Шалдар шайқасы
Шалдар шайқасы
391
оқылды
«Қо-қо-қоқ!» – дейді ата қораз. Қазақ тіліне аударғанда: «Ей, пацан, жүндеріңді жұлып, қанатыңды сындырамын. Бұл төбелесті бес-ақ минутта тындырамын!». «Қоқи-қоқ, қоооқ, қоооқ!» ‒ дейді бала қораз.  Қазақ тіліне аударғанда: «Көке, көп сөйлей бермеші, қумашы!» Бұл қораздар төбелесі. Иттер де тістесіп, төбелесіп жатады. «Ауф, ыыыыррр, ауф!» ‒ дейді төбет ырылдап. Тәржімаласақ, былай болып шығады: «Ырылдап, ырбаңдай бермеші, а? Сенің қожайының кедей болғандықтан, азып, арықтап кетіпсің, бейшара!» Көрдіңіз бе, бір ғана «ауфтың» мағынасы  соншама кең, әжептеуір ойды білдіреді. «Ауфыңа ауф, ыррррыңа ырррр, Аууу, аууу!» ‒ деп төбелесе кетуге дайын тұрады  қаншық. Қазақша­лағанда: «Үйбай, менің қожайынымда жұмысың болмасын! Түсте торт, кешке пицса жеймін, ішің күйсе, тұз жала!». Жан-жануарларда жұмысымыз қанша, адам­дармен салыстыру да ойымызда жоқ, жәй, еске түсіп жатқаны да. Бүгінде төбелестің түрі өзгерген. Қарапайым  адамдардан бастап, биліктегілерге дейін төбелесіп жатады. Соған қарап, төбелесті жұмыссыздар төбелесі, жүйкесі жұқарғандар төбелесі, еріккендер төбелесі, бала-шаға төбелесі, жастар, мастар төбелесі, шенеуніктер төбелесі, депутаттар төбелесі деп топқа бөліп, ғылыми диссертация қорғауға болады.  Мысал ма? Алматыда сот орындаушысы мен қария төбелесіп, елге масқара болып жатыр. Жедел жәрдем қызметкер­лерін ұрып тастағандарды да естідік. Әншілер де бір-бірімен жұдырықтасып жатады. Ресейдің, Украина депутаттарының төбелесі жүдә қызық.  Біздің елде де ауыл әкімдері төбелесіп жатады. Жуан жұдырықты шенеуніктерді қоя тұрайық, Жуан жұдырықты шенеуніктерді қоя тұрайық, енді шалдар төбелесі деген шықты. Қариялар, ақсақалдар, абыздар деуге ауыз ұялып, ерін именеді. Масқара! Естідің бе? Түркістан облысында шалдар төбелесінен жарыс өткізіліпті! Е, өтірік айтпашы, Білмеймін, бірақ шалдар төбелесі болғаны анық! Қашан? Осы жақында! Кәдімгідей, зың-зың, дың-дың болған ба? Ой, оны айтасың, алдымен бір-бірлеріне теріс баталарын берген ғой! Қалай сонда? Міне былай: «Жолдарың болмасын, тірліктерің оңбасын, бастарыңа шымшық қонбасын, көшелерің шалшық болсын, сендерге мыстан кемпірлер ғашық болсын, ұйқыларың қанбай қалсын, газдарың жанбай қалсын, көршілерің көшіп, свететрің өшіп қалсын!» десе, екінші жақтағылар: «Сақалдарың өріліп қалсын, дамбалдарың көрініп қалсын, насыбайларыңды ата алмай қалыңдар, тістерің ауырып, жата алмай қалыңдар, тамаққа тоймаңдар, есік алдында бала-шағамен ойнаңдар!» деп бата берген дейді. Ой, сен де жібересің-ау? Енді дәл осылай болмаса да, теріс баталарын бергені анық. Түк түсінбей тұрмын, Қай жерде болған оқиға өзі? деп сұрайды досы досынан. Жаңалықтан  бейхабар екенсің ғой? Қамауда отырған кәсіпкер Хали Сармановтың аппеляциялық сотына қатысқан шалдар екі жақ болып сөзге келісіп қалыпты.  Бір жағы: «Сарманов сотталсын!» десе, екінші жағы: «Жоқ, оның кінәсі жоқ, қамаудан босатылсын!»  деп жатыпты. Екі достың әңгімесін осы жерден үзе салайық.  Сарманов басқарған өндірістік кооператив ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы өндірісімен айналысқан. «Бұл жерде әкемнің қарамағындағы 5 мың гектар жер мәселесі талайлардың көздерін қызықтырып отыр» дейді Сармановтың ұлы. Бұл даулы мәселеге сот нүкте қояр деп тереңіне үңіле қоймадық. Біздің айтпағымыз, ата сақалдары ауыздарына шыққан ақсақалдар әуелі бір-бірлеріне теріс баталарын беріп, сыртқа шыққан соң, жаппай төбелесті бастап кеткендері болып отыр. Қазыналы қарияларымыз осындай оспадарлыққа барғанда, олардан үлгі алатын жастарымыз не істеп, не қоймақ?   Масқара-ай!

Ақмарал АБДРАМАНОВА