Алтай ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды. «Өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізіп, баспана бақытына ие болған тұрғындардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Жалпы, Тәуелсіздіктің 30 жылында аудан орталығы мен ауыл-ауылдарда «Қолжетімді баспана – 2020», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары арқылы жүзден астам пәтер пайдалануға беріліп, бірнеше жеке үй бой көтерген екен.
Мәселен, 2012 және 2015 жылдары Алтай қаласында 60 пәтерлі тұрғын үй салынған. Ал 2016 жылы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында 80 пәтерлі үй тұрғызылып, көп жыл баспана кезегінде тұрған жүздеген отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алып, қуанышқа кенелген. 2017 жылы Бородино ауылында екі пәтерлі бес тұрғын үйдің қабырғасы қаланыпты. 2018 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен аудан орталығындағы шағынаудандардың бірінде 60 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй бой көтеріп, халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтары баспанамен қамтылған. Нақтырақ айтсақ, 24 көпбалалы отбасы, 12 жетім бала және 1-2 топтағы мүгедек жандар, толық емес отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасылар мен зейнеткерлер үйлі болған. «Алтай ауданында мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын жүзеге асыруға баса мән берілген. Осы ретте өңірде облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен қолға алынған «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. Бұл жоба аясында 2020 жылы Алтай қаласында 14 үй тұрғызылып, жалдамалы негізде көпбалалы отбасыларға берілді. Биыл жеке кәсіпкерлердің қаражатына аудандағы Алтай, Серебрянка қалалары мен Жаңа Бұқтырма ауылында баспана кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына 30 үй салынып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы тапсырмаларын орындау үшін «Отбасы» банкі арқылы жинақтау жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Жас мамандар мен кезекте тұрғандарға Алтай қаласында 60 пәтерлі үй салынып жатыр. Бұл жұмысты келесі жылы да жалғастырамыз. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында ауданда тағы да 10 үй тұрғызу ойымызда бар. Қазір 4 үйдің эскизді жобасы дайын», – дейді Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов.А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы