Білім және ғылым министрлігі басшысының айтуынша, мектепте ішкі тәртіп бұзылып, сабақтар тоқтап қалу қаупі төнген. Ол білім беру мекемесі дер кезінде алгоритм бойынша шара қолданбағанын айтты.
"Жалпы, бұл жағдай балалар қауіпсіздігіне қатер төндірді деуге болады. Ең маңызды құндылық – балалар қауіпсіздігі мен өмірі. Мектеп пен кез келген білім беру ұйымы толық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі керек. Бұл мектепке шынайы тексеру болды, бірақ реакция мүлдем қанағаттанарлықсыз. Олар мүлдем басқа адамдар болса ше? Оның үстіне бұл заңбұзушылық бірнеше күннен кейін белгілі болды. Яғни, мектеп дер кезінде, тиісті шара қолданбады, деректі жасырды, әрекетсіздік танытты деуге болады", – деді министр аппарат отырысында.Нұр-Сұлтан білім басқармасы бастығының орынбасары міндетін атқарушы Асыл Амангелдиева оқиға 5 қазанда болғанын айтты. Оның айтуынша, сол кезде мектеп директоры жиналысқа кеткен.
"Осы кезде мектепке үш әйел келіп, тәртіп сақшыларымен төбелескен. Бастапқыда олар мектеп директорымен кездесуге келгенін айтты. Олар күзетші мен дәрігерлерге қол көтерді. Мектеп әкімшілігі оларды жалған ақпарат таратқаны және күш қолданғаны үшін сотқа берді", – деп түсіндірді ол.Министр Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы мектептерде тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.
"Директор басқа мәселемен айналысқан кезде мектепте күзет болмай ма сонда? Мұндай себепті айтудың қажеті жоқ. Бұл қабылданбайды. Екіншіден, осындай жағдайлар үшін күзет мамандандырылсын деп арнайы тапсырма бердік. Бұл жағдай мәселе толық шешілмегенін көрсетеді. Сондықтан қарашаның екінші жартысында республика бойынша қосымша тексеру жүргізіледі. Уақыт берілді, шешімі бар, қаражат бөлінді – мәселені шешуге мүмкіндік бар. Қайталап айтамын, ең басты міндет – балалар қауіпсіздігі", – деп түйіндеді сөзін Асхат Аймағамбетов.Еске салайық, 26 қазанда Айна Бакеева мен тағы екі әйел Нұр-Сұлтандағы №58 мектеп-гимназиясына келіп, шу шығарған. Олар «мектеп әжетханасында балаға екпе салынды» деп видео түсіріп, директормен кездесуді сұраған.