Өнегелі өмірінде ел ісінен жырақтамады…
Өнегелі өмірінде ел ісінен жырақтамады…
73 жасқа қараған шағында Астана қала­сының экс-әкімі, Туризм және спорт экс-министрі, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті болып, ел спортын дамытуға орасан үлес қосқан Темірхан Мыңайдарұлы Досмұхамбетов дүниеден озды. Ордалы 30 жасына дейін бапкерлік мектебін қалып­тастырып, Кеңес Одағының құрама коман­дасында еңбек еткен білікті жаттықтыру­шының қазасы дүйім елге ауыр тиді. Еңбек жолын қарапайым жаттықтырушыдан бастап, мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген тұлғаның ауыз толтырып айтар еңбегі мол. 1949 жылы Қостанай облысында дүниеге келіп, 1972 жылы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтында, 1995 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған Темірхан Досмұхамбетовтің еңбек жолы көпке үлгі. Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор атанған азамат әуелде институтты аяқтаған соң әскери борышын өтеді. 1973-1985 жылдары Киров атындағы Қызыл Ту ордені Қазақ мемлекеттік университетінің Дене шынықтыру және спорт кафедрасында оқы­тушы, ассистент, аға оқытушы, техникалық бөлімнің меңгерушісі, 1985-1991 жылдары «Еңбек резервтері» Қазақ Республикалық БЕСҚ Кеңес төрағасының орынбасары, төрағасы, 1991-1996 жылдары Туризм жөніндегі «Яссауи» мемлекеттік акционерлік компа­ниясының президенті болды. Дәуренінде Кеңес Одағы мен Еуропадағы таң­даулы самбо бапкерлерінің қатарына қосылған оның жетістіктерін ел аңыз етіп жүр. 1977 жылы Алматы ір­гесіндегі Қарасу ауылының шаңдақ көшесінде өскен Айтжан, Бостан, Мәден, Қалилар негізін құра­ған Досмұхамбетовтің командасы Мәскеудегі әйгілі «Самбо-1970» командасын 9:1 есебімен тас-талқан қылып ұтып шыққаны естен кетпес оқиға. Ол кезде бұндай команданы жеңу адамның түсіне де кірмейтін жайт еді. Даңқты бапкердің шәкірттері оның «қатал болмай-ақ, биіктерге жеткізгенін» көп айтады. Бұдан кейін Мыңайдарұлы саяси аренада да өз орнын тауып, біліктігін көрсетті. 1996-1997 жыл ара­лығында Қазақстан Республикасы Жастар ісі, туризм және спорт министрі, 1997-1998 жылдары Туризм және спорт жөніндегі комитеттің төрағасы болып қызмет атқарды. Осы кезеңдерде Тәуелсіздік алға­ны­на көп болмаған ел спортшылары Олимпиада до­да­ларында топ жарып, дүниежүзіне таныла бастаған. Екі мәрте Президенттің Iс басқармасының бас­шысы болған Темірхан Досмұхамбетов 2003-2004 жыл­дары Астана қаласының әкімі атанды. Елор­даның Алматыдан Арқаға ауысқанына көп бола қой­маған кез. Жас қаланың өркендеп, инфрақұры­лым жаңарып, құрылыс қарқын алған кезі де тап осы Досмұхамбетов қала басшысы болып тұрған жылдар еді. 2006-2011 жылдары спорт саласына қайта оралып, Спорт және туризм министрлігін басқарды. Дәл осы кезеңдерде қазақ спортының асығы алшы­сынан түсіп жүрді. Бұл азаматтың тек қана бапкерлік емес, басқарушылық қабілетінің де мықты екенін айғақтаған болатын. Темірхан Досмұхамбетов өне­гелі өмірінде елден алыстап, істен жырақтап көрген емес. 2012 жылдың қаңтар айында бесінші шақы­рылымда Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, күрмеуі қиын талай мәселені көтерді. Жасында қолда барын шәкірттерінен аямай, кейін еңбегін елдік жолына арнаған айтулы тұлғаның тарихта аты қалуы тиіс. Бұл жолғы қаралы хабар қазақ спортының бір іргетасы құлағандай әсер қалдырды. Әйткенмен даңқты жанның ізін жалғар шәкірттері болар. Ал біз Темірхан Досмұхамбетовтің жақын-жуық, туған-туысының қайғысына ортақта­сып, көңіл айтамыз.  

 Aiqyn газетінің ұжымы