Әлемдік үйлесімдіктің сырын ашқан...
Әлемдік үйлесімдіктің сырын ашқан...
376
оқылды

2020 жылы бабамыз, ұлы ойшыл, энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл- Фарабидің туғанына 1150 жыл толуын әлем атап өтті. Мың жылдан астам бұрын өмір сүрген бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидің қа­сиет­ті рухын, телегей теңіз ақыл-парасатын, еңбектерін ұрпағы бізбен қауыштыру, оның Отаны Қа­зақ­стан екенін бүкіл әлемге паш ету – бірегей ғұлама Ақжан Машановтың (Әл-Машанидің) ғана қолынан келді. Бабамыз әл-Фараби еңбектерін зерделеудің негізін қалаған, Фараби дәуіріндегі және қазіргі ғылым арасын жалғайтын жібек жіпті тауып, оны біздің қолымызға ұстатып кеткен ғалым әл-Машани еді.

Қазақ халқы ХХ ғасырда көптеген ғалымды өмірге әкелді. Солардың арасында Қ.Сәтбаевпен өмір жолын бірге бастаған, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының іргетасын қаласқан және оның коррес­пондент-мүшесі, республика ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Ақжан Жақсыбекұлы Машановтың алар орны ерекше. А.Машановтың ғылыми дүниетанымы тек қана геология мен тау-кен ісі ғылымдарымен шектелмейді. Ол – Шығыстың ұлы ойшылы Әбу-Насыр әл Фарабидің мұрасын зерттеудің негізін салған тұлға. Әйгілі ғалым тау- кен ғылымы саласындағы көптеген озық жетістіктердің ашылуына, жаңа алтын кен орындарын ашу, іргелі ғылымдар тарихын зерттеу, ғылыми-техникалық білім насихаты, қазақ тілінде геология, тау-кен ғылымдары бо­йынша оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеп, шығару сынды іс-шаралардың тікелей ұйытқысы болды. А.Машанов – тарих қойнауына үңіліп, ерлік жасаған жан. Онсыз да өз тарихынан қорыққан адамдарға ол Шам елінен әл-Фараби бабамыздың рухын және еңбектерін әкелді. Ол күндіз-түні еңбек етті, бүкіл әлемге әл-Фарабидің Отаны Қазақстан екенін дәлелдеген жан. А.Машановтың осы қажымас қызметінің арқасында әл-Фараби өз Отанына оралды, оның арқасында ҚазҰУ әл-Фараби есімін иеленді. Әл-Фараби жылына арналған іс-шаралардың бірі 2020 жылдың 14-15 ма­мырында ҚазҰУ де өткен «Әл-Фараби мұ­расы» атты халықаралық онлайн кон­фе­реция еді. Оған Орталық Азияның барлық елдерінен, Ресей, Еуропа мемлекеттерінен және өзге де шетелдерден ғалымдар қа­тысты. Сол жиында Финляндия ғалымы Сирус Василеус «Пандемия кезіндегі әл-Фараби философиясы» деген тақырыппен Фарабидің медициналық трактаттары бойынша баяндама жасағаны бар. Баян­дамашының «бүгін халықтың осындай дағ­дарысқа ұшырап отырғаны әлем өзінің үйлесімін жоғалтқандығынан...» дегені маған ерекше әсер етті. Сол кезде «Меди­цина ғалымдары осылай деп жатқанда, біз әл-Машанидің шәкірттері, тау-кен, гео­логия ғылымы саласының мамандары бүгін «жер қойнауының үйлесімі жайлы не айтар едік?» деген ойға қалдым. Ал ұстазымыз Ақжан Машани жер қойнауында да үйлесім болатынын 55 жыл бұрын жазып кеткен еді. Енді Ақжан әл-Машани сонау 1965 жылы «Жер қойнауының үйлесіміне» (Жер қойнауының гармониясына) қалай келге­ніне тоқталсақ, ол әл-Фараби еңбектерін зерделеуден бастау алған. Әл-Фараби сауатын Отырар қаласында ашқанымен, одан әрі тынымсыз ізденіп, Бағдат, Шам, Халеб қалаларында, Мысырда білімін жетілдірген. Ілімін жиһанкездікпен ұштастырған ғалымның арнайы ат басын тіреп, ғылыми ізденісін молықтыра түскен бір мекені – Мысыр елі. Тарихи деректер көрсеткендей, Мысырға сапар шеккен Әбу Насыр өзінің Бағдад қаласында бастап, Шамда біраз толықтырған «Мемлекеттік саясат» трактаты мен атақты «Қайырымды қала тұрғындары көзқарастары» еңбегіне қосқан бөлімдерін дәл осы Мысырда кемелдендіріп, тәмамдаған. Мысырға барғанда әл-Фараби бабамыз, ғаламның жеті кереметінің бірі саналатын, бұдан 5 мың жыл бұрын салынған және бүгінге дейін жеткен Мысыр пирами­дала­рының орнықтылығын зерделеген. Пира­мидалардың негізіне мысырлықтардың «Алтын тік бұрышты үшбұрыш» деп атала­тын, қабырғалары 3:4:5 тең тік бұрышты үшбұрышы салынған. Біздіңше, бұл – Пифагор теоремасы. Мысыр пирамидалары көне 60-тық жүйемен есептелген. Алпыс дегеніміз, мына 3-4-5 – үш қатар тұрған санның көбейтіндісі. Алпыс дегеніміз – бір градустың немесе бір сағаттың (60 минут, 60 секунд) алпыспен есептелгені. Шең­бердің өзі 360 градус. Сондықтан қажетті сан 10 емес, 60 болған. Үш пирамида орналасқан Гиза плато­сының топографиялық картасын 1994 жылы француз профессоры Ж.Корнзел жасаған. Картадан олардың бір қабыр­ғаларының меридиандарға бағытталғанын байқауға болады. Пирамида табанының қабырғалары меридиандар мен параллель­дерге сәйкестігін және де үш пирамиданың да солтүстік-шығыстан оңтүстік батыс жаққа бағытталған бір түзудің бойында орналасқанын, сонымен қатар пирамида ішіне кіретін есіктің құбыла жаққа (Мек­кеге) қаратылып салынғаны бүгінде мәлім болып отыр. Бұлайша орналас­тырудың да өзіндік сыры бар екенін, бір үйлесімділік жатқанын байқауға болады. Әл-Фараби өзінің «Математикалық трактаттарында» Мысыр пирамидала­рын­дағы «Алтын үшбұрышты» «Алтын қима­мен» байланыстырады да, құрылыста, архитектуралық ансамбльдерде, адам денесінде, медицинада, музыкада, таби­ғаттың өзінде үйлесімділік (гармония) болу қажеттігін дәлелдеген. Ақжан атамыз әл-Фараби еңбектерін түпнұсқасында оқу үшін 60 жасқа таянған шағында араб тілін игерді, сөйтіп, ол әл-Фарабидің айтқан­дарына көз жеткізді. Ұстазымыз Ақжан әл-Машаниді «Ал­тын тік бұрышты үшбұрыштағы» 51°50' және 38°10' бұрыштар қызықтырды. Себебі ол тау жыныстарының пішіндерінде (параллепипед, ромбы және т.б) жиі кез­десетін бұрыштар. Әл-Машани осылардың тау жыныстарының жиі кездесетін ішкі үйкеліс бұрыштарына сай екендігін, яғни жер қойнауының да өзіндік үйлесімі бар екендігін дәлелдеді. Жер қойнауы көптеген заңдылықтарға толы табиғи лаборатория екені мәлім. Со­лардың бірі тау жыныстардың жарық­шақтар әсерінен әртүрлі құрылымдық блоктарға бөлінетіні және ол блоктардың жер қой­науында бір заңдылықпен пайда болатыны. Мәселен, сазды тақта тастар блоктарының өлшеулері 2x3 см-ден 15 х 20 см-ге дейін, ал пішіндері пластинка тәрізді жұқа болып келеді және де қабыршақталып бұзылады. Доломиттер сүйір бұрышты паралле­лепипедтерге бөлінеді, өлшемдері 4x5, 15 х 70 см аралығында. Ал шақпақ тасты тау жыныстары ромбы тәрізді ірі блоктарға бө­лін­ген, өлшемдері 50 х 70 см-ге жетеді. Бұл мәліметтер әл-Машанидің «Геоме­ханика» монографиясында және шәкірт­терінің еңбектерінде толық берілген. Мысыр Мысыр пирамида Алтын үшбұрыш Сөйтіп, ұстазымыз А.Машанов 1965 жы­лы Алматыда өткен одақтық тау жы­ныс­тарының механикасы конферен­ция­сында «Жер қойнауының гармониясы (үй­лесімі)» атты баяндама жасады және ол үлкен жаңалық болды. Бұл жаңа теория ма­­қала болып Қазақстанда және «Марк­шейдерия» ғылымының отаны Германияда жарияланды. Онда жер қойнауында жарық­шақтардың таралу заңдылығы, құры­лымдық блоктардың бұрыштары белгілі «алтын қима» заңды­лығына сәйкес келетіні дәлелденді. Тау жыныстарының құрылымдық ерек­шеліктерін жан-жақты зерделеу нәти­жесінде жарықшақтардың жер қойнауында пайда болуы мен таралуының өзіндік заңдылықтары бар екендігіне және де тау жыныстарының деформациялануы сол заңдылықтармен тығыз байланыстылығына ұстаз көзін жеткізді. Ірі кен орындары мен бассейндердегі деформациялар бағытын және шоғырланған жерлерін болжаудың «алтын қимаға» негізделген «Тау жыныс­тары блоктарынан тау қыртысына дейін» деп аталатын әдістемесі ғылыми-зерттеу тәжрибесіне ұсынылды. Сөйтіп, жартасты-жарықшақты тау жыныстарының жылжу параметрлері мен заңдылықтарын болжау­дың бұл әдістемесі Қаратау фосфорит бассейні және Ақбақай, Ақжал, Жезқазған кен орындарында өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нормалық құжаттарын даярлауға негіз болды. Бұл жұмыстардың барлығын Машанов ғылыми мектебінің ұжымы жүзеге асырып отырды. Ғылыми мектептің негізін қалау және оған басшылық ету – ғалымдар арасында сирек кездесетін жағдай. Ғұлама ғалым А.Машанов қысқа мерзім ішінде марк­шей­дерлік іс кафедрасының ғылыми потен­циалы негізінде және өндірістен талантты жастарды ғылымға тарта отырып, өзінің ғылыми мектебін құрды. Әл-Машанидің жетекшілігімен геомеханика ғылымы са­ласында ғылым кандидаттары мен доктор­лары даярланды және олар бүгінде мек­теп­тің ғылыми дәстүрін жалғастыруда. Бұл – Машанов ғылыми мектебінің тұрақты қалыптасқаны мен өміршеңдігінің куәсі. Ұстазымыз Ақжан Машановтың осын­дай ізденіс жолы жетістіктер мен жеңіс­терден құралған жоқ. Өкінішті күндері, жаланың жара салған кезеңдері де болды. Фараби мұраларын іздестіру кезінде иран­дық профессор Ф.Реза әл-Фарабиді өз отан­дасы десе, өзбек академигі М.Хай­руллаев – өзбек, түркмендер өз жағына тартып, мен­шіктеп жүрген болатын. Осыған қарамастан А.Машанов әл-Фараби мұраларын іздеп-тауып, оларды қазақ, орыс тілдеріне аудару мәселесін Қазақстан ҒА президенті Қ.Сәт­баевтың алдына қойды. Қ.Сәтбаев сол сте­реотипті бұзып, ҒА жанынан ұлы баба мұ­раларын зерттеуді және қолдағы еңбек­терін қазақ, орыс тілдеріне аударуды қар­жы­ландыруға рұқсат берді. А.Машанов қызу жұмысқа кірісіп кеткен-ді. А.Машанов әл-Фараби жайлы алғаш 1943 жылы естіген. Ұлы Отан соғысы бас­талып, КСРО-ның қоршауда қалған батыс және солтүстік аймақтарынан Қа­зақстанға келген көптеген ғалымдар Қ.Сәтбаевтың қамқорлығына бөленгенін, баспана беріліп, жұмысқа орналасқан-ды. Солардың бірі, соғыс жылдары Алматыда тұрған, атақты ғалым, математик, философ, Эрнест Кольманның КСРО ҒА қазақ­стан­дық фи­лиалында «Орта Азия ғалымдарының бүкіл дүниежүзілік ғылымның дамуына қосқан үлесі» тақырыбындағы баяндамасы жас ғалым А.Машановқа ерекше әсер етті. Ол кісі шығыс мәдениетін жақсы білетін ға­лым екен. Баяндамашы орта ғасырда ғы­лымды дамытуға ықпал жасаған әл-Хо­резми, әл-Фараби, әл-Бируни, әл-Жау­ха­ри, әл-Хуттали, әл-Ферғани, Ибн Сина, Омар Хаям, Ұлықбек тәрізді Орта Азия ойшыл­дарын ерекше ілтипатпен айта келе, барлық ғалымдарының шыққан тегі-жерлері белгілі (мәселен, Хорезм, Ферғана), тек Фа­раб деген жер атын кездестіре алма­ғанын айтқан. Кольманмен кездесуден кейін Машанов ғылым тарихын және оны Қазақстандағы тау-кен ғылымымен байланыстыра зер­делеуді мақсат етті. Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылыми-зерттеу инс­титутында қызмет атқара жүріп «Қазақ­стандағы көне кен қазбалары», «Жер бе­тінде тіршілік қайдан пайда болды?», «Жер сілкіну», «Жер сыры» атты кітаптар, басқа да еңбектер жазып, ғылым тарихын зерттеп, әл-Фараби жайында деректер жинай бастады. Түрлі іссапарлармен жүріп, Мәс­кеудегі Ленин атындағы кітапханадан гео­граф-ғалым ибн Хаукалдың Түркістан өлкесінің картасы бар кітабын тауып, онда Отырар – Фараб қаласы Әбу Насыр әл-Фарабидің отаны екені жайлы дерекке көз жеткізген. Әл-Фарабидің замандасы, Да­маскіде бірге өмір сүрген ибн Хаукал А.Ма­шановқа жаңа бағыт көрсетті, жаңа жол ашты. Әл-Машани ұстазымыздың бұдан 55 жыл бұрын жарық көрген «Жер қойнауының гармониясы» атты еңбегі бүгінде жалғасып жатыр ма? Қазір тау-кен кәсіпорындары жер қой­науын игерудің өндірістік қауіпсіздігін қам­тамасыз етуде әл-Машанидің геоме­ханика саласындағы идеяларын жүзеге асы­руда. «Елу жылда ел жаңа» демекші, бүгін­де тау-кен, металлургия кешендері ал­дында жер қойнауы үйлесіміне байла­нысты жаңа маңызды мәселе туындады. Ол – экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі, яғни табиғат мен кәсіпорындар арасындағы үйлесімдікті сақтай алмай отырғанымыз. Ұстазымыздың көзі тірі болса, бұл жайлы айтары сөзсіз еді. Қазақстанның жер қойнауы пайдалы қазбаларға толы екені баршаға белгілі. Біздің жер қойнауымызда Менделеев таблицасының 110 элементінің 99-ы бар екені баршаға мәлім. Қазақстан абсолютті ресурс қоры жағынан және оларды әр адам басына шаққанда әлемде алдыңғы орында. Міне, осындай аса бай минералдық-ши­кізаттық табиғи ресурстарымызды акаде­мик Қ.Сәтбаевтың басқаруымен тиімді пайдаланудың арқасында экономикамыз нығайды. Сол жетістіктің нәтижесінде бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның негізгі қа­зынасы кен байлығы болып отыр. Қ.Сәт­баевтың: «Шығыста – Алтай алабы, оң­түстікте –Каратау, орталық Қазақстанның кенді жотасы, батыста – Маңғыстау түбегі, міне, осының бәрі, кен байлықтың сар­қылмас көздері», – деп үлкен пафоспен, зор шабытпен, сонау 1940 жылы айтқан сөзінің өзінен қазақ даласы байлығының исі аңқып тұр емес пе?! Біз оларды қазып алып жатқанымызда, кен қорларымыздың қайтадан орнына келмейтінін, олардың сарқылатынын ұмытқандаймыз. Тау-кен кәсіпорын­да­ры­ның қалдықтары қоршаған орта ком­поненттерінің (атмосфераға, литосфераға, гидросфераға, жердің қойнауына) бар­лығына зақым келтіріп жатқаны, эколо­гияның бұзылуы, тұрғындар арасында түрлі аурулардың көбеюіне себеп болып жатқаны белгілі. Әл-Фараби өзінен бұрынғы ұлы ғұла­малардан өзгеше, білім мен тәрбиенің бірлігіне ерекше мән берген. Ол «Тәрбие мен білім – жас ұрпақтың қос қанаты. Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп көрегендікпен ескертті. Қор­шаған табиғи ортаның, рухани ортаның бұзылуы адам мен табиғатты экологиялық дағдарысқа алып келіп отыр. Минералды-шикізат қорлары мен тау-кен және металлургиялық кешендердің өндірістік қалдықтарын пайдалану тек Қазақстанда ғана емес, барлық экономи­касы дамыған елдердің көкейкесті мәсе­лелерінің бірі. Әсіресе, кәсіпорындардың қалдықтарын екінші қатардағы шикізат ретінде қарап, іске асыру, яғни қалдық­тардан тауарлы өнімдер шығарудың маңы­зы өте зор. Мұның барлығына қол жеткіз­сек, жетекші фактор – біздің ерік-жіге­рімізді, күш-қуатымызды, табандылы­ғымызды, білімділігімізді дәлелдей түседі. Бұл – бізге даму есігін айқара ашуға мүм­кіндік беретін «алтын кілт». Бұдан 55 жыл бұрын жазылған «Жер қойнауының үйлесімдігі» атты еңбегінде Ақжан әл-Машани, Қазақстан жерінің кең-байтақ даласына, жерінің қойнауын­дағы байлығымызға құрметпен қарау, қор­ғау, үнемдеу өзіміз үшін, алдағы болашаққа нық сеніммен қадам басу үшін керек екенін бізге жазып, мұра қылып кеткен. Ол – байлық көзі, тіршілік нәрі, ұлттық ұғым-түсінігіміздің негізі. Ендеше, тіршілігіміздің көзі болып отырған Жерді және оның қойнауын сақтау– біздің ұлттық міндетіміз. Осыған орай, айтарым Қазақстанда көп жылдан бері жиналып қалған, тау-тау болып үйіліп жатқан өндіріс қалдықтарынан табиғатты тазалаумен қатар, адамдар өй-өрісімізді, жанымызды, арымызды, пси­хологиямызды тазартуымыз керек. Қо­ғамды өзгерткіміз келсе, бірінші өзіміз түзелуіміз қажет. Есігіне «Геометрияны білмейтіндер кірмесін» деп жазылған Платон академиясы сияқты, «Жер қойнауының гармониясын сақтай алмайтындар тау-кен ілімі мен ғылымының ордасында кірмесін» демекпіз. Дана халқымыздың «Жақсы адам – қазына» деп тектен-текке айтпаса керек. Сондай қазыналы адамдардың бірі емес, бірегейі ұстазымыз А.Машанов өміріне көз жіберсек, парасатты, мағыналы ғұмыр кешкенін байқауға болады. 1975 жылы академик Евіней Арыс­танұлы Бөкетовтің мерейтойында академик Зейнолла Қабдолов «Евіней Бөкетовтің алдында қос рельстей қатар тартылған екі та­рам жол жатты: ғылым жолы, әдебиет жолы. Ол екеуін де алалаған жоқ, қатар бас­ты» деген болатын. Міне, сол сияқты, бізге 1958-1959 оқу жылынан бастап кен гео­метриясы пәнінен дәріс оқи бастаған Ақжан Машанов та екі ғылыми бағытты (тау-кен, геология саласы және тарихты зерттеу саласын) қатар алып келе жатқан жан екен. Ол кісі сол кезде геология мен маркшей­дерияны үйлестіре отыра, Қазақстанның көптеген кен орындарында жер қойна­уының геологиялық құрылымын матема­тика-механика әдістерінен зерттеп, тау-кен ғылымында жаңа геомеханика әдісін батыл қолданып жүрді. Сабақ беру барысында Ақжан Жақсыбекұлы кен геометриясы пәнінін объектілері, мақсаттары, тәсілдері жайлы өте ұғымды, терең мағыналы, сту­денттердің көкейіне қонатын сөздер қозғады. Сабақ үстінде байқағаным: ол кісі асықпай сөйлеп, сөздерін тайға таңба басқандай айтады екен, кезі келгенде қазақша да түсіндіріп тұжырымдайды екен. Үзіліс уақытында да ешқайда кетпей, арамызда болып, біздің қойған сауал­да­рымызға жауап беріп, өндіріс-тәжірибе жұмыстарынан тартымды әңгімелер айтып, бірден өзіне тартты. Бір жылдан кейін диплом қорғадым, институт директоры О.Байқоңыров Ғылым академиясынан аспирантураға бір орын сұрап алып, мені кафедраға қалдырды. Сөйтіп, 1960 жылы ҚазПТИ-дың Марк­шейдерия кафедрасының меңгерушісі, Қазақ ССР Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, профессор А.Машановтың менің ғылыми жетекшім болып тағайын­далғаны, мен үшін зор бақыт болды. Сол жылдары ұстазым А.Машанов құстың қос қанатындай, екі ғылыми бағытта жұмыс атқарды. Олар: геомеханика ғылымының тылсым сырларын және әл-Фарабидің ғылыми мұраларын зерттеу болды. Ма­мандығы тау-кен инженері-геолог бола тұра өзіндік геомеханика ғылыми мекте­бінің іргетасын қалауы қалыпты жағдай еді. Ал әл-Фараби есімін алғаш естуі, Ұлы баба мұрасын зерттеуді қалай бастағанын, әл-Фарабиді Шығыстың Аристотелі деп атағаны жайлы әңгімелерін біз студент ке­зімізден ұстазымыз А.Машановтан естіп жүрдік. Бізге, аспиранттарға Қаратау бас­сей­ні карьерлері мен кеніштерінде геоме­ханикалық зерттеулерді жүргізуді, жер қойнауының тылсым сырларын ашуды үй­ре­те жүріп, Орта Азияның әл-Бириуни, әл-Фараби, Ұлықбек сынды ғалымдарының еңбектерін құлағымызға құя беретін еді. Міне, сол студент кезімнен бастап Фараби бабамызды біле бастадық. Ал Ақжан Жақсыбекұлының педаго­гикалық тәжірибесі де шексіз еді. Жастарға жоғары білім беріп, оларды бүгінгі дәуірге сай жан-жақты білімді, мәдениетті маман етіп тәрбиелеу біздің парасатты борышымыз екенін айта келе: «Студенттердің көңілін қалдырып, сағын сындырмаңдар, кемші­ліктерін жекіп, сөзбен емес, көзқарас­тарыңмен білдіргейсіңдер. Алдарың өте қайымды, туған анасындай-ағасындай болғандарың жөн», – деді. Міне, көреген­дік, ұстаздық деген осы емес пе ? Ұстаздан дәріс алмайтын, үйренбейтін кім бар ? Ұлы да, ұлық та ұстаз алдында өтеді. Әл-Машанидің 100 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өту туралы ҚазҰТУ-дың сол кездегі ректоры Д.Сүлеев жолдаған хаттың, сол кездегі Президент әкімшілігінің басшысы И.Тасмағамбетовтің қолына тиюі және сол жылдары ЮНЕСКО-да қызмет атқарып отырған, Ақаңды жақсы білетін ақын О.Сүлейменовке жетуі шәкірт­тер үшін зор қуаныш болды. Олжас Сүлей­менов 1965-70 жылдары «АЗиЯ» кітабын жазып жүрген кезде Ақаңнан Шығыс әде­биеті, тарихы, ғұламалары, көне ескерт­кіштері жайлы мәліметтер алып тұратын. Міне, Ақаң сол Олжас Сүлейменовтей халық ақынының, көрнекті мемлекет әрі қоғам қайраткері, ірі дипломат әрі саясаткердің ұстазы бола білген еді. Олжас Сүлейменов күні бүгінге дейін Ақжан Машановтың қамқорлық қүшағы кең, мені кем екенін паш етуден жалыққан емес. Ақжан әл-Машанидің: – Азабын алыс жолдың жүрген білер, Мен емес оны айтып міндетсінер. Ар үшін, елім үшін еткен еңбек, Келешек – шәкірттерім солар білер, – деген төрт жолға сыйғызған ой-толғамының астарында үлкен еңбек, қиындыққа мойы­маған қажырлық, сабырлық, ұстамдылық және еңбегінің келешек ұрпақ тарапынан бағасын алатынына сенімділік бар екенін байқауға болады. Биылғы Ақжан әл-Машанидің 115 жылдығына арналған «Жер қойнауының үйлесімдігі» атты халықаралық конферен­ция өткізілгелі отырғанымыздың өзі «Ұстазыңды өле өлгенше мадақта, сол емес пе сені қосқан санатқа» деп халқымыз айтқандай, ұлыларымызға тағзым ету және қазақ елінің абыройын асқақтатар шара­лардың бірі дер едім.

М.НҰРПЕЙІСОВА, әл-Машанидің шәкірті,  Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың профессоры, техника ғылымдарының докторы, академик