France Football басылымына 2021 жылғы «Алтын доп» сыйлығының үміткерлері жарияланды. Аталмыш жүлде 29 қараша күні табысталады. Цюрихте өтетін салтанатты рәсімде «Алтын допты» қай футболшы алуы мүмкін?», «Кім жылдың үздік жүлдесіне лайық?» деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
«Алтын доптан» үмітті 10 футболшы да өз командаларын өрге сүйреп жүрген жандар және шеберлік турасында талас тудырмайтын тісқаққан ойыншылар. Олар – Лионель Месси (ПСЖ), Роберт Левандовский («Бавария»), Жоржиньо («Челси»), Н'Голо Канте («Челси»), Карим Бензема («Реал Мадрид»), Килиан Мбаппе (ПСЖ), Ромелу Лукаку («Челси»), Эрлинг Холанд («Боруссия Дортмунд»), Криштиану Роналду («Манчестер Юнайтед») және Кевин де Брюйне («Манчестер Сити»). Алайда негізгі бәсеке үш мықтының арасында өтері анық. Бұл жолы футбол жанкүйерлерінің басым бөлігі Месси мен Роналдуды осы жолғы «Алтын допқа» лайық емес деп санайды. Керісінше, әйгілі Favbet букмекерлік кеңсесінің сарапшылары жеңіске басты үміткер деп ПСЖ шабуылшысы Лионель Мессиді атап көрсеткен (коэффициент 1,55). Екінші орынға «Баварияның» шабуылшысы Роберт Левандовский жайғасқан – 3,00. Үздік үштікті Италия құрамасының сапында 2020 жылы Еуропа чемпионы атанған және клубпен бірге Чемпиондар лигасын жеңіп алған «Челсидің» жартылай қорғаушысы Жоржиньо (6,00 коэффициенті) түйіндеп тұр. Осы жүлденің бес дүркін иегері, «Манчестер Юнайтед» командасының 36 жастағы шабуылшысы Криштиану Роналдуды сарапшылар 10,00 коэффициентпен бесінші орынға қойған. Бір қызығы, жылдың ең беделді жүлдесін тапсыру рәсіміне бір айдан астам уақыт қалды, бірақ болашақ жеңімпаздың есімі қазірдің өзінде интернеттегі спорттық парақшаларда жүр. Онда польшалық сұрмерген Роберт Левандовскийдің ең көп дауыс жинап, жеңіске жеткені көрсетілген. Дауыс жинау жағынан екінші орынды Лионель Месси, ал үшінші орынды Карим Бензема алған. Мохамед Салах төртінші, Жоржиньо бесінші орынға тұрақтаған. Айтпақшы, Роналду бұл тізімде тоғызыншы орында тұр. COVID-19 індетіне байланысты France Football былтыр «Алтын доп» жүлдесін өткізбеді. Ол кезде көпшілік бұл жүлдеге «Баварияның» шабуылшысы Роберт Левандовскиді лайық деп тапқан болатын.Көпшіліктің көңілінен шыққан спортшы алса
Жалпы, «Алтын допты» жеке көрсеткішпен де, клубтағы жетістікпен де салыстырмаған дұрыс деп есептейтіндер бар. Олар жүлдені миллиондардың көзайымына айналып, футбол жанкүйерлерін қуантып келе жатқан футболшы (мейлі ол қақпашы, мейлі ол қорғаушы болсын) алғаны дұрыс деген пікірді алға тартады. Тіпті, бұл жүлдені құптамайтындар да бар. «Маусымның ең үздік ойыншысына берілетін мәртебелі жүлде «Алтын доп» – жалпы футболға баға беру үшін емес, футболды шоуға айналдыру үшін жасалған жоба» деген еді кезінде атақты футболшы Луиш Фигу. Әр адам сырттай өз таңдауын жасайды. Алайда жүлде иесін дауысқа салу арқылы футбол мамандары таңдайды. Анығын айтқанда, жылдың үздік футболшысын анықтау үшін әлемдегі 200-ге жуық елдің беделді спорт журналисі дауыс береді. Бұған дейін Месси алты рет, ал Роналду бес рет осы жүлденің иегері атанды.Абылайхан ЖҰМАШ