенесі, Байқара археоло­гия­лық кешені және Ақ Ирий қала­шы­ғы енгізілген. Былтыр Қызыл оба ескерткішін ке­шенді зерттеу және музей­лен­діру­ге республикалық бюджеттен 55 миллион теңге қаржы бөлінген болатын. Осы қаржыға қыруар жұ­мыс атқарудың сәті түсті. Ең алды­мен, өңірдің қатал табиғи-климат­тық жағдайына байланысты орта­ға­сырлық сәулет ескерткішіне қор­ғаныс панасы салынды. «Алғаш рет жүргізілген бұл жұмыс ғалым­дар, сәулетшілер, құрылысшылар мен ескерткіштерді қорғау орган­дарының қызметкерлері үшін біре­гей тәжірибе саналатын. Бұл жұ­мыс ескерткішті кешенді зерттеуді жал­ғастыруға, табылған бірегей ар­тефактілерді сақтауға, туризмді да­мытуға мүмкіндік берді. Осы ны­санды музейлендіру Алтын Орда мұра­сын зерттеуге ықпал ететін маңыз­ды фактор болады», – деді об­лыстық Мәдениет, тілдерді да­мыту және архив ісі басқармасы бас­шысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірисов. Нысанның үсті­не жабық ғимарат орнату жұмысы бү­гінде аяқталып, ақпараттық стенд­тер орнатылды. Сондай-ақ 2022 жылы облыс­тың жарқын және маңызды архео­ло­гиялық ескерткіштерінің бірі «Бай­қара археологиялық кешені» сақ ғибадатханасының ашық аспан астындағы мұражай кешенін құру жос­парланған. Бұл мақсатқа рес­публикалық бюджеттен 55 миллион теңге бөлінген. Сонымен бірге «Nur Otan» пар­тия­сының сайлауалды бағдар­ла­масы аясында Ботай қонысына ғы­лыми-реставрациялау жұмыс­та­рын жүргізу қарастырылған. Бұған республикалық бюджеттен 9,8 мил­лион теңге бөлінді. Бүгінде «Бо­тай» мемлекеттік тарихи-мә­дени музей-қорығының визит-ор­талығы құрылысының тұжырым­дамасы бекітілді, инвестициялық жо­ба әзірленуде. Сапар-орталы­ғы­ның Ботай қонысынан қашықта орналасқан Лобаново ауылында са­лынатыны қаншалықты дұрыс не бұрыс екені осы кеңесте талқыға салынды. Сонымен бірге кезінде қыруар қаржы құйып, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің ауылында ашыл­ған мұражайына бүгінде қа­ты­найтын адам аяғы сирек екені ай­тылды. Жиынға қатысушылар му­зейдің жәдігерлерін облыс орта­лығына жеткізу туралы ұсынысын білдірді. Miras қоғамдық кеңесінің мү­ше­лері «Тарихи-мәдени мұра объек­тілерін сақтау жөніндегі ор­та­лық» КММ-нің не қаржысы, не кө­­лігі, не құрал-жабдығы жоқ еке­нін сынға алып, орталықты қар­жы­лан­дыру және тиісінше жабдықтау не­месе оны археологтері де, тарих­шы­лары да, тіл мамандары да бар Солтүстік Қазақстан универ­си­те­тіне өткізу мәселесін көтерді. Со­ны­м­ен қатар табылған артефак­ті­лер­ді сатып алуға бөлінетін қаржы кө­лемін ұлғайту керегі айтылды. Жиын қорытындысы бойынша тиісті мекемелерге ұсыныс жолдан­ды.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы