Халықаралық Түркі академиясында академик, қазақ антропологиясының негізін қалаушы Оразақ Смағұловтың Айнагүл Смағұловамен бірлесіп жазған «Қазақ халқы мен оның ататегіне орай антропологиялық очерктер» атты жаңа еңбегінің таныстыру рәсімі өтті.
Халықаралық Түркі академиясының жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне орайластыра ұйымдастырылған таныстырылымға Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия елдерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері, ҰҒА академигі Оразақ Смағұлов, мемлекет және қоғам қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Әділ Ахметов, Қуаныш Сұлтанов, белгілі ғалым Айнагүл Смағұлова, халықаралық ұйым басшылары, сонымен қатар депутаттар, дипломаттар, жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтарының басшылары, танымал түркологтер қатысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғы сөзімен жарық көрген іргелі еңбек Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған. Жаңалығы мол ғылыми еңбек төрт тілде – қазақ, түрік, ағылшын және орыс тілдерінде әрқайсысы жеке-жеке кітап ретінде басылып шықты. Кешенді антропологиялық зерттеу жұмыстарының қорытындылары негізге алынған бірегей басылымның лентасын Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев кесті.А.СҰЛТАН