Кеткен күйеу кері қайта ма?
Кеткен күйеу кері қайта ма?
225
оқылды
Менің бір таныс құрбым табан астында таңдайын жұтып қоя жаздады. Таңдайы өзінікі ғой, жұтса жұта берсін, құлағымды қолына бере салғандай тыңдасам, Алматыда Азиза деген көріпкел шығыпты. Бейсенова дейді ме... Лөбой кетіп қалған күйеулерді, аузы қисайып кеткен алқаш­тарды, шекелері шимайланған шарамы­галарды, басқа қатынның қойнында қамалып қалған күйеулерді, еркелеген еркектерді, дуаланған додабастарды, байлығына мастанғандарды, шайтан азғырып, ластанғандарды кері қайтарады екен. Сұмдық енді. Картамен бал ашып, қай қатынды қолтықтап бара жатқанына дейін айтады екен.  Суретіне қарап, дуаласа болды, ашынасын тастап, үйлеріне қай­тады екен. Барып қайтайықшы, ‒деді құрбым қиылып. Осындайларға сенесің бе? ‒деп сұра­дым мен. Сенгенде қандай! Күйеулерін қай­тарып алғандар да бар. Күйеуіңмен ажырасқаныңа қанша жыл болды? ‒Төрт жыл.  «Срогы» өтіп кеткен жоқ па? Бір жас сайқалмен жүр ғой. Шай­қатылып.  Сол ажырасқан келіншектің қай жері менен сұлу екен? Піштуу! Мұрыны‒пушка, өзі‒ «утка», беті‒ жалпақ, аяғы‒ талтақ, басы‒ қалтақ, еріні‒ сызық, мінезі‒ қызық, тірлігі‒ шыжық! ‒Ой, қойшы, біреуді жамандағанда, алдыңа жан салмайсың. Одан қанша балаң бар еді? ‒Бір ұл, бір қыз. Оңбаған сүмелек десе. Шарамыга. Миы жоқ есек. Оны дуалап алған ғой, дуалап алған! Ауыз‒басың қисайып қалғыр! Ет жей бергенде, тістерің түсіп қалғыр! Алға емес, ылғи артқа ше­гіншектеп жүретін болып қалғыр! Кір­піктері иегіне дейін өсіп кеткір! Неменеге қарғап отырсың? Онда Алматыға неге бармақпыз?  Осынша жек көретін болсаң? ‒Жәй, неоновый ләмпечке сияқты күйіп кетемін де. Балалары әкесін іздейді. Сонымен, құрбым екеуміз пойызға отырып, Алматыға шықтық. Барсақ, барып қайтайықшы дедік. Жол‒жөнекей де, құрбым құлағыма тыныштық бермеді. Бір кезде ол: Көріпкелге Серіктің суретін көр­сетейін бе, Құрманбектің суретін көрсе­тейін бе?‒деп сұрағаны. Көптен кездес­пеген құрб­ыма таңдана қарадым. Сен екі рет тұрмысқа шыққансың ба не? ‒Серік секеңдеп кетіп қалған соң, Құрманбекті жолықтырып... Одан бір қызым бар. Өөөй, алғашқыда жақсы көрініп жүр еді, сөйтсем, алқаш бір жүрген. Аузымен де, мұрнымен де ішеді. Көздерімен «зәкөске» жалайды. Құдай‒ау, ішіп алса болды, төмпештеп ұра береді ғой, ұра береді. Кейде: «Әй, қашан ұрасың? Ұйқыдан қашан тұрасың?» деп арамды тосып тұратын дәрежеге жеттім ғой. Оны­сымен қоймай, наркоман. Рас, басында бизнесмен болған соң тие салған едім, кот­тедж салып берді, астыма машина сатып алып берді. «Лексус джип» деген. Сөйтсеем, кейін құтырды ғой, бір жас то­қал аламын деп. Сотқа беріп, үйін, ма­шинасын алып қалдым да, қуып шықтым! Құдай бар болса, бетіне бес жүз жара шы­ғып, желкесіне жетпіс сыздауық шығып, өмір бойы гемморой болғыр! Неменеге жамандап отырсың? Қай­сы­сын қайтарғың келеді өзі? ‒деп сұрадым мен, ‒ Ажырасқан әйелдердің бәрі күйеу­лерін наркоман, алқаш, сүмелек етіп көр­сете беретіні несі? Өздеріне шаң жуыт­пайды. Неоновый ләмпечке сияқты күйіп кетемін де. Әй, осы Құрманбектің суретін көрсетемін‒ау? Кейінгі кезде түсіме кіріп жүр. Шашымды өріп береді ме, қасымды бояп жатыр ма... Содан, Алматыдағы күйеу қайтарғыш көріпкелге келдік. Әрең таптық. Жас келіншек екен. Құрбымның Құрманбегінің суретіне қарап отырды да: Тошына күйеуің бе? ‒ деп сұрады. Тошына. Мұрын астында мұрты бар? Ия. Тісінің құрты бар ма? Ия, құрттаған тісін жұлдырған еді. Қалай біліп қойдыңыз? Саусақтары он? Тура солай! Басы бар, басында шашы бар? Дәл өзі! Көздері екеу? Қалай біле бересіз? Сіздің күйеуіңіз қазіргі әйелін тастап, бір аптаның ішінде үйіңізге оралады, ‒деді көріпкел келіншек карталарын жиыс­тырып, ‒ Сізге бір құшақ гүлімен келеді! Торты бар ма? Жоқ, гүл сыйлайды! Ол да сізді қимайды. Көріпкелдің қолына жүз мың теңге ұстатып, қуанып қайттық. Бірақ, құрбымның Құрманбегі қайтып келмеді. Алты ай өтсе де, гүл сыйламады. Сөйтсек, Азиза Бейсенова әлеуметтік желіге  «жынды» жарнамасын орналастырып, «Жол ашамын, кетіп қалған күйеулеріңді қайтарамын» деген алаяқтық жолмен аңқау келіншектердің жүз мыңдаған ақшаларын қағып алып отырған екен. Ақырында, келіншектер арыздануға мәжбүр болды. Көріпкел күйеулерін қайтармаса қайтеді енді? «Көп асқанға бір тосқан» деген осы, бүгінде «Қатқанский» көріпкел заң алдында зар илеп жауап беруде. Осыдан кейін ақшаны картаменақ «атып» ала беретін киллер көріпкелдерге сенесіздер ме?

Жатыпатар ЖАНЫС