Мораторий малға жақпаған ба?

Мораторий малға жақпаған ба?

Үкімет бизнесті тексеруге енгізілген президенттік мораторийді ішінара тоқтату туралы ұсы­ныспен қайта шықты. Бұл жолғы бастама  ветеринария саласындағы бақылауды күшейтуге қатысты. Себебі еліміздің өзінде және айналасында – Ресейде, Қытайда, Еуропада эпи­зоо­тиялық ахуал күрт нашарлады. Жалпы, ғалымдар соңғы жылдары үй жануарлары арасында түрлі эпидемия қатты ушығып бара жатқанын айтады, тарихта мұндай бұрын-соңды болмапты. Осы жағдайда Қазақстан қамсыз, қол қусырып қарап отыра алмаса керек.

Ұлы даланы 68 індет түрі жайлай ма?

Мәселенің мәнісі мынада: елі­міз­­дің жаңа тарихында алғаш рет жал­­ғыз құс тұмауының өзі 2 мил­лион­­нан астам тауықты қырып сал­­ды, елге миллиардтаған теңге шы­­ғын келді. Бұдан қалды, ш­е­ка­ра­лас аймақтарда нодулярлы дер­матит, шошқаның африкалық оба­­сы, күйдіргі және басқа да аса қауіпті індеттер белең алуда. Де­мек, құзырлы органдардан пәр­мен­ді қимылдау, тегеурінді тос­қауыл қою талап етіледі. Алайда тексерулерге тыйым са­лынуы нәтижесінде ветери­нар­лық инспекторлар құс фаб­ри­ка­ла­рын, бордақылау алаңдарын және бас­қаларын бақылай алмайды. Адам­дар малдың ауру екенін біле тұра немесе одан хабарсыз бола тұра, оны өз бетінше соя салады. Сөй­тіп, аса қауіпті індетке шал­ды­ғады. Бірақ айналып келгенде, бұ­қара эпидемияға жол бергені үшін бәрібір ветеринарларды айып­тайды, жергілікті билік өкіл­де­рін тілдейді, мемлекетке нара­зы­лық туады. Бизнеске жаққанның бәрі халық пен билікке жарай бер­мейтіні байқалуда. АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төраға­сының міндетін атқарушы Бауыр­жан Абызбаевтың айтуынша, қазір Қазақстан аумағында эпизоотия­лық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданып жатыр. «Республика аумағында жа­нуар­лар арасында таралу қаупі жо­ғары, ерекше қауіпті аурулар ті­зіміне 68 індет түрі енгізілді. Оның 45 түрі бойынша Қазақстан­дағы эпизоотиялық ахуал әзірге қолайлы. 23 түрін малдардан анық­тау және вакцина салу бо­йынша арнайы ветеринариялық-профи­лактикалық іс-шаралар жүргізі­лу­де. Бүгінде жануарлардың аса қа­уіпті ауруларына қарсы вак­циналау бойынша 139 миллиондай ма­ни­пуляция жүргізілді. Бұдан бөлек, 53 миллионнан астам диаг­нос­ти­ка­лық зерттеу жүзеге асы­рылды», – деді Б.Абызбаев. Жүргізілген 28 млн зерттеуде бруцеллез жұқтыру үлесі – 0,12. «2021 жылдың басынан ел ау­мағында 345 қолайсыз пункт тір­келді. Соның ішінде жануарлардың жіті инфекциялық ауруларының 171 және бруцеллездің 174 ошағы анықталды. 285 қолайсыз пункт қал­пына келтірілді. 60-ында са­уықтыру шаралары жалғасуда», – деді АШМ өкілі. Тұтастай алғанда, Қазақстан ау­мағында эпизоотиялық тұрақ­тылықты сақтау бағытындағы жұ­мыс Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің ерекше бақылауына алыныпты.

Індет 5 құс фабрикасын бос қалдырды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­тың 2019 жылғы 26 желтоқсанда­ғы №229 Жарлығына сәйкес, 2020 жылдан бастап «Қазақстанда тек­серулерге және профилактика­лық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге» 3 жылдық мо­раторий енгізілгені мәлім. Оның күші тек 2023 жылы аяқталады. Бірақ әлем­дегі жағдай күрт өз­геріп, бұл ше­шімге шетін өзгеріс енгізуді талап етуде екен. Осы орайда Ауыл ша­руашылығы ми­нистрлігі аталған Жарлыққа то­лықтыру енгізетін Президенттің жа­ңа Жарлығының жобасын әзір­леп шықты. Үкіметті былтыр бюджетті қып-қызыл шығынға отырғызған құс тұмауы шошытты. Ел Прези­дентіне түсіндірме жазбасында Премьер-Министр Асқар Мамин эпидемиологиялық күрделі ахуал­дың созылмалы сипат алуы аясын­да елдегі эпизоотиялық жағдай нашарлағалы тұрғанын мәлімдеді. Үкімет басшысының байламын­ша, бұған 2020 жылғы «жоғарыпа­то­генді құс тұмауының» (ЖҚТ) жап­пай өршуі айқын дәлел. «Небәрі екі айда, 2020 жылғы қыркүйек-қазанда республиканың бірден 8 облысының аумағында құс тұмауының 98 ошағы тіркелді. Жануарлардың аса қауіпті ауруы­ның осынша кең ауқымда таралуы бұрын-соңды болмаған. Сондай-ақ ЖҚТ (H5N8) вирусының жаңа подтипі де алғаш рет тіркеліп отыр. Бұл індеттен мемлекетке келген экономикалық залал 3,1 миллиард теңге: осы сома ауру және жо­йыл­ған үй құстарының иелеріне өте­м­ақы ретінде төлеу үшін респуб­ли­калық бюджеттен бөлінді. Бірден 5 құс фабрикасы шығынға батты: олардағы құстардың барлық басы жойылды! Жалпы саны 2 миллион құс қырылды, оның 97%-ы – құс фабрикаларындағы құстар», – деді Асқар Мамин. Шығын сонымен бітпейді. Мұның сыртында құс тұмауының алапат толқынын тоқтату үшін Үкімет 2020 жылы ветеринариялық препараттардың республикалық қорын ашты: құс тұмауына қарсы жалпы құны 225,9 миллион теңге тұратын 4,4 миллион доза вакци­наны бөліп, қаупі жоғары өңірле­рімізде құстарға мәжбүрлі вакци­налау жүргізді. Үй құстарына келген індет биыл да қайталануы ықтимал еді. Оған жол бермеу үшін мемлекетке былтырғыдан 3,5 еседей артық шы­ғындалуға тура келді: 2021 жылы жалпы құны 806,6 миллион теңге болатын 19,3 миллион доза вакцина сатып алынды. «Әлемде жануарлар аурулары бойынша эпизоотиялық ахуал күрделі. Халықаралық эпизоотия­лық бюроның дерегінше, ЖҚТ індетінің тіркелуі Еуропа, Шығыс Азия, Қытай, Ресей және басқа да шекара маңындағы елдерде жал­ғасуда. Жоғарыпатогенді құс тұ­мауын тарататын негізгі көз – жабайы және синантропты құстар миграциясы», – деді Премьер-Министр.

Талпақ танаудың бойы тұнған кесел

Үкіметті бүгінде шошқалардың африкалық обасы (ШАО) бойын­ша эпизоотиялық ахуалдың на­шар­лағаны да қатты алаңдатады. Атап айтқанда, Еуропада оның 2 088 ошағы, Қытайда – 8, Ресейде 47 ошағы анықталды. Әшкере­лен­бегені қанша?! Татарстан аң аулауға шұғыл тос­қауыл қойған: аңшылар жабайы «олжасымен» бірге Ресейде кең жайылып бара жатқан шошқалар­дың африкалық обасын қала мен ауылына алып келуі мүмкін. «Рос­сельхознадзор» Ростов түбінде өліп жатқан доңыздардан ШАО вирусын тапты. Африкалық індет сондай-ақ Удмуртияда, Төменгі Тагилде, Калугада, Липецк, Амур, Саратов, Свердлов, Челябі облыс­тарында, Пермь өлкесінде әшке­реленді. Ресейдің көптеген өңі­ріндегі дүкен сөрелерінен ШАО жұқтырған мал еті анықталып, жаппай тәркіленуде. Обнинск би­лігі осы індетке бола, жәрмеңке атау­лыға тыйым салды. Хабар өл­ке­сінде ШАО-ға байла­нысты тө­тенше жағдай жария­лан­ды. Мұның бәрі тек 2021 жылғы қазан айында болғаны ғана! ШАО-ны негізінен, өре қа­шып, өзге елдерге ауған жабайы қа­бандар және жайлауда еркін жа­йылатын үй доңыздары тара­тады. Сондай-ақ індет қанат жай­ған елдерден та­сылатын азық­жеммен бірге вирус­тың келу қаупі бар көрінеді. Қазақстанда шошқалардың африкалық обасы әзірге тіркелген жоқ. Бірақ Ресейдің елімізбен шектесетін барлық өңірінде ол індет өршіп барады. 2021 жылы Ресей аталған вируспен күрес ая­сында жарты миллионға жуық (400 мыңнан астам) шошқаны жойды. Ал Қытайда осы жануардың бүкіл популяциясының 50 пайыздайы жойылыпты. Басқа эпидемиядан да қауіп бар: 2021 жылдың басынан Қазақ­станның 6 облысының тұрғындары арасында күйдіргінің 17 жағдайы тіркелді. Кейбір ақпарат құралдары «Сібір жарасы» деп аударып жүр­ген бұл аса қауіпті аурудың 2020 жылғы 8 айда тек 4 дерегі ғана тір­келген болатын. Яғни, биыл 4 еседен астамға артып шыға келді. «Биыл Түркістан облысында – 7, ШҚО-да – 4, Қостанай облы­сын­да – 3, ал Солтүстік Қазақстан, Жам­был облыстарында және Шым­кент қаласында бір-бір де­ректен тіркелді. Жалпы, респуб­лика бойынша 2021 жылдың 8 айында халықтың күйдіргімен сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда – 0,08 деректен келді. 2020 жылы 0,02 болған, яғни күйдіргімен сырқаттанушылық деңгейі былтырдан 4 есе өсті», – деп мәлім етті министрлік.

Қамданған қапы қалмайды

«Мұның бәрінің мораторийге қандай қатысы бар?» деген сауал туындауы мүмкін. Эпидемио­ло­гиялық тергеп-тексеру қорытын­дысы көрсеткендей, адамдар күй­діргіні ветеринариялық куәлан­дырылмаған сиыр, қой, жылқыны союға, етті мүшелеуге қатысу ке­зінде жұқтырған. Премьер түсіндірме жаз­ба­сында шағын, микрокәсіпкерлік нысандарын барып тексеруге, про­филактикалық бақылау, қада­ғалау жүргізуге тыйым салынуы саладағы ахуалды күрделендіріп жібергенін айтады. «Өйткені ветеринария сала­сындағы бақылау объектілерінің негізгі үлесі – шағын және микро­кәсіпкерлік субъектілері. Мора­торий салдарынан ветеринариялық инспекторлар құс фабрикалары мен басқа да мал шаруашылығы кәсіпорындарына тексеру жүргізе алмайды. Тиісінше, ветерина­рия­лық-санитариялық талаптарды бұзу деректерін жою бойынша ұсы­нымдар мен нұсқамалар бер­мейді», – деді Асқар Мамин. Мысалы, аса қауіпті құс тұ­мауы­ның өршуіне байланысты құс фабрикаларын эпизоотиялық тек­серу барысында біраз былықтың беті ашылды. Ауыл кәсіпкерлерінің ветеринариялық-санитариялық талаптар мен нормаларды жаппай аяқасты еткені белгілі болды. Ай­талық, құс тұмауы даладағы жа­байы құстардан жұғатыны мәлім. Ауылдықтар тауық, қаз, үйрегін аулада бағады, немесе көл жаққа қоя береді. Ендеше олардың дертке шалдығуы қиын емес. Алайда ма­мандар үнемі жабық кешенде тұ­ратын құс фабрикаларындағы тауықтардың қалай жұқтырғанын түсіне алмай, дал болған. Оның себебін тексерулер әш­кереледі: фабрикалардың құстарға жем мен су беру бойынша техно­логиялық схемалары ақаулы болып шықты. Соның кесірінен, желдету, жем, су беру жүйелері арқылы жа­бық кешендерге жабайы құстар, иттер мен мысықтар еркін еніп ке­те берген. Бұдан өзге, вете­ри­нарлар вакцинаның кешігуіне байланысты құстарды құс тұмауы­на қарсы екпеген. Үкімет жетек­шісінің пікірінше, осы кемшіліктер уақытылы жойылғанда, құс фаб­рикаларында індет осынша ау­қымда таралмайтын еді. Осыған орай тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды морато­рий аясынан шығарып алу ұсыны­лып отыр. Сонда індеттер кең та­ралмауы үшін мемлекеттiк ветери­нариялық-санитариялық бақылау және қадағалау органдары дер кезінде тексеріспен барып, сынама алып, диагностика қояды, сарап­тама жасай алады.

Айхан ШӘРІП