Шетелдіктер кімнің «еркесі»?
Шетелдіктер кімнің «еркесі»?
230
оқылды

Шетелдік мигранттардың жүріс-тұрысын қанша бақыласақ та, заңсыз көші-қонды азайту мүмкін болмай тұр. Өз қандастарымызға азаматтық алу үшін сотты болмағанын дәлелдейтін құжат талап еткенімізбен, шекарамыздан емін-еркін өтіп кеткен шетелдіктер арасында жеке басын куәландыратын құжаттары да жоқ. Олардың елге кіруіне кім көмектеседі? Олар қандай жауапқа тартылады?

Сот шешімін орындамаған

Бір жағынан Орталық Азия ел­­­дері, екінші жағынан Ресей Фе­де­­­рациясы мен Қазақстан ара­сын­да Еуразиялық транзиттік дәліз қа­лыптасты. Сол себептен көші-қон ережелерін сақтау мен елімізде ше­телдіктердің еңбек қызметін жү­зеге асырудың маңыздылығы ар­­тып келеді. ІІМ Көші-қон қыз­ме­тінің ерекше тапсырмалар жө­нін­дегі аға инспекторы Бауыржан Омаровтың айтуынша, 11-18 қазан аралығында өткізілген «Нелегал Кордон» аймақтық операция­сы­ның екінші кезеңінде шетел­дік­тер­дің тұруы мүмкін жерлеріне тек­серу жүргізіліп, тұрғын үй сек­тор­ларын, құрылыс нысандарын, базарларды, ұйымдар мен жұмыс беру­шілерді, шетелдіктердің жал­да­­малы еңбегін заңсыз пай­да­лана­тындарға тексеріс жүргізілген. Же­дел алдын алу іс-шарасы ке­зін­де көші-қон заңнамасын бұзған 14 116 дерек анықталса, оның ішін­де 10 282 шетелдік Қазақстанда уа­қыт­ша тұру мерзімін бұзған. 3 641 шет­елдік еңбек қызметімен заңсыз ай­налысса, 613 жұмыс беру­ші шет­елдік жұмыс күшін заң­сыз пай­да­ланғаны үшін әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылыпты. Ал 5 453 жеке жә­не заңды тұлға өзде­рін­де жүрген шет­елдіктер туралы по­лицияға ха­бардар етпеген болса, 53 келім­сек қайыршылықпен ай­на­лысқан. Ең сорақысы, келімсектер мен оларды шақыртушылар көші-қон заңнамасын бұзып қана қоймай, сот шешімін де орындаудан жалтарыпты. Мәселен, заңсыз мигранттарды елден шығару туралы соттың 936 шешімі шығарылғанымен, олардың дені Қазақстаннан кеткісі жоқ. Полиция қызметкерлері жыл басынан бері елден мәжбүрлеп шығарылған, шығарып жіберу туралы сот шешімін орындаудан жалтарған 149 шетелдікті анықтапты. Заңға сәйкес, шығарып жіберуге жұмсалған қаражат шетелдікті шақырған не оның еңбегін пайдаланған адамдарға полицияның талап-арыздары бойынша сот тәртібімен өтелетін болады.

Мигранттарға  көмектесетін өз азаматтарымыз

Көші-қон жағдайын талдау көрсет­кендей, шетелдіктерді елге заңсыз кіргізетіндер – өз азаматтарымыз. «Заң­бұзушылықтың басым бөлігі шетелдіктерге рұқсат құжаттарын рәсімдемей, жұмысқа тартуға байланысты болып отыр.  Мысалы, Түркістан облысында құрылыс нысандарында заңсыз еңбек еткен 633 шетелдік құжатсыз жүрген. Осыған ұқсас деректер Шымкент қала­сында, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақ­стан облыстарында анықталды. Сондай-ақ біздің азаматтар оңай пайда табу мақсатында шетелдіктерге тұрғын үй ұсынады немесе көші-қон заңнамасын бұзатын заңсыз көші-қонға көмек көрсетеді», – дейді Бауыржан Омаров. Жақында ғана қазақстандық ел аумағына заңсыз кірген үш шетелдікке тұрғын үй берген. Құжатсыз жүрген келімсекке тұрғын үй бергені үшін «Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру» бабымен тергеуге алынған. Қостанай облысының соты да Қазақстан азаматына Ауғанстаннан келген екі адамды Ресейге мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерін айналып өтіп, түн ортасында заңсыз көші-қонды ұйымдастырғаны үшін үкім шығарды. Сонымен қатар заңсыз рұқсат құжаттарын алып берумен айналыс­қан бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік белгілі болып отыр. Мысалы, Алматы қаласында бір пәтерде тіркелген 7 ЖШС салық және бюджетке ешбір төлем жасамай, шетелдіктерге құжат жасап берумен айналысып келген.

Заңнама толық реттелген

Жыл басында Сенат депутаттары елімізге заңсыз кіретін иммигрант­тарға жазаны күшейту керек екенін айтқан-ды. Себебі 2018 жылдан бері 25 900 шетелдікке Қазақстаннан шығу туралы ескерту жасалғанымен, талапқа бағынғаны аз. Дегенмен сенатор Нұрлан Бекназаров шетелдік­тердің елімізге кіріп-шығуына қатысты заңнамалардағы ережелер толық орындалса, келімсектердің көші-қоны заңды боларын айтады. Өйткені қазір көршілес елдермен отырған ортақ көші-қонға байланысты үкіметаралық хаттамалар да сәтті жұмыс істеп тұр. «Көші-қонға қатысты заңымыз да, хаттама мен келісімшарттар да толық реттелген деп айта аламын. Дәл қазір заңға байланысты мәселе жоқ. Қылмыс жасап жатқан шетелдіктер де заңды түрде жазасын алады, біздің азаматтарымыз да шетелде қылмыс жасап жатса, өз жазасын алады. Бұл бойынша да құжаттар қабылданған. Заңсыз келімсек­тердің жолын кесу үшін жауапты мемлекеттік органдардың заңды қызметін атқаруды қатаң бақылауға алу керек. Екіншіден, шетелдіктерді жасырып ұстап отырғандар жауапкершілікке міндетті түрде тартылуы тиіс», – дейді Нұрлан Бекназаров.

Қылмысқа барған шетелдіктер көп

Соңғы жылдары көрші елдерден нәпақа айыру үшін келетін мигранттар артып келеді. Жұмыс күшін жергілікті тұрғындарға қара­ғанда арзанға баға­лайтыны да жұмыс беруші­лердің келімсектерге күнін қаратып тұр. Елге келген мигранттардың бірі заңды жолмен еңбек еткенімен, көбі заңымызды айналып өтетіні жасырын емес. Келімсектер еңбек заңын ғана бұзып қана қоймай, қылмыстық әрекеттерге де жиі барады екен. Шетелден келетін мигранттар шекара асарда қонаққа келе жатқанын, уақытша, жеке мақсатпен елге кіретінін айтқанымен, ары қарай заңсыз еңбек етумен айналысады. Кейбіреулерінің қолында жеке басын куәландыратын құжаты да болмай шығады. Мысалы, биыл жыл басында ұстал­ған, елімізде екі жыл бойы заңсыз жүрген иор­дания­лықтың қолында бірде-бір құжаты бол­маған. Бұл секілді мысал көп. Олардың қатарында қылмыс жасап, еліне қашып кетіп жатқандары да кездеседі. Тиісінше, тіркеуге тұрмаған, тұрақты мекенжайы жоқ келімсек­тердің елде не істеп, не қойып жатқанын бақылау қиын. Заңды бұзып, қылмыс жасап қашып кететін көрші елдердің азаматтарын табу да қиынға соғатыны рас. Мәселен, былтыр бір ғана Алматыда шетелдіктердің кесірінен 117 қылмыстық оқиға тіркелген. Соңғы үш жыл ішінде елге кірген 14 миллион миг­ранттың 224 мыңы әкім­шілік жауапқа тартылса, 4 200-і қылмыс жасапты. Соның ішінде былтыр шетел­діктердің қатысуымен 21 300 әкім­шілік құқықбұзушылық тіркеліп, 1 090 қылмыс жасалған. Биыл тоғыз ай ішінде 41 034 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылса, олардың қатысуы­мен 540 қыл­мыс тіркелген.

Заңды белден басу азаяр емес

Осыдан бірнеше жыл бұрын елімізде заңсыз еңбек етіп жүрген Өзбекстан азаматтары бір отбасын қырып салған еді. Ал биыл Алматыда «Келімсек» іс-шарасы кезінде ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген Тәжікстан аза­матының қолына кісен салынған болатын. Өз елінде кәмелетке толмаған баланы қорлады деген күдікпен іздеуде жүрген. Еліміздің заңнамасына сүйенсек, шетелдіктер елімізге кіргенде тек паспорты болса, жеткілікті. Қазақстанға келген соң үш жұмыс күн ішінде оларды елге шақырушы тұлға көші-қон қызметіне хабарлама жолдауы тиіс. Алайда біздің елде бір айға дейін тіркеусіз тұруына құқылы болатын келімсектердің уақытша тұруға рұқсатын көбі рәсімдеуге құлық­сыз. Бір ай емес, бірнеше жылдан бері жұ­мыс істеп келе жатқаны көп. Ал заң­наманы айналып өтетін мигранттарды еліне қайтарып, шақырту­шыларға айыппұл арқа­латқан­мен, заңды белден басу азаяр емес. Керісінше, елден шығар­ту туралы сот шешімін де пысқырып жатқан шетелдіктер де, оларды шақырт­қандардың да соңынан шам алып жатқан ешкім жоқ.

Жадыра МҮСІЛІМ