«Алтын орданың» айналма жолы қашан ашылады?
«Алтын орданың» айналма жолы қашан ашылады?
249
оқылды

Алматы қаласындағы ең үлкен ке­п­телістің көзі болған Алматы-Біш­кек тасжолы бойындағы «Алтын ор­­да» базары тұсындағы магис­трал­­­ды эстакадалық көпір құрылы­сы­ның басталғанына төрт жыл бол­­­ды. Нақтырақ айтсақ, көпір құ­ры­­­лысы 2017 жылы қазан айында бас­­талған. Ол жоспарға сәйкес 2019 жылдың аяғында аяқталып, тап­­сырылуы керек еді. Алайда «са­қал­ды құрылыс» әлі күнге дейін бі­тер емес.

«Алматы-Бішкек»  күрежолының 786-790 шақырым тұсын, яғни «Алтын Орда» базары маңындағы бөлігін аяқтау үшін бұл күнде 215 адам мен 30 техника жұмыл­дырылған. Автомобиль жолы таға іспетті 2 көпірден және 4 жолақтан тұрады. Көлік жолының ұзындығы 4 шақырымға жуық болса, көпірдегі жолдың ұзындығы 600 метрді құрайды. Бұл автокөлік жолы Алматының батыс аумағында орналасқан. Қаланы Шымкент қаласымен және Өзбекстан шекарасымен байланыстырады.

Уәде беруден шаршамады

Жобаның аяқталуы неге сағызша созылып кеткенінің себебін жауапты мекемелер әр кезде әртүрлі себеппен түсіндіріп келген. Соның бірі ретінде жер телімін сатып алуға қатысты мәселе туындаған­дықтан, бірнеше рет кейінге қалдырылғаны айтылып жүрді. Сонымен қатар сол маңайдағы жанармай құю бекеттерінің иелерімен келісу де біраз қиындық тудырған. Тағы бір себебі ретінде коронавирус індетіне байланысты түрлі карантин шектеуін атаған еді. Десе де, карантин шектеулері алынып, құрылыс нысаны қайта жандана баста­ғанына да біраз уақыт өтті.  «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Алматы облыстық филиалы директорының бұрынғы орынбасары Қуаныш Рахымжанұлы 2020 жылдың қарашасында журналистерге берген сұхбатында, «Қазір құрылыс нысанын жоспар бойынша өткізуге дайындап жатырмыз. Жол құрылысымен қатар тағы «Райымбек» ауылының тұсымен «Алтын орда», «Апорт» сауда үйі алдына жаяу жүргіншілер көпірін қолданысқа береміз. Биыл жаңа-жылда нысанды толық өткіземіз», – деген болатын. Жауапты мекеменің басшысы берген бұл уәделі мерзімнің өткеніне де  бір жылға жуықтады. Алайда алматылықтардың бас ауруына айналған небәрі төрт шақырымдық құрылыс әлі жалғасып жатыр. Аталған нысанның құрылысына жауапты  «ҚазАвтоЖол» ҰК-ның өкілдері соңғы рет жасаған мәлімдемелерінде осы қазан айының аяғына дейін аяқтайтынын айтқан болатын. «Қазір көпір құрылысының сол қапталы толықтай бетондалып, оң жақ бетінің 100 метрлік аумағына цемент төсеме құйылған. Оң қапталының көлік жүрер тасжолын бетондау үшін қалып құю, арматура қаңқасын өру секілді жұмыс жүргізіліп жатыр. Магистралды эстакада­лық көпір жұмысында еш кедергі жоқ. Бұйыртса, мерзімінде аяқталады. Көпір құрылысы осы жылдың қазан айында аяқталып, қол­данысқа беріледі», – деген-тін. Тіпті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы көктемде Алматы қаласын дамыту мәселесі бойынша өткен жиналыста  «Алтын Ордадағы» жолайрығының салыну барысын сынға алып, оны биыл бітіруді тапсырған болатын. Сол жиында Президент Үкімет басшысына осы құрылыстың тезірек аяқ­талуына қатысты нақты тапсырма да берген болатын. Көп ұзамай, маусым айында брифинг өткізген еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов аталған жолайрықтың құры­лысы осы қазан айының аяғына дейін бітетінін айтып сендірген еді. Сол жиында министр Президент сынынан кейін құрылысты жүргізуге жаңа мердігер компания тартылғанын да айтқан. «Ол жерге жаңа мердігерді қойдық. Көктемде  Мемлекет басшысының тарапынан сыни пікірлер айтылған болатын. 2017 жылы құрылыс жұмыстарын жүргізуді бастаған мердігермен біздің Ұлттық компания барлық келісімшарттардың күшін жойды. Қазір басқа жаңа компания жұмыс істеп жатыр. Жоспарымыз бойынша жыл­дың аяғына дейін жұмыстарды аяқтаймыз. Көпірдің құрылысы шамамен қазан айында бітеді деп топшылап отырмыз», – деген болатын  Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі.

 Кептеліс кесірі көп

Бітпей тұрған қос көпір құрылысының салдарынан болатын кептеліс кезінде бәрінен бұрын жедел жәрдем қызметі мен өрт сөндіру машиналарына қиын. Сығылысқан кептеліс кесірінен қызметтік көліктер төтенше жағдай орнына уақытылы жете алмай қалатын жағдай жиі кездесетін көрінеді. Осы жедел жәрдем демекші, жақында қаламен шектесіп жатқан Райымбек ауылы тұсында орын алған жол-көлік оқиғасы кезінде жедел жәрдем кептелістен кешігіп жетем дегенше бір азамат оқиға орнында қаза тапқан жағдай да кездескен. Бұл жағдайды сол жерде болған куәгерлер растаған.  Шындап келгенде, оқиға болған жер мен қалалық №7 аурухана арасы бар болғаны төрт-бес аялдамалық жер. Алтын орда Бұл жағдай күнделікті мегаполиске қатынап жұмыс істейтін іргелес аудандар мен ауылдардың тұрғындарына тіптен қиын. Райымбек ауылының тұрғыны Шоқан Жұмашұлының айтуынша, іргедегі қалаға барып жұмыс істейтін азаматтар көп. Бірақ қалаға жету үшін таңғы алтыда жолға шығады екен. «Мен қалаға күнделікті қатынап жұмыс істеймін. Таңертеңгі уақытта тиіп тұрған қаладағы жұмысқа үлгеру үшін үйден таңғы алтыда шығамыз. Кешкісін кептелісте бір жарым, екі сағат тұру үйреншікті болып кетті. Анда-санда жол-көлік оқиғасы болған кездерде 3-4 сағаттап тұрып қаламыз. Кейбір айналып өтетін төтенше жолдар бар. Ол жақпен жүрсең көлігін құриды. Тіпті, ол жақта да қазір кептеліс болып қалатын жағдай болады. Төрт жыл болды. Тезірек бітірсе екен. Басында басталғанда 2019 жылдың аяғында бітеді екен деп еді. Міне, 2021 жыл бітуге таяды. Әлі салынып жатыр. Қалаға күнделікті  қатынайтын мыңдаған адамға бұл көпірдің құрылысы айтарлықтай қиындық тудырып отыр», – дейді тұрғын.

Енді жыл соңын күтеміз

Ал жыр болған құрылыс жобасына тікелей жауапты «ҚазАвтоЖол» ҰК Алматы облыстық филиалы басшылығының бізге берген жауабына сенер болсақ, үлкен Алматы айналма автомобил жолының күретамырында тұрған аталған көпірдің жұмысы алдағы қараша айының соңында аяқталып, қолданысқа берілмек. «Иә, «Алтын орда» базары тұсындағы «таға» іспетті эстакадалық көпірдің жұмысы біршама кешігіп жатқаны рас. Қазір нысанның бір жағы толықтай аяқталды. Екінші жағы жұмыстарының жартысынан көбі бітті. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң арнайы құзырлы орындардың тексерісінен кейін толықтай пайдалануға береміз. Құрылысты алдағы қараша айының аяғында толық бітіреміз деп жоспарлап отырмыз», – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК Алматы облыстық филиалының басшысы Болатбек Айтпаев.

Жоба тұтас 2023 жылы аяқталады

Айта кетейік, аталған  жол учаскесі біткен кезде, төрт шақырымдық жол әр бағытта бес-бестен он жолақты болады. Жоба бойынша эстакадалық көпір біткен кезде Абай ауылы мен «Асыл Арман» шағынауданынан шығуға және бұрылуға батыс пен шығысқа қарай еркін айналып кіруге мүмкіндік жасалмақ. Бұл шешім күрежол бойындағы жылдар бойы жыр болған кептеліс мәселесін біржола шешеді деген үміт бар. Ал айналма жолдың құрылысы толық аяқталған кезде «Апорт» СО, «Алтын Орда» СО, Асыл Арман мен Райымбек ауылы маңына жолүсті өткелдері салынады. Бұл кептелістен тұншыққан қала тынысының ашылуына айтарлықтай ықпал етеді. Жалпы, үлкен Алматы айналма автомобиль жолы толық аяқталған кезде   көлік кептелісі мәселесін азайтады, екіншіден қаланың басқа өңірлермен қарым-қаты­насы үшін маңызды. Айналма жол Алматы қаласымен қатар, облыстың Қарасай, Іле және Талғар аудандарын байланыстырады деп күтілген. Жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 66 шақырым болатын аталған жоба 2023 жылы толықтай аяқталуы тиіс.  Бірақ 4 жылда бір көпір сала алмаған шенділер сол мерзімде тұтас жобаны аяқтай қоярына сенім аз болып тұр.

Нұрболат АДЫРБЕК, Алматы қаласы