Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палата бюросы өтіп, онда Мәжілістің келесі жалпы отырысы күн тәртібінің жобасы қалыптастырылды. Оған сәйкес, алдағы аптадағы жиында депутаттар қарауына «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қарау ұсынылады.
Әзірлеушілердің дәйектеуінше, заң жобасы мемлекеттің және азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарды, оның ішінде азаматтардың әлеуметтік қауқарсыз санаттарын жазадан босатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ отырыста депутаттар бастамашы болған «Қазақстанның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа конституциялық заң жобасы және сот жүйесі мәселелеріне арналған заңнамалық түзетулер бірінші оқылымда қаралады деп жоспарланды. Бұған қоса, алдағы «Кейбір заңнамалық актілерге дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылау қарастырылған. Сондай-ақ бюро отырысында депутаттарға кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу және бәсекелестікті дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қарау ұсынылады.Айхан ШӘРІП