Алтайда құрылыс қарқынды
Алтайда құрылыс қарқынды

Алтай ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды. «Өз үйі – өлең төсегіне» қол жет­кізіп, баспана бақытына ие болған тұр­ғын­дардың қата­ры жылдан-жылға ар­тып ке­­леді. Жалпы, Тәуел­сіздік­тің 30 жылында ау­дан орта­лығы мен ауыл-ауыл­дар­да «Қол­жетімді баспана – 2020», «Нұр­лы жер» мем­ле­кеттік бағдарламалары ар­қы­лы жүз­ден астам пәтер пай­да­лануға беріліп, бір­неше жеке үй бой көтерген екен.

Мәселен, 2012 және 2015 жыл­дары Алтай қала­сында 60 пә­терлі тұрғын үй салынған. Ал 2016 жылы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында 80 пәтерлі үй тұрғызылып, көп жыл баспана кезегін­де тұрған жүздеген отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алып, қуанышқа кенелген. 2017 жылы Бородино ауылында екі пәтерлі бес тұрғын үйдің қабырғасы қаланыпты. 2018 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен аудан ор­талы­ғындағы шағынаудандардың бі­рінде 60 пәтерлі жалдамалы тұр­ғын үй бой көтеріп, халықтың әлеуметтік тұр­ғыдан аз қамтылған топтары баспанамен қамтылған. Нақтырақ айтсақ, 24 көпбалалы отбасы, 12 жетім бала және 1-2 топтағы мүгедек жандар, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шек­теулі баласы бар отбасылар мен зейнеткерлер үйлі болған. «Алтай ауданында мемлекеттік тұрғын үй құры­лысы бағдарла­масын жүзеге асыруға баса мән беріл­ген. Осы ретте өңірде облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастама­сымен қолға алынған «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. Бұл жоба аясында 2020 жылы Алтай қала­сында 14 үй тұрғызылып, жалда­малы негізде көпбалалы отба­сы­ларға берілді. Биыл жеке кәсіп­керлердің қаража­ты­на аудандағы Алтай, Серебрянка қалалары мен Жаңа Бұқтырма ауылында бас­пана кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына 30 үй салынып жатыр. Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың Жол­даудағы тапсырмаларын орындау үшін «Отбасы» банкі арқылы жи­нақтау жүйесін енгізуді жос­парлап отырмыз. Жас мамандар мен кезекте тұрғандарға Алтай қаласында 60 пәтерлі үй салынып жатыр. Бұл жұмысты келесі жылы да жалғастырамыз. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында ауданда тағы да 10 үй тұрғызу ойымызда бар. Қазір 4 үйдің эскизді жобасы дайын», – дейді Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов. Алтай Аудандағы тұрғын үй құры­лысы саласындағы жоспарланған ауқымды жобалардың бірі – Сере­брян­ка қаласындағы жатақхана­ны жаңғыртып, тұрғын үйге ай­налдыру. Жоба бойынша жатақ­хананы 60 пәтерлі (20 екі және 40 бір бөлмелі) үй ретінде пайда­лануға беру көзделген. Демек, 60 отбасы қоныс тойын тойлайды. Қазір жобалық-сметалық құжат­тарды әзірлеу үшін «СуҚұры­лысПроект» ЖШС-мен келісім­шарт жасалып, ғимараттың тех­никалық сараптамасы, сумен, электрмен, жылумен қамтуға қа­тысты құжаттары дайындалыпты. Жоғарыда Тәуелсіздіктің 30 жылында Алтай ауданында қан­шама тұрғынның баспана бақы­тына ие болғанын жаздық. Әл­бетте, баспана – кез келген отба­сының басты мәселесі. Өйткені үйі жоқтың күйі жоқ екені айтпаса да түсінікті. Алтай шаһарындағы осындай үйлі-күйлі болған жан­дардың бірі – Алексей мен Ольга Богатырьдың отбасы. «Біз 2020 жылы Алтай қаласынан үй алдық. Оған дейін Жаңа Бұқтырма ауы­лында пәтер жалдап, балалармен бар­маған жеріміз, баспаған тауы­мыз қалмады. Былтыр ақпан айында көпбалалы отбасы ретінде үй кезегіне тұрдық. Қуаныштысы сол, бізге аудан орталығынан үй алуымызды ұсынды. Мұны күт­пеген едік. Ойлан­бастан келістік. 2020 жылдың желтоқсан айында пәтер кілтін алып, бірден көшіп келдік. Осылайша, балалармен кең сарайдай еңселі, көрнекті үйде тұрсақ деген арманымыз орындалды. Биыл жазда өз бау-бақшамызды отырғыздық, 15 со­тық жеріміз бар. Алдағы уа­қыт­та монша мен гараж салуды жос­парлап отырмыз. Егер бізге мына үйді бермегенде өз бас­панамыз болмай, 5 баламен әр пәтерді сағалап жүрер ме едік», – дейді көпбалалы ана Ольга.

А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы