Сенде бет бар ма?
Сенде бет бар ма?
Ол қалтырап кетті. Жан-жағына қараса, жаңбыр жаумаған, жылы жел ғана. Ауа мұздай, маған қараған жұрттың көздері тұздай, сонда не болды екен?  Көшеде келе жатып, басқарма есігінен ене жатып, аяғының ай-шай жоқ қалтырай бергені қалай? Орындыққа отырып, тізесін сипалады. Ауырмайды, тек қалтырайды. Тіпті, дірілдеп кетті. Машинаның моторы сияқты. Ұят екен, екі аяғың шошаңдап отырса... Тізелерінен ұстай қалып  еді, аяқтары секіріп кетті. Бір танысы: «Отырып алып билегеніңіз қалай?» деп жекіріп кетті. Ойпырмай, аяқ астынан  албастыға айналған аяғына не болды екен? Тойға барып билеп, қара жерді илеп келсе ме екен? Орнынан  тұрып еді, екі аяғы билей жөнелді, жұрттан ұялғанын–ай! Шошаңдап кле жатқаны сол. Тағы бір танысы тақылдап, жанына келді. – О, Жақа, Жақсылық, саған не болған? –деп сұрады. – Білмеймін, тізем дірілдей береді, көздерім іріңдей береді. – Өзінен–өзі ме? – Ия. – Тізең жынданған шығар? – Адам жынданады. Тізе деген жынданбайтын шығар? – Қане, тізеңді жіберші? Ол тізесін жіберіп еді, қалтырай жөнелді. – Мәссаған, мынауың шоу тізе ғой? – Осындай болып қалдым. Жаңа ғана. – Сен үйіңе бар. Қанша дегенмен, бастық деген атың бар, мына жерде шошаңдап отырағаның ұят. – Сізден сыр жасырмаймын ғой, бірдеңе айтайыншы. – Айта ғой, айта қой да, қайта қой. – Бетіме шапалақпен салып қалмайсыз ба? – Сенде бет бар ма еді өзі? –деп күлді танысы. – Дегенмен.. – Ана тізеңді билетпей ұстап отыршы. Сөйтсе, дірілдеген тізесі  оның тізесінің үстіне шығып кетіпті. – Ой, кешіріңіз. Қасеке, мен... мен... – Немене пәле, айтсаңшы қыпылықтамай. – Мен... Қызылорда қалалық прокуратурасының бір қызметкері­мен амандасайын деп едім. Танысы таңдайын тақ еткізді. Таң қалды. Оған көздерін, сосын сөздерін қадады. – Е, амандасқанда тұрған не бар? – Бара берем, сосын, пара берем. Танысының танауы аспанға көтеріліп, ой, бір күлсін! Күлгенде бар ғой, көздерінен төрт шелек су аққандай болды. Мұндай күліс, тұрып алып, мұндай жүріс болған емес. Сосын танысы  жанына отырып алып, не деді дейсіздер ме?  Айтайын ба?  Талып қалмайсыздар ма? Менің сыртымнан сыбап жүрмейсіздер ме? – Достым,  – деді ол көңілденіп, – естімедің бе не? – Жоқ. – Отменить етті ғой. – Түсінсем бұйырмасын! – Пара бермеуді! Бұдан былай үкімет қаулысын қорған етіп алып, кез–келген лауазым иесіне  пара беруіңе рұхсат. Оны депутаттар да қолдады. Бүкіл халық қолдап отыр. Жер–жерде пара беру іс–шаралары өтіп жатыр. Сен өзің бұл жаңалықты естімеген соң, қорқып, қалтырап отырғансың ғой. Пара біздің болашағымыз болды. Бар, жүгір! Пара берсең, жұмысың жүреді, бермесең,  ел күледі! Мәссаан, танысы тасқа лақ­тырып кетті. Қызылорда облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы  басшысы Жақсылық Оспановты құдай ұрды. Бәрі өтірік екен! Ол Қызылорда қалалық про­куротура­сынан мамандандырылған спорт мектептерін бағалауға келген қызметкрге сегіз миллион теңге көлемінде пара беремін деп жатып, тізелерін одан бетер қалтыратып алды.  Сөйтіп, спорт басқарма­сының  бұрынғы басшысы  тізелер деген өлең жазып жатыр.

Мара ӘБДІРҚЫЗЫ