Субсидия қаржысына қол салған 30 адам күдікке ілінді

Субсидия қаржысына қол салған 30 адам күдікке ілінді

Коррупциямен күресетін құзырлы орган қалалар мен облыстарда арнайы опе­ра­ция өткізген. Оның егжей-тегжейі енді белгілі болды. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің ұйымдары мен бөлімшелерінде және әкім­діктерде 30-дан астам адам бюджет қаражатын ұр­лады деген күдікке ілігіп отыр. Бұл жөнінде Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төраға­сының көмекшісі Шыңғыс Алекешев хабарлады.

«Антикоррупциялық қызмет кең ауқымды арнайы операция нәтижесінде АШМ-нің бағы­ныш­ты ұйымдары мен бөлім­ше­леріндегі, сондай-ақ Нұр-Сұл­тан, Шымкент қалаларының, Түр­кіс­тан, Ақмола, Жамбыл, Шы­ғыс Қазақстан, Батыс Қазақ­стан, Аты­рау және Ақтөбе об­­лыс­тары әкімдіктеріндегі тұл­ғалар құрған қылмыстық топтар­дың жолын кесті», – деді Шың­ғыс Алекешев. Оның айтуынша, ұсталғандар субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын ұрлаумен айналыс­қан. Бұған қоса, кәсіпкерлерден пара, заңсыз сыйақыларды жү­йелі түрде алудың коррупциялық схемаларын ұйымдастырған көрінеді. «Қазір тергеу іс-шаралары жүр­гізілуде. Заттай дәлелдемелер тәркіленді. 30-дан астам тұлға анықталды. Олардың көбі мо­йын­дап, куәлік етуде және тер­геу­шілермен ынтымақтасуда. Тер­геу мүддесі үшін басқа ақпа­рат жариялауға жатпайды», – деп нақтылады агенттік басшысы­ның көмекшісі. Бұған дейін Антикор қос ме­гаполисте, Түркістан, Шығыс Қа­зақстан, Батыс Қазақстан, Ақ­мола, Ақтөбе облыстарында  тергеу-жедел іс-шаралары жүргі­зіліп жатқанын хабарлаған. Бар­лық тұтқындау ауыл шаруа­шы­лығына арналған субсидияларды ұрлаумен байланысты. Жалпы, бұдан бұрын хабар­ланғандай, кейінгі 5 жылдың өзін­де субсидиялауға 2 триллион теңгеден астам қаржы шығын­далған. Агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы суб­сидияны талан-таражға салу­мен байланысты.

Айхан ШӘРІП