Елорданың №58 мектеп басшылығы дәрігер Айна Бакеевамен соттаспақ. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Асыл Амангелдиева мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елордадағы №58 мектептегі жағдай 5 қазан күні болды. Оқиға болған сәтте мектеп директоры қалалық әкімдікке жиналысқа кеткен. Осы уақытта мектепке 3 әйел келіп, шу шығарып, күзетшімен төбелескен. Басында олар мектеп директорымен кездесуге келгендерін айтқан. Келіспеушілік барысында олар мектеп күзетшісі мен медбикеге қол көтерген. Бүгінгі таңда мектеп басшылығы балаларға вакцина салып жатыр деген жалған ақпарат таратқаны және мектеп күзетшісі мен медибикеге қол көтергені үшін сотқа арызданды», – деді Асыл Амангелдиева Білім және ғылыми министрлігінде өткен аппарат кеңесі жиынында.Аталған оқиғаға қатысты министр Асхат Аймағамбетов те пікір білдірді.
«Балалар қауіпсіздігі туралы сөз еткенде елорданың №58 мектебінде болған жайтты айтпай кетуге болмайды. Бұл мектептің ішкі ережесінің бұзылуы, бөгде кісінің сабақтың өтуіне кедергі жасап қауіп төндіруі. Аталған мектеп басшылығы тиісті шара қолданып, жедел әрекет етпеді. Жалпы айтқанда балалардың қауіпсіздігіне қауіп төндірді. Балалардың өмірі мен қауіпсіздігі әрдайым маңызды», – деді ведомство басшысы.26 қазанда әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қазақстандықтар Нұр-Сұлтанда №58 мектепте ата-аналардың ресми түрде бас тартуына қарамастан балаларға жасырын екпе жасалатыны туралы ақпарат тараған еді. Хабарламада оқушылардың біріне дәретханада вакцина салынғаны айтылған. Дегенмен оқиғаның шындыққа сәйкес келмейтіндігі анықталды. Ол туралы Stopfake.kz ресми хабар таратты.