Студенттер сергелдеңі бітер емес
Студенттер сергелдеңі бітер емес
158
оқылды

2015 жылы Елбасы – «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы жатақхана тапшылығы мәселесін шешіп, пысықтауды тапсырған болатын. Бірақ тапсырма әлі күнге  дұрыс орындалмаған сыңайлы. Биыл қыркүйек болмай тұрып-ақ Алматыдағы студенттер жатақханаға орналаса алмай, пәтер таппай, әбден сергелдеңге түскен. Сөйтсек, мұндай жағдай өзге өңірлерде де қайталанып жатыр. Ал осыны пайдаланған пәтер иелері пәтер құнын шарықтатып әлек. Енді студенттерге білім іздеуден бұрын, баспана іздеу маңызды болып шықты.

Таяуда Көкшетау қаласында 4 мыңнан астам студент баспана таппай жүргені мәлім болды. Оқу жылының басталғанына 2 ай уақыт өтіп үлгерді. Бірақ мәселе әлі шешілмеген. Қалада жалдамалы пәтер құны 60 мың теңгеден асады. Жатақханадағы орындардың көбі «Серпін» бағдарламасымен өзге өңірлерден келген студенттерге берілген. Қаладағы бір ғана Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 1 мыңнан астам студенті жатақханасыз жүр. 150 студенттің баспана мәселесін реттеу үшін шаһардағы қонақүйлермен де келісім жасалған. Онда тұратындар айына 37 мың теңгеден төлейді. Әйтеуір қолайлы екені рас. Бірақ қалғаны қайтпек? Ал жаңа жатақхананы жеке кәсіпкерлердің көмегімен салу жоспарланып отыр екен. Дегенмен оның өзі бүгін болар дүние емесі анық. – Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 500 орындық жаңа жатақхана құрылысының құжатын дайындап жатырмыз. Құрылыс жұ­мыс­тарына қолдау көрсететін кәсіпкер табылды. Енді қордаланған мәселе шешімін таппақ, – дейді Ш.Уәлиханов атындағы мемлекеттік университеттің проректоры Ғалым Байтүк. Өңірде 2025 жылға дейін 2 700 орын­­дық 7 жатақхана салу жоспарлан­ған. Бірақ бұл секілді жоспарға той­ғанымыз тағы рас. Ал инвесторлар жатақхана құрылысымен айналысуға құлықсыз. Егер білім беру мекемелері студенттердің 30 пайызын жатақхана­мен қамтамасыз ете алмаса, лицензиядан айырылуы мүмкін.

Пәтер құны панасызға қолбайлау

Болжам бойынша, бүгінде 80 мың студент баспана таппай жүр. Бір нәр­сені байқау қиын емес – пәтер жалдау құнының қымбаттауы биылғы оқу жылы дәстүрлі форматқа қайта көшкен кезеңмен тұспа-тұс келді. Студенттер оқу орындарына күнделікті қатынап білім алу үшін қалаға ағыла бастаған сәт­те баға шарықтады да кетті. Демек, осы кезді пәтер иелері өз мүддесіне сай ұтымды пайдаланды. Бағаның көте­рілуіне келгенде риэлторларды да «сүт­тен ақ, судан таза» дей алмаймыз. . Пәтерақының өсуімен қатар олардың да сұрайтын ақысы еселеніп, жұмыс істеу тәсілі өзгерді. Былтыр ғана 15-20 мың теңге шамасында болған риэлтор қызметінің құны осы күні 30 мың теңгеден асып кетті. Қазір елімізде 430-ға жуық жылжымайтын мүлік агенттігі бар. Рас, халықаралық тәжірибеде жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру риэлтор арқылы жүзеге асады. Себебі ол да маман, сертификаты, лицензиясы болуы тиіс. Жауапкершілік арқалайды. Келісімшартта жазылған талаптардың бәрін орын­дауға міндетті. Ал біздің заңнамада риэлтордың құқықтық жағдайы белгіленбеген. Біздің заң­нама­мызда риэлтор туралы, оның қыз­меті туралы еш заң жоқ. Соның кесірінен бассыздық белең алды. Тамызда Алматыда пәтер құны сұмдық шарық­тағаны есте. Студенттер келген сәтте елордада да пәтер жал­даудың орташа құны 239 мың теңгеге тірелді. Баға 3 пайызға өскен. Сұра­ныстағы бір бөлмелі пәтерді жалға алу бағасы 170-180 мың теңгеден асты. Қала орталығындағы бір бөлмелі пә­терде тұру үшін 200 мыңнан көп сұ­райды. Бұл құнды көп студенттің қал­тасы көтере бермейтіні айқын.

Жатақхана мәселесі бүгін шешілмейді  

Осы күні Қазақстанда жалпы 1,1 миллионнан астам студент бар. Ал соның 174 мыңы, яғни 16 пайызы ғана жатақханамен қамтылған.Осыған қарап-ақ жағдайды бағамдай беріңіз. Мемлекет те құр отыр деуге ауыз бармайды. Тапсырма жүктеліп-ақ жатыр, дегенмен орындалу процесі ақсап тұр. Жастарға қатысты мәселелерді жиі көтеріп жүрген Мәжіліс депутаты Ел­нұр Бейсенбаев қазір еліміздің студенттеріне ең аз дегенде, минималды өлшеммен 80 мың орын қажет екенін айтады. – Осы мәселе көптен бері өзекті. Тапсырма түсті, өңірлердегі орындалуы кем боп тұр. Проблеманы айтып, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдадық. Жатақхана, әсіресе Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жетіс­пейді. Алматы қаласында 170 мыңға жуық студент білім алса, оның тек 31 мыңы жатақханамен қам­тылған. Дәл қазірдің өзінде Алматы қаласы бойынша 35 мың орын жеткіліксіз. Жатақханаларды реконструкциялау, жөндеу бойынша жұмыс істеліп жатыр. Жылдың аяғына дейін 10 мың орын пайдалануға берілуі тиіс, – дейді депутат. Білім және ғылым министрлігі осы жылдың соңына дейін 37 жаңа жатақ­хана пайдалануға берілетінін мәлім­деді.Оқу орындары мүмкіндігіне қарай өз ақшасына да жатақхана салмақ. Ал кейбір университеттер тұрғын үй, жатақхана мен қонақ­үйлерді жалға алып, соған студенттерді орналастыруға кіріскен. Министрлік мәліметінше, қазір 13 жоғары оқу орны 5 мың студенттің тұратын жерін жалға алып отыр. Ал келесі жылы тағы 60-қа жуық студент үйі пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Дамыған елдерде оқу орындары студенттерінің кемі 70 пайызын жатақханаға орналастыра алуы тиіс. Бұл талапқа біздегі оқу орындары сай келмейтіні айтпаса да белгілі. Жыл сайын студент қатары артып жатыр. Жатақхана мәселесі шешім таппаса, пәтер жағалайтын жастардың саны алдағы уақытта да кемімесі анық.

Мадияр ТӨЛЕУ