Петропавлда жарық жоқ
Петропавлда жарық жоқ
Фото: ainews.kz
155
оқылды

Қаланың шетіндегі Солнечный – 2 шағын ауданына электр қуаты мен суық судан басқа инженерлік коммуникациялар тартылмаған. Сондықтан жарық өшсе, тұрғындар ыстық сусыз да, жылусыз да қалады. Себебі су электр титан арқылы жылытылады, ал пештің жылуы электр сорғысы арқылы таратылады. Қызылжарда қар түсіп, күн райы 14 градус аязға дейін суытқан кезде жас балалары мен қарттары бар отбасылар дірдеңдеп отыруға мәжбүр.

«Мәселені шешіп беруді өтініп бармаған жеріміз, баспаған тауымыз қалмады. Қалалық әкімдік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, «СевКазЭнерго» АҚ-ы – бір-біріне сілтейді. Ешкім мән-жайды түсіндіріп бере алмады, ақыр аяғында «тоңбас үшін туыстарыңа бара тұрыңдар» деді. Біздің орнымызда өздері болса не істер еді? Қазір көрген күніміз осы болса, ертең қыстың көзі қырауда не болмақ?», - дейді Петропавл тұрғыны Татьяна Калугина. Солнечный-2 шағын ауданында тұратын Диана Исумгалиева 1 жастан жаңа асқан сәбиімен жарықсыз қатты қиналып жүргенін жеткізді. Пеш жаққанымен, жылу айдайтын электр сорғы жұмыс істемегендіктен, үй суық. Баланың киім-кешегін жууға су жылыта алмай әлек. Тұрғындардың барлығының дерлік үйінде қымбат тұрмыстық техника орнатылған. Электр жарығы жалп етіп өшкен кезде, ол күйіп кетуі мүмкін. Тұрғындардың айтуынша, бұл жағдай бірінші рет қайталанып отырған жоқ. Кейде түн ішінде жарық сөніп қалады екен. Тұрғындар жарықпен қамтамасыз етушілерден алдын-ала ескертулерін өтінген кезде, «сайттан қараңыздар» деген жауап алыпты. «Жарық болмаса, сайттарына қалай кіруге болады. Ұялы телефонымызды да қуаттандыра алмаймыз. Жалпы, неліктен біз, қарапайым тұрғындар, олардың сайттарын аңдып отыруымыз керек? Мәселен, «Қызылжар су» кәсіпорны су беруін тоқтататын болса, алдын-ала барша халықты ескертеді, бұқаралық ақпарат құралдарына, әлеуметтік желілерге, әр үйдің кіре берісіне хабарландыру орналастырады. Ал жарық сөндіргенде неге солай ескертпеске?  Менің тамақ пісіретін плитамның құны – жарты миллион теңге. Қымбат тоңазытқыш бар. Ертең күйіп кетсе, орнын кім толтырады? Ешкім де. Ал жарықты тым жиі сөндіреді. ХХІ ғасырда мұндайға жол беруге болмайды. Тіпті апат болған жағдайда да тәулік бойы тұрғындарды жарықсыз қалдыру еш ақылға сыймайды», - дейді Татьяна Сергеевна. Тұрғындар монополиске билік тарапынан қандай да бір шара қолданылуы керек деп есептейді. Әйтпесе олар ойларына келгенін жасауды жалғастыра бермек деген ойда. Айта кету керек, қаланың шетінде ғана емес, орталығында да ескертусіз жарық сөндіру жиі қайталанады. «СевКазЭнерго» АҚ-ы баспасөз қызметіндегілер Солнечный-2 шағын ауданындағы оқыс оқиғаны қосалқы стансада жөндеу жұмыстары жүріп жатқандығымен түсіндіріп, таяу арада жарық беріледі деп сендірді.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы