Енді электр стансаларын да сатпақ
Енді электр  стансаларын да сатпақ
265
оқылды

«Жасыл экономикаға» көшу жайлы біраз уақыттан бері айтылып келе жатқаны белгілі. Яғни, экологияға зиян тигізбей-ақ энергия тәрізді тіршілікке қажетті дүниелерді өндіруге бола­ды. Осы күні елімізде баламалы энергия көзі ретінде су электр стансалары жұмыс іс­теп тұр. Құп-ақ, әйткенмен жуырда елдегі 2 су электр стансасы шетелдіктердің қолына өтуі мүмкін екені хабарланды. Шенділердің бұл қадамға не себепті барғаны, қандай мұқ­таждық итермелегені беймәлім. Ал су электр стансаларына шетел азаматтары иелік еткен соң тариф бағасы көтеріліп, олар да өз талаптарын қойып жүрмей ме? Бұл сауалдар әзірге жауапсыз.

Құн анықталып жатыр

Жел мен күн сияқты су да электр қуатын өндіретін ауқымды ре­сурс. Қазір кей әлем елдері сар­қырама, мұхит толқыны, ыстық бұлақтардан біршама қуат өндіріп отыр. Ал елімізде өзен ағысынан энер­гия өндіру әлдеқашан бас­тал­ған. Қазақстанда 40-қа жуық су электр стансасы бар. Елде өн­дірі­летін жалпы энергия көле­мі­нің 10 пайыздан астамы осы су электр стансаларының еншісінде. Бір қарағанда аз болып көрінуі мүм­кін, алайда газ бен мұнайдан өн­дірілетін энергиядан әлдеқайда көп. Еліміз қажетті энергияның ба­сым бөлігін жылу электр стан­саларынан алады, шамамен жал­пы энергияның 70 пайызы. Бірақ ЖЭС-ке қарағанда СЭС-тің эко­ло­гияға тигізер зияны аз. Сон­дық­­тан тиімділігін ескерген жөн. Жыл сайын СЭС-тер 170 млрд кВт энергия өндіріп тұр. Мұны кө­бейтуге де мүмкіндік бар. Енді мәселенің өзіне оралсақ. Елде ең ірі 4 су электр стансасы бар – Бұқтырма, Шүлбі, Өскемен және Қапшағай. Таяуда осы төрт станса­ның екеуі – Өскемен және Шүлбі­нің нарықтық бағасын анықтау жұмысы басталды. Яғни, шетелдік инвес­торларға беру мәселесі қара­лып жатыр. Бұған дейін Қазақстан мен Бірік­кен Араб Әмірліктері бірлескен декларацияға қол қойған. Осы құжатқа сәйкес, басым салаларда бірлескен жобаларды дамыту үшін ұзақ­мерзімді стратегиялық әріп­тестік орнату жайы қарас­тырылыпты. «Тараптар Қазақстан үкіметі «АЭС Шүлбi ГЭС» ЖШС мен «АЭС Өскемен ГЭС» ЖШС жарғылық капи­талындағы мемлекеттік қатысу үлесінің 100 (жүз) пайызына дейін Әбу-Даби мен қазақстандық инвесторлар консорциумына тікелей атау­лы сатуды жүзеге асыруға ниетті еке­нін мо­йын­дайды», – делінген декларацияда. Осы мәселе айтылғалы бір дау­дың басы ашылғандай болып еді. Көп ұзамай Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков құжаттың осы тар­мағына қатысты түсініктеме беруге тырысты. Расымен де 2 ірі стан­са­ның қазір нарықтық бағасы анық­талып жатыр екен. Демек, шетелдіктерге жекешелендіріп алуы мүмкін-ақ. «Қазір Қаржы министрлігі ха­лық­аралық консультантты тарту арқылы осы нысандардың нарық­тық бағасын анықтау жұмысын атқарып жатыр. Содан кейін ғана араб жағы­мен келіссөздер жүргіз­іле­ді. Бәлкім, инвесторлар жекешелендіріп алады. Дәл қазір біз осы мәселелерді талқы­лап жатырмыз. Алдымен бағалау бітсін. Содан кейін келіссөз бастаймыз», – деген Жүребеков. Оның айтуынша, су электр стан­са­ларының нарықтық бағасын анық­тау жылдың аяғына дейін жал­ғасуы мүмкін. Ал стансаларды шетелдіктерге беру процесі келер жылы басталатын тәрізді. Жекешелендіріп алғысы келетін араб кәсіп­керлері еке­нін аңғардық. Стансалар сол тарап­тың қолына өтті делік. Бірақ Қазақстанға бұдан келер пайда боларына күмән бар.

Өзге өзіңдей қарай ма?

Бұл сауалға келіп, тосырқаған  тұста мәселеге алаңдаған депутаттар да шықты. Осыған дейін Мә­жіліс депутаты Сергей Решетников Өскемен және Шүлбі су электр стансаларының жекешелендіруге қатысты Үкімет жоспарына наразы болғанын білеміз. Бұл нысандар мемлекет меншігіне жатады. Бірақ мемлекетке осы екі су электр стансасын жекеменшікке берген тиімді тәрізді. Себебі эксплуатация мен жөндеуге кететін шығындар азаяды делік. Дегенмен бұл нысандар бюджетке еш салмақ түсірмей, өз шы­ғы­нын толығымен ақтап отыр. Мы­салы, 2019 жылы Өскемен су элек­тр стансасының жалпы табысы 1,8 миллиард теңге болған. Ал Шүлбі су электр стансасы 1,2 миллиард теңге тапқан. Барлық шығын сол қаржымен жабылып, бюджеттен қосымша қаржы алынбаған. Онда жеке меншікке беру кімге қажет болды? – Мұнда келесі мәселенің ұшығы шығады. Су электр стансалары жекеге өтсін. Жекешелендіруден кейін шетелдік кәсіпкерлер тариф бағасын көтеріп, халыққа өз талаптарын қоюы мүмкін. Осы жағы алаңдатады, – дейді Решетников. Зардабы да болмасына кепіл жоқ екен. Мәжілісмен шағын су қоймаларын жекеменшікке беру тәжірибесін еске түсірді. Кесірінен кәсіпкерлер жауапсыздық танытып, 2010 жылы Қызылағаш трагедиясы болды. Сол кезде су тоғаны жарылып, 45 адам көз жұмғаны есте. Төтенше жағдайдан кейін ондай құрылыс нысандарын мемлекет өз меншігіне қайтара бастаған болатын. Шетелдіктер қолқа салып отырған 2 станса да энергияны Ертіс өзенінен өндіреді. Екеуінің тарихы терең, құрылысы кеңес заманында жүргізілген. Содан бері игілікке жарап тұр. Шүлбі Қазақ­стан­да энергия өндіру қуаты жағы­нан ең үлкен су бекеті екенін айтқан жөн. Сағатына 702 мың МВт, жылына орта есеппен 1600 млн кВт энергия өндіреді. Мұнда қуаты 117 МВт болатын 6 гидроагрегат орна­тылған. Ағын судың секундына 23,5 метр тегеурінін де игере алады. Өскемен де ауқымды гидро­құрылым. Жоғарыда айтқандай, өз шығынын өздері жауып, энергия өндіруге үлкен үлес қосып отырған стансалар. Ал оны неге, не үшін сату керек болғаны белгісіз. Шетелдіктерге берген күннің өзінде артық құн сұрамай, халық игілігіне жұмыс істей береріне кепіл жоқ. Сон­дықтан әзірге бұл қадамды көпшілік оңды іске балай қоймасы сөзсіз.

Мадияр ТӨЛЕУ