Ауылдың бағын ашқан азаттық
Ауылдың бағын ашқан азаттық
236
оқылды

Отандық аграрлық сектор орасан зор әлеуетке ие. Қазақстан терри­ториясы жөнінен ондыққа кіреді. Ал жан басына шаққандағы егістік жер­лерінің аумағы жөнінен қазақ елі әлем­де 2-орында тұр! Ауыл шаруа­шылығы саласы даму даңғылына шықты, өнім өндіру және өңдеу көлемі ұлғайып келеді.

Күйзеліс кезеңі артта қалды ма?

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өткізудің әлемдік жүйесінде, жаһандық қара базарда әр ел өзінің ұлттық бәсекелес­тік артықшылықтарын пайдаланады және оларды ұдайы дамытып, өрістетіп отырады. Сондықтан республикамыз үшін агро­өнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілет­тілігін қамтамасыз ету және оны өркендету, аграрлық өндірісті индустриализациялау арқылы сектордың орнықты дамуына өріс ашу, саладағы әрбір кәсіп­орынның, әрбір жеке қосалқы шаруа­шылықтың тиімділігін арттыруға қол жеткізу – өмірлік маңызды мәселе. Мамандардың бағалауынша, қазақ­стан­дық АӨК ілгері озуына қажетті барлық әлеуетке ие: алып нарықтар іргемізде, ары кетсе өз континентімізде. Жете игерілмеген, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруа­шылығы алқаптары, шабындықтар мен жайылымдар жетерлік, суармалы егіншілікті гүлдендіру перспективасы мол. Еттің, сүт өнімдерінің, майлы дақылдардың экспорттық позициялары бірте-бірте күшейіп келеді. Қазақстан астық пен ұн экспорты жөнінен дүниежүзіндегі ең ірі экспорттаушылардың қатарында қалды. 1991 жылдың соңында тәуелсіздік алған Қазақстан Елбасының басшылығы­мен экономиканы заманға сай жаңғыртуға, халық шаруашылығының барлық саласын реформалауға шұғыл кірісті. Бұл кезеңде нарықтық экономикаға негізделген, жекеменшікке иек артқан жаңа ауыл шаруа­шылығының іргесі қалана бастады. Бас­тап­қыда совхозды – «кеңшар», колхозды – «ұжымшар» деп аударып, шаруашылық жүргізудің кеңестік ескі формаларын сақтап қалуға талпыныс та жасалды. Дегенмен агроөнеркәсіптік кешенде дамыған Батыс елдеріндегідей бизнес құрылым­дарды және меншіктің жаңа формаларын дамытқан жөн деген ұстаным басым түсті, ол мемлекеттің аграрлық саясатының стратегиялық бір бағытына айналды. Әрине, кез келген түбегейлі жаңарулар секілді бұл реформалардың да халық пен экономикаға ауыртпалығы түспей қой­мады. Оның үстіне, ондаған жыл бойы одақ аясында қалыптасқан өңіраралық және салааралық шаруашылық байланыстар үзілді. Салада қордаланған мәселелер ауыл шаруашылығының күйзеліске ұшы­рауына әкеліп соқтырды. АӨК-тің құлдырауы экономиканың өзге салаларына соққы болды: ауыл шаруа­шылығы машиналарын жасау, химия, тамақ өнеркәсібі және басқа жапсарлас, тығыз байланысты салалар кәсіпорын­дарының өніміне сұраныс болмай, онысы қоймаларында босқа шіріген.

Азаттық жылдары – ауылды көтеру жылдары

Сол тұста ауыл шаруашылығы өнім­дерінің негізгі түрлері бойынша рентабельділік деңгейі теріс мәнге ие болды. Мәселен, сиыр еті бойынша табыстылық-рентабельділік деңгейі – минус 53,1%, сүт – минус 37,6%, қой еті – минус 30,2%, құс еті – минус 21,7%, картоп – минус 12,1%, көкөніс – минус 11,7%, дәнді дақылдар – минус 7,1%. Тұтастай алғанда, дағдарыс шырқау шегіне жеткен 1997 жылды ауыл шаруа­шылығы саласы 27,5 миллиард теңге шы­ғын­мен аяқтады. Қазақстанның респуб­ликалық бюджетінің шығысы, яғни сол жылғы бүкіл қазынасы 228,9 миллиард теңгені, ал ауыл шаруашылығы саласына бөлінген бюджет 8 млрд теңгені ғана құрағанын ескерсек, бұл ол кезде үлкен шығын болатын. Мұның сыртында ауыл шаруашылығы өндірушілерінің кредитор­лық қарызы 121 миллиард теңгеге жетті. Қазір оның бәрі көрген түстей ұмы­тылса керек. Ішкі нарығын жаппай шетелдік импорт жайлап алған (ауылдықтар ақ майдан жеріп, «Раманы» сүйсіне жеген кез) Қазақстан бүгінде бірте-бірте оны өз өнімдерімен молайтып жатыр. АШМ дерегінше, бүгінде ішкі нарықтың отандық азық-түлік тауарларымен қамтылуы орта есеппен 80%-дан асты. Біраз өнімдер бойынша 100%-ға жетті. Тек алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшіктер, қант және құс еті бойынша ғана Қазақстан әзірге им­портқа тәуелді. ауыл Сарапшылардың байламынша, енді әңгіме бұрынғыдай ауыл шаруашылығын құтқарып қалу жөнінде емес, оны ары қарай заман талабына сай өркендету жайын­да болып отыр. Бірақ бұл өздігінен бола қалған жоқ, Елбасы тапсырмасымен және тікелей бақылауымен Үкімет іс тындырды. Ауыл шаруашылығындағы күрделі жағдай мемлекеттік қолдауды күшейту шараларын қабылдауды талап етті. Қаржы­лық тұрақтылықты нығайту мақсатында 1998 жылдан бастап республикада дәр­менсіз ауыл шаруашылығы құрылым­дарына банкроттық рәсімдерін қолдану жолымен қаржылық оңалту және санациялау процесі басталды. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 1998 жылдың басында банкроттыққа жататын 2 184 дәрменсіз ауыл шаруашылығы ұйымының 2001 жылғы қаңтарға дейін 1 817-сі немесе 83%-ы таратылды. 1998 жылмен салыстыр­ған­да жалпы кредиторлық берешек 67,2 млрд теңгеге немесе 55%-ға қысқарған. Мемлекет ауыл шаруашылығы өндіру­шілерін қолдау мақсатында көптеген шара қабылдады: салықтық жеңілдіктер берді, ауыл шаруашылығымен айналысатын жеке тұлғаларға салық салудың жеңіл­детілген патенттік жүйесі енгізіліп, салығы 80% кемітілді. Өзгелеріне салықтық каникулдар ұсынылды. Астықшыларды қолдау үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» құрылды, ол жыл сайын астықты бекітілген бағамен сатып алып, мемлекеттік қамбаларға  құйып отырды. Сөйтіп, аграрлық сектор 2001 жылдан бастап өрлеу жолына шықты.

Сүйеу болған субсидия

Саладағы кейінгі онжылдықтардағы жетістіктерді бағамдау мақсатында сандарды сөйлетсек. 2000 жылға қарағанда, 2020 жылы ауыл шаруашылығының номиналды мәндегі жалпы өнімінің көлемі 15 есеге ұлғайып, бүгінде 6,3 триллион теңге болды. Соның ішінде өсімдік шаруашылығы – 3,7 трлн теңге, мал шаруашылығы – 2,6 трлн теңге. Ауыл шаруашылығына инвестициялар ағыны 2003 жылмен салыстырғанда 2020 жылы 22 есе дерлік артып, былтыр 573,2 млрд теңгені құрады. Оның 68%-ға жуығы – отандық өндірушілердің төл қаражаты. Аграршылардың үлкен бөлігі өз өсімін өзі қаржыландыра алатын дәрежеде. Барлық ауыл шаруашылығы дақыл­дары­ның егіс алаңдары 2000 жылғы 16,2 миллион гектардан 2020 жылы 22,6 миллион гектарға дейін немесе шамамен 40%-ға ұлғайыпты. Мал шаруашылығы өнімдерінің өн­дірісі ұлғайды: 2000 жылмен салыстырғанда, барлық ет түрінің өндірісі (сойыс сал­мағында) 2 есеге – 569,4 мың тоннадан был­тыр 1 млн 168,6 мың тоннаға дейін, сүт 62,2%-ға – 3 млн 730,2 мың тоннадан 6 млн 51,4 мың тоннаға дейін, жұмыртқа 3 есеге – 1 млрд 692,2 млн данадан 5 млрд 65,8 млн данаға дейін өсті. Азық-түлік өнімдері өндірісінің көлемі – 9,6 есеге артып, 1 трлн 957,2 млрд теңгені құрады, 2000 жылы небәрі 204,3 млрд теңге болған. Бүгінде ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін әрбір адам 3 млн теңгенің өнімін өндіреді: еңбек өнімділігі 2010 жылдан бері 7 есе артқан. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазір отандық агроөнеркәсіп­тік кешенде 12 бағытта субсидиялаудың 51 түрі қолданылады. Тарата айтсақ, бұл ба­ғыт­тардың ең көбі – 8-і қаржы құралдары. Қалған бағыттардың 2-еуі – өсімдік шаруа­шылығына, 2-еуі – мал шаруашылығына, 1-еуі – қайта өңдеуге бағдарланған. Ел Үкіметі 2018-2020 жылдары ауыл шаруашылығын субсидиялауға шамамен 1 триллион теңгеге жуық (916 миллиард теңгедей) қаржы жұмсады. Субсидияның ең көбін – 307,4 млрд теңгесін мал шаруа­шылығы алды.Одан кейін өсімдік шаруа­шылығы тұр: 214,6 млрд теңге. Тағы 394 млрд теңге қаржы құралдарына тиесілі. Яғни, барлық дерлік бағыт бойынша субсидиялау көлемі артқан. Мемқолдау шаралары арқасында ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 1,7 есеге артып, 2016 жылғы 3,68 трлн теңгеден 6,2 трлн теңгеге дейін көбейді. Агросектор сабақтас өзге салаларға серпін берді: өткен жыл қорытындысында 533 мың тонна минералды тыңайытқыш төгілген, демек химия саласының дамуына түрткі. Машина-тракторлық парктің жаңару қарқыны былтыр 4,1%-ға жетті: 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жаңадан сатып алынған. Егіс алқаптарын әртараптандыру арқа­сында бес жыл ішінде тиімділігі жоғары дақылдар өндірісі ұлғайды: майлы дақыл­дар 34,4%-ға артып, 2,6 млн тоннаны, кө­көніс-бақша дақылдары 19,6%-ға кө­бейіп, 7 млн тоннаны, ал картоп 13%-ға өсіп, 4 млн тоннаны құрады. Қалай болғанда да, Тәуелсіздіктің 30 жылында ауыл шаруашылығы терең дағ­дарыс құрдымынан құтылып, түбегейлі жаң­ғырудан өтті, жаңа заман талабына сай дамуға ден қойды. Жасыратыны жоқ, салада әлі шешімін таппаған күрделі проблемалар жетерлік. Оларға жаңа қауіп-қатер­лер – қатты залал келтірген қуаңшылық, су тапшылығы, үй жануарларын жайпаған індеттер және басқасы қосылды. Ауылды гүлдендіруге, АӨК-тің түйт­кілді мәселелерін шешуге, агросектордың дамуына серпін беруге қатарынан бірнеше ұлттық жоба – «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту», «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс», «Кәсіпкерлікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері», «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобалары ықпал етуі тиіс.

Айхан ШӘРІП