Қашқындарды қайтару қиын
Қашқындарды қайтару қиын
211
оқылды

Өткен аптада Қазақстан Интерполға «Астана LRT» құрылысы кезінде ұрлық туралы жанжалды іске қатысы бар қашқын шенеуніктерді беру мәселелері бойынша сұрау жіберді. Мемлекет қаржысын қалтасына басқан қашқын шенеуніктерді елге қайтару мүмкін бе? Шетелде жасырынып жүрген атышулы қашқындар кімдер? Ал Қазақстан жемқорлық қылмыс жасағандарды елге қайтару үшін қанша елмен келісімшартқа отырды? Парақорлықпен күрестің пәрменді жолы бар ма?

Біздегі құзырлы орын басшы­лары баяндамасының басын «Жем­­­­қорлық – қоғамды жалмаған дерт, бұл қоғамның дамуына, эко­но­миканың өркендеуіне орасан зор кедергі келтіреді. Ал біздің мақ­сатымыз мемлекеттік басқару ор­гандарында сыбайлас жем­қор­лық әрекеттерінің алдын алу және оған қарсы белсенді күрес жүргізу» деп бастап, парақорлықпен пәр­мен­ді күрес жүріп жатқанын айтып, жар са­лады. Әйткенмен, сыбай­лас жем­­қорлықтың барынша ал­ды­н алып, парақорлармен пәр­мен­ді күрес жүргізіп жатырмыз де­ген сайын қалтасын қампайтып, жағ­­дайын жасап алған бұрынғы шен­­ділердің біразы шетелде шал­қып өмір сүріп жатыр. Ха­лықтың қар­­жысын тонап кеткендерді елі­мізде халықаралық іздеу жариялап жат­­қанда, жем­қор­лары­мыз жаһан­ды жалпағынан ба­сып, ше­тел кө­ше­­сінде алшаң ба­сып келеді.

Мүлкі өзіне берілді, өзі отанына оралмады

Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы, Мәжілістің бұ­рын­ғы депутаты Аманжан Рысқалиевке сот үкімі сырттай шығарылды. Ал ағайын­ды­лар­дың өздері мен отбасы мүшелері де шетелде. Жағдайлары да жаман емес. Шетел көше­лерінде емін-еркін алшаң басады. Қазақстан соты­ның шешімімен сырттай 17 жылға сотталған Бергей Рысқалиевтің Ұлыбритания азаматтығын алған ұлы Аслан Рысқалидың биылдың өзінде тіркелген бірнеше компаниясы бар. Былтыр сырттай ше­шім шығарып, бар мүлкі тәркіленген қашқын шенеуніктен тәркіленген дүние-мүлкі қайтарып берілді. Бас прокурор Жоғарғы Соттан Атырау облысының қылмыстық істер жө­нін­дегі ау­дан­ара­лық сотының 25.01.2019 жылғы үкімі­нің күшін және 09.01.2020 жылғы Жоғарғы Сот­тың жаңа қаулысын жоюды сұ­ра­ған. Сөйтіп, Рысқалиевтердің жиған-тергені маң­дай тер, адал еңбекпен табылған болып есептелді. Не керек, Жоғарғы Сот та Бас прокуро­рдың шағымын ұзаққа созбай, қанағат­тандырып берген.

Қолқа түскенмен, елге қайтпады

Несиесіз де, инвесторсыз да көп­пәтерлі үй салуға болатынын ай­тып, көптің астына көпшік қойып, халықты қан қақсатып кеткен Ерқанат Тайжанов та миллиардтарды қалта­сы­на басып, Венада тай­раң­дап жүр. Парламент Мәжі­лісі­нің депутаты болған Ерқанат Тайжанов 2012-2015 жылдары «Аз­бука жилья» құрылыс компания­сы­ның басшысы болған кезінде салымшылардан ақша жымқырды деген күдікке ілінген. Тергеу ісі бойынша ол салымшы­лардың 40 миллиард теңгесін иемденген. Құқық қорғау органдары оған 2015 жылы халықаралық іздеу жариялап, бір жылдан соң оны Аустрияның поли­цейлері қолға түсірген. Бірақ бұл елмен құқықтық келісім болма­ғандықтан экстрадициялау мүмкін емес­тігі белгілі болды. Мемлекеттің жауапты міндетін атқара жүріп, жемқорлыққа батқан бұрынғы басшылардың тізімін жалғастыра берсек, бүгін бітпейді. Елден қашқандар қатарында 2009 жылы оффшор арқылы ақша ұрлап, Канадаға қашып кеткен «Қазато­мөнер­кәсіп» АҚ  бұрынғы вице-президенті Рүстем Тұрсынбаев,  «Қорғас ісі» бойынша қылмыстық топтағы басты фигуранттардың бірі Мағзұм Абдралиев, «Гульнар Тур» туристік компаниясының директоры Әли Исмаилов, мемлекеттің мін­детті медицина­лық сақтандыру жүйесін күйретіп кеткен Талапкер Иманбаев талайдан бері халық­аралық іздеуде жүргендердің қата­рында.

Интерпол  ұстап берген жоқ

Өткен аптада Қазақстан тарапы «Aстана LRT» ісі бойынша халық­аралық іздеу жарияланған Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековті ұстап беру мәселесі бойынша Ин­тер­полға сұрау жолдады. Бұған дейін «Ақ жол» фракциясының депутаттарының атынан Мақсат Раманқұлов қылмыстық істің негізгі фигуранттары – қала әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұл­тан­беков пен «Астана LRT» экс-бас­шысы Талғат Арданды ұстау шара­лары­ның атқарылып жатқа­нына күдік келтірген еді. Оған қоса, бұқаралық ақпарат құрал­дарында «Сұлтан­беков мен Ардан Интерпол­дың тізімінде жоқ» деген мәлімет тарады. Депутаттың айтуына қара­ғанда, атышулы қашқындар мен отбасы мүшелері әлеуметтік желіде Нью-Йоркте бейқам әрі молшы­лықта өмір сүріп жатқанын көр­сетіп, жиі жазба жариялап тұрады. «Сонда қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды ешкім іздеп жатқан жоқ. Олар елден ұрла­ған миллиард­таған ақшаны емін-еркін жұмсай алады. Демек, сол ақ­шаны қайтару мәселесі де кейінге қалып отыр. Шамасы біздің құ­қық қорғау органдарымыз олардың ақ­ша­ны толығымен жұмсағанын күтіп отыр­ған сияқты», – деді Мақ­сат Раманқұлов Мәжілістің жалпы отырысында. Халық­аралық іздеу жариялау тәртібіне сәйкес, Бас прокуратура алдымен Интерполдың Лион қаласындағы штаб-пәтеріне өтініш жолдапты. Алайда сотталған жеті адамның адвокаттары Қазақ­стан про­курорларының Интерполға берілетін тапсырысты дұрыс рәсімдей алмағанын жеткізген. Сол үшін қашып кеткен екі адамның жүрген жері белгілі болса да, оларды ұстау шарасы қолға алынып жатқан жоқ. Осылай деген депутат: «Шетелге заңсыз шығарылған ақ­шаны сол елдің өзі тәркілеп алуы да мүм­кін. Ал оның бәрі шенеуніктердің меншігі емес, бұл – Қазақстан халқының ақшасы», – деді. қашқындар Бас прокурордың айтуынша, қазір екеуіне қатысты ақпарат Интерполдың деректер базасында бар. Ал оны жариялау туралы түп­кілік­ті шешімді ұйымның штаб-пәтері қабыл­дайды екен. Қазір бел­гілісі, биыл  сәуірде Түркияның Ин­терполынан Стамбұл қаласы «Бақыркөй» ауданының қылмыс­тық соты Арданды қамауға алу (сырттай) туралы қаулы шығарғаны туралы ақпарат алыныпты. Ендігі жерде Түркия аумағында іздеу са­лын­ған адамды анықтау және ұстау іс-шаралары атқарылып жатыр. Ал Қанат Сұлтанбековтің Америкада анықталуына байланысты осы елдің Әділет министрлігіне оны ұстап беру туралы сұрау хаты жіберілді. АҚШ тарапы бұл хатты қарап жатыр. Еске салсақ, «Астана LRT» құ­рылысына бөлінген қаржыны жым­қыру ісі бойынша алғашқы сот отырысы 2020 жылы 29 қазанда өткен. Сот ісі бойынша жеті адам 5,8 миллиард теңгені жымқырғаны үшін айыпталған.

Бірқатар елмен келісімшарт жасалған

Сенатор Нұрлан Бекназаров Парламент қабырғасында қылмыс­қа қарсы күресте бірнеше елдермен тиімді келісім жасалғанын жеткізді. Екі ел арасындағы келісім мемле­кеттердің құзыретті органдары іздеуде жүрген адамды ұстап беруге және жасаған қылмыстары үшін қылмыс­тық жауаптылыққа тартуға негізделген.  Егемендік алған жылдардан бері сот үкімін орындау үшін іздестіріп жатқан адамдарды ұстап беру саласындағы екі жақты ынты­мақ­­тастықты нығайтуға бағыт­талған бір­қатар шарттар ратификацияланды. Айтуынша, Бас прокура­тураның биыл сәуір­дегі ресми ақпаратына сәйкес қазір сотталған адамдарды өз елінде жазасын өтеу үшін беру және олармен алмасу тәртібін реттеу бағытын­да 21 елмен шарт жасалған. Ресми ақпаратқа сәйкес еліміздің  құқық қорғау органдары 2 341 адамға іздеу жария­лаған. Оның ішінде мемлекетаралық іздестіруде – 750, халықара­лық іздес­тіруде – 1591 адам. «Осындай келісімшарт арқылы қылмыс жаса­ған адам­дар­дың жазасыз қалмауына, шетелдіктерге және біздің азамат­тарымызға басқа елде қыл­мыс жасаған жағдайда өз Отандарында жазаларын өтеуіне мүмкіндік мол», – дейді сенатор.

Парақорлықпен күрестің пәрменді жолы

Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитетінің төраға­сы Әлихан Бәйменов Қазақ­стан жемқорлыққа қарсы жұмысты рет­тейтін барлық халық­аралық кон­­вен­цияларға қосылуды ары қа­рай қар­қынды қамтамасыз ету керегін алға тарт­ты. Бұл өз кезегінде халық­аралық ұйымдардың мүмкін­дігін пайдалануға жол ашады. Екіншіден, шетелге қашқан­дардың қай­тарылуы пәрменді жүру үшін біздегі құқық қорғау органдары мен сот саласын­дағы жемқор­лықтың өзімен күресу керек. Өйт­кені елдегі жем­қор­­лыққа қарсы күрес­­тің бас­ты ба­сым­дығының бірі  сот саласы мен құқық қорғау жүйе­сіндегі жемқор­лық болуы тиіс. Әйт­песе жем­қор­лық­қа қарсы күреске деген мем­ле­кет­тің ісіне қоғам­ның сенімі болмайды. Үшіншіден, Қазақстан кең-байтақ жері болған­мен, мол ақ­шаға қолы жетіп отыр­ған адам­дардың саны аз. «Тиісті органдар кімнің кіммен сыбайлас екенін ша­ма­лап барлығын біледі. Қашып жүрген адам­дар­дың ұрлық­пен айналысуына мүмкіндік берген, негізгі шешім қабылдағандардың да қазірге дейін елде ықпалы болуы мүм­кін. Сол үшін жемқор­лыққа қар­сы күрес жүргізіп жүр­ген лауазым иелерінің табысы мен мүлкі ашық болып, Мүдделер қақтығысы туралы жеке заң қабылдануы тиіс», – дейді Әлихан Бәйменов. Осыдан кейін жемқорлыққа қарсы күресетін құқық қорғау органдары­ның ара­сын­дағы жауапкершіліктің аражігін ашып, кімнің немен айналысып, қандай мәселеге жауапкершілік арқа­лаға­нын анықтау керек. Соң­ғысы құқық қорғау орган­дарының ішінде азаматтық қада­ғалауды кү­шей­тіп, шені бар лауазымдарды азай­ту жұмысын қолға алған дұрыс.

Жадыра МҮСІЛІМ