Петропавл жылу-электр стансасындағы апат салдарынан солтүстікқазақстандықтар жарықсыз және ыстық сусыз қалды. «СевКазЭнерго» ЖШС-і баспасөз қызметі хабарлағанындай, №2 жылу-электр стансасындағы 12 қазандық агрегатының үшеуі істен шығып, соның салдарынан стансадағы жүктеме азайған. Электр қуатының жетіспеушілігінен және оны реттеу мүмкін болмағандықтан, жарық өшіп қалған. Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Есіл, Жамбыл және Шал ақын аудандарының тұрғындары жарықсыз қалды. Қалыптасқан жағдайды реттеу үшін жүйелік оператор жылу-электр стансасын оқшауланған жұмысқа шығаруға бұйрық берді. Кәсіпорынның баспасөз хатшысы Лилия Шеринаның айтуынша, бүгінде жөндеу жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде.
«Жүйелік оператордың бұйрығымен «Солтүстік Қазақстан электр-желілік тарату компаниясы» жүктемені 30 МВт-қа азайтты. Соның нәтижесінде Тимирязев және Жамбыл аудандарына - толығымен, ал Есіл, Аққайың және Мағжан Жұмабаев аудандарына ішінара жарық беру тоқтатылды. Петропавл қаласының бірқатар шағын аудандарында да жарық жоқ», - деді Лилия Шерина.Бұл апат қаланың жылу желілерінің жұмысына да кері әсерін тигізді. Тұрғын үйлерде жылы су да жоқ.
«Петропавл жылу-электр орталығындағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Энергетиктер энергиямен жабдықтауды тез қалпына келтіру үшін барлық күш-жігерін жұмсайды», деп сендірді монополист компания өкілдері.
Роза ШӘКЕН,
Солтүстік Қазақстан облысы