Ағайынды даукес Анатол мен Габриэль Стати Вашингтондағы сот процесінде жеңілгенін мойындады. Бұл туралы Әділет министрлігі хабарлады. Статилер әзірге тек Қазақстанның дипломатиялық меншігіне тыйым салу жөніндегі заңсыз талаптарын доғарды.
2021 жылғы 28 қазанда Молдова азаматтары Анатол мен Габриэль Стати АҚШ астанасындағы Қазақстанның дипломатиялық меншігін бұғаттау туралы өтінішін қайтарып алуға рұқсат сұрады: ол өтінішті 2021 жылдың шілдесінен бері Вашингтон федералды соты қарап жатқан болатын. Онда олар «Қазақстанның Вашингтондағы дипломатиялық резиденциясы коммерциялық кеңсе ретінде пайдаланылады» деп жалған айтқан. 2021 жылғы тамызда Қазақстан сотқа барлық материалды ұсынып, Статидің бұл мәлімдемесі жалған екенін дәлелдеді. Қазақстанның дәлелдемелеріне жауап беруге тырысудың орнына Стати екі рет қарау мерзімін ұзартуды сұрады. Сот бірінші сұранысты қанағаттандырды. Алайда екінші сұранысын қабылдамай, оларға 2021 жылғы 29 қазанға дейін жауап беруді бұйырды. Осы мерзімнің бітуіне бір күн қалғанда Стати ақталуға тырыспау үшін өтінішін қайтарып алуға рұқсат сұрады. Статидің сотта жалған мәлімдемелер жасау, содан кейін сот шешімін күтудің орнына өз өтініштерін кері қайтарып алу бойынша мұндай әрекеттері – олардың Қазақстан беделіне нұқсан келтіру жөніндегі жалғасып жатқан науқанының бір бөлігі. Стати Англиядағы сот процесінде де дәл осы тәсілдерді қолданған. Лондонда Қазақстан Статидің негізгі төрелік шешімді алаяқтық жолмен алғанын дәлелдеген кезде, Стати жауап ретінде сотқа жүгінудің орнына, өздері бастаған процесті орта жолда тоқтата салып, одан бас тартты. «Қазақстанның дипломатиялық меншігіне тыйым салу туралы Статидің заңсыз талабы өтірікке негізделген. Вашингтонда өткен талқылауда Статидің өз жеңілісін мойындауы Қазақстанның осы тұжырымын растайды. Бұл – Статидің сотта жалған мәлімдемелер беру және БАҚ-ты адастыру жолымен жүргізіп келе жатқан сұрқия науқаны аясындағы үйреншікті әрекеті. Біз әділеттіліктің орнағанына қуаныштымыз», – деді Әділет вице-министрі Алмат Мадалиев. Дегенмен Қазақстан және Стати арасындағы дау жалғасып жатыр.Айхан ШӘРІП