Бауырлас елмен байланыс берік
Бауырлас елмен байланыс берік
169
оқылды

Тәуелсіздік жылдары елі­міз бір­қатар  мемлекетпен  ын­ты­мақтастық орнатып, «бауыр­лас қалалар» мәрте­бесіне қол жеткізді. Бұл өз кезегінде рухани һәм мәдени байланысты нығайтып, эко­номикалық тұрғыдан да жаңа мүмкін­діктерге жол ашты. Тараз шаһары да көршілес Қырғыз елімен қарым-қа­тынасты күшейтіп, бүгінде бауырлас өңір атанып отыр.

Осы орайда ел Егемендігінің 30 жыл­дығы шеңберінде Тараз төрінде Қырғыз Республикасының Талас және Шу облыс­тарының күндері өтіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың  көкжиегі  кеңейе түсті. Айыр қалпақты ағайын ең әуелі «Көне Тараз» этно-мәдени кешенінде қырғыз ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілерінің жәрмеңкесін ұсынды. Жәрмең­кені Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қырғыз Республикасы президентінің Шу облысындағы уәкілетті өкілі Эркін Тентішев және Талас облы­сын­дағы уәкілетті өкілі Бақытбек Нарбеков  аралап,  саудагер мен тұтынушылармен тілдесіп,  өнім түрлерімен танысты. – Қазақ пен қырғыз – бауырлас халықтар. Бізді көпғасырлық ортақ тарихымыз, берік достық пен тату көршілік қарым-қатынас байланыстырады. Екі ел арасын­дағы бірлікті одан әрі нығайта түсу – біздің ортақ міндетіміз. Ежелден келе жатқан дәстүрлі мәдени байланысымызды жал­ғастыру қажет. Бүгін сіздер Тараз қаласының тұрғын­дарына мерекелік көңіл күй сыйла­дыңыздар. Біздің қа­рым-қатынасымыз бұдан әрі де тереңдеп, кеңейе беретініне се­нім­дімін. Өңірлер арасында түрлі салада, оның ішінде мәдениет пен сауда-саттықта өзара ынтымақ­тастықты арттыратын боламыз. Биыл Қазақстанның да, Қырғыз елінің де 30 жылдық  тәуелсіздігі аталып  өтуде. Елдер арасындағы достық  нығая беруіне тілектеспін! – деді Бердібек Машбекұлы мерекелік шарада. Ал уәкілетті өкілдер Эркін Тен­тішев пен Бақытбек Нарбеков қонақжайлылық танытқан жам­был­дықтарға алғысын білдіріп, екі ел арсындағы ынтымақтастық әрдайым берік болғанын, оны одан әрі күшейте түсуге ниетті екенін жеткізді. Жалпы, бұл күні қырғыздар  130,8 миллион теңгені құрайтын 128,6 тонна азық-түлік өнімдерін саудаға шығарды.  Оның ішінде 21,7 тонна картоп, 19,1 тонна қырыққабат, 15 тонна сәбіз, 2 тонна пияз, 30,1 тонна алма, 40 келі кептірілген жеміс және 0,5 тонна сүт өнімдері бар. Одан бөлек, көпжылдық гүлдердің сұрыптары мен  ағаш көшеттері де көпшілікке  ұсынылды. – Үш тоннадан астам көкөніс, бір тоннадан астам картоп әкел­дік. Картоптың келісін 130 теңге­ден саттық. Барлығы дерлік екі сағатта сатылып кетті. Мұндай жәр­меңкелер біз үшін де тиімді, себебі өнімдерімізді делдалсыз тіке­лей өткіземіз, – дейді қырғыз­стандық «Ынтымақ» шаруа қожа­лы­ғының жетекшісі Мәдина Қалы­баева. Негізі, жәрмеңкеде азық-түлік  нарық­тағы  бағадан  10-20 пайызға арзан  сатылды. Сол себепті айыр қалпақты ағайынның тауарын тұтыну­шылар бірер сағаттың ішін­де талап алып кетті. Бұл күні Қырғыз жерінен кел­ген қонақ­тар Super Pharm ЖШС, көркем гимнастика және үстел теннисі спорт кешені, «Анаға тағ­зым» орталығы мен «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін аралап, тотыдай түрленген Тараздағы өзге­ріс­терге таңдай қақты. Шынында, кейінгі жылдары көне ша­һардың көркі өзгеріп, ажары нұрлана түс­кен. Содан болар, жаңаша жасарған шаһар халқының саны күн санап артып келеді. Он­жылдықтың айтулы саяси науқаны халық санағының бүгінгі нәтижесі бойынша қала тұрғындарының саны  404 853 мың адамға жетіп отыр. Бұдан бөлек, қала әкімі Ержан Жылқы­баевтың сөзіне сүйенсек, биыл шаһардың әлеуметтік-эко­номи­ка­­лық дамуында оң динамика сақталған. Өнер­кәсіптегі өн­діріс көлемі, ауыл шаруа­шылығы, негізгі капиталға салынған инвестиция, бөлшек сауда тауар айналымы, құ­рылыс және тұрғын үй салаларында өсім бар. Тарқата айтсақ, 2021-2022 жыл­дары жал­пы құны 17,8 миллиард  теңгені құрай­тын 7 инвес­тициялық жобаны іске асыру жоспарланып, 1 044 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. «Биз­нестің Жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 16,4 мил­лиард теңгеге 932 жоба субсидиямен қаржыландырылып отыр. Қалада жыл басынан бері  облыс әкімі­нің тапсырмасымен заманауи форматтағы 11 әлеумет­тік дүкен ашылған. 37 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде бүгінде 21 тұрғын үйден 1 091 пәтер пайда­лануға берілген. Шаһардағы  26 көшедегі  ұзындығы 44,4 шақырым жол және 12,5 шақырым шағал жол орташа жөндеуден өткізілуде. 17 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталса, 8 нысанда жұмыстар жүргізіліп жатыр. 14,0 миллион теңгеге қаладағы саябақтар мен скверлерге және қала көшелерінің бойына 2 000 урна және қоқыс жинайтын 100 контейнер орнатылған. Көше жарығын орналастыру үшін қалалық  бюджеттен 200,0 миллион теңге қарастырылып, бүгінде 34 көше мен бұры­лыстарға құрылыс жұмыстары басталып, аяқталуға жақын. Сондай-ақ демеушілер есебінен 6 көше мен бұрылыстарға көше жарықтары орнатылған. Бұдан бөлек, биыл 959,2 миллион тең­геге 6 306 отбасына әлеу­мет­тік көмек көр­сетілсе, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 15 үй салынып жатыр. Тағы бір жағымды жаңалық – қаланың шеткі алқаптарын дамыту үшін  «100 жоба» бастамасы қолға алынған. Келер жылдың межелі міндетіне келер болсақ, шаһардан «Мұз айдыны», «Жеңіл атлетика манежі» және «Бокс сарайының» құрылысы басталмақ.  Бұл жобалардың барлығы демеушілер есебінен жүзеге асырылады. Міне, осылайша Тәуелсіз­діктің 30 жылдық белесінде облыс орталығында оң өзгерістер болып жатыр. Бұны Алатау асып келген қырғыз ағайын да аңғарып, бауырлас ел арасындағы байланыс мәңгі берік болуына тілектестігін  білдірді.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы