Былтыр Қарағанды облысында 1021 стихиялық қоқыс үйіндісі анықталды. Оның 834-і сол уақытта тазартылды. Бұл қалдықтармен күресудің бірден-бір жолы тұрмыстық қалдықтарды қайта өндеу болатын. Әрине, қоқысты бөліп жинау керек. Ал қайта өндеу үшін зауыттар салынады. Соның бірі Қарағандыда ашылды. Жақында әңгімеге арқау болып отырған Қарағандыдағы қағазды қайта өңдейтін комбинат дауға қалды...
Былтыр қалай еді, биыл қалай?
Қоқыспен күресуді қолға алған Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек 2020 жылдың тамыз айында аппарат отырысында «Адамдар, тіпті «Қарағанды – Қазақстанның қоқыс қаласы» деген мем-ақпарат жасады» деп шенділерге шүйліккені бар. Сонымен қатар қалалардың тұрғын аулаларында қоқыс жинау және елді мекендердің маңындағы стихиялық қоқыс үйінділерін жою бойынша жұмыстарды сынады. Өйткені облыста жылдың басынан 1021 стихиялық қоқыс үйіндісі анықталды. Олардың 834-і жойылды. Өңір басшысы сонымен бірге көпқабатты үйлердің аулаларындағы контейнерлік алаңдардың таза емес күйіне назар аударды. – Күн сайын маған адамдардан әлеуметтік желілерде жазған кемшілік фактілері туралы есеп келіп отырады. Шағымдардың көбісі қоқыс шығаруға қатысты. Бірде-бір өңірде мұндай жағдай жоқ. Оңтүстік Шығыстағы Степнойда не болып жатыр? Кеше мен Майқұдықта болдым. Ол жақта жақсы ма десем, жоқ қынжыларлық жағдай. Адамдар, тіпті «Қарағанды – Қазақстанның қоқыс қаласы» деген мем-ақпарат жасаған, – деді өңір басшысы. Осы жылы да бұл қоқыс мәселесі мазамызды алды. Алғашқы сегіз айдың өзінде Қарағанды облысында мыңнан астам қоқыс орны анықталды. Экологтер рейд барысында Фёдоров су қоймасына барып, бір ай бұрын волонтерлер тазалап кеткен аумақтың қайта ластанғанын байқады. Айта кеткен жөн, Федоров су қоймасы – қала тұрғындарына демалуға рұқсат берілген екі орынның бірі. Демалуға келгендер карантин тәртібін бұзып қана қоймай, аумақта қоқысты да көбейтіп отыр. Өйткені отырған орындарын жинамайды. «Енді мұндай оңды-солды қоқыс тастағандар үшін айыппұл көлемі біршама өсті», – дейді экологтер.Қатысы болмаса, айыппұл неге төлейді?
Әрине, қоқыспен күрестің тиімді жолы қайта өндеу зауыт, комбинат не цех ашу. Оған да миллиардтаған қаржы кетеді. Түрлі жобалар да қолға алынып жатыр. Бірақ нәтиже берер емес. Олай дейтініміз, Қарағандыда қағазды қайта өңдейтін комбинат өкілдері мен тұрғындар арасында дау ушығып тұр. Кәсіпорын ашылғанда халық қуанған. Алайда өндіріс іске қосылғалы осы маңдағы шағын көлшік лайланып, айналаны күлімсі иіс жайлап алған. Жергілікті тұрғындар қолқаны қабатын иіске уланып болдық, оның үстіне көлшіктегі су күн сайын лайланып, мал ауыз салмайтын болды деп ала жаздай шағымданған. Кейін мәселеге облыстық қоғамдық кеңес араласып, мәселенің анық-қанығын біле бастайды. Артынша Экология департаменті өкілдері де тексеру жүргізді. Белгілі болғандай, кәсіпорын өкілдері ұзындығы – 70, ені – 5, тереңдігі 6 метрге жуық арықты өз бетінше қазып алған. – Тексеру барысында анықталғаны – кәсіпорын жұмысында су пайдаланады. Оның циклі айналмалы. Пайдаланады, артық су қазып қойған котлованға ағызылып, қайта алып отырған. Тексеріс барысында қазған котлован, төккен судың еш рұқсаты жоғын анықтадық, – дейді Қарағанды облыстық Экология департаментінің бас маманы Аян Оспанов. Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Гүлнар Құрбанбаева болса: «Бұл – көлшік табиғи емес, шахтаның орнында пайда болған су. Салдарынан метанмен араласып осындай жағымсыз иіс шығарып тұр. Енді ол табиғи түрде ғана ақырындап қалыпқа келуі мүмкін. Ал зауыт енді тек талапқа сай жұмыс істейміз деп отыр. Яғни, экологиялық нормаларды сақтап, су пайдалану жүйесін жасамақ. Кәсіпорын өкілдері экологиялық заңнамаларды білмей қалдық деп, жауаптан жалтармақ», – дейді. Целлюлоза-қағаз комбинатының директоры Вадим Гороховский: «Бір тонна қағазды қайта өңдеу үшін кемі 25-30 тонна су керек. Біз суды циклді түрде қайта пайдаланып отырамыз. Қазір артық қалған су кәсіпорында қалып, тазартылып отырады. Мына көлшікке мүлде қатысымыз жоқ» деп ақталып әлек. «Қатысы болмаса әкімшілік заңнаманың бірнеше бабы бойынша жауапқа тартылып, 2 млн теңгеге жуық айыппұлды неге төлейді?» деген заңды сұрақ туындайды. Қазір арнайы жоба жасалып, жер толық қалыпқа келтірілмекші. Бұдан бөлек, Экологиялық департамент тарапынан Қарағанды қағаз комбинатына заңсыз әрекетін тоқтату бойынша талап арыз жіберілген. Ол сотта қаралып жатыр. Егер шешімі экологтер тарапынан шешілсе, кәсіпорын нормаға қайшы келетін барлық жұмыстарын жөндемегенше жұмысын тоқтатуына тура келетін болады.Түйін:
Әрине, тазалық керек. Сонымен бірге табиғатты ластайтын, жылдар бойы жерде жатып, іріп-шірімейтін қоқыстарды жинап қайта өндеуіміз керек. Бірақ сол зауыт не цехтың жанында тұратын халықты неге ойламайды екен? Сұрақ көп, жауап болса!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы