Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық арналар арқылы келіп түскен ақпаратқа сәйкес, 2021 жылдың 8 қарашасынан бастап АҚШ-қа кіруге АҚШ-тың тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапасын Санитариялық қадағалау басқармасы (FDA) немесе ДДСҰ мақұлдаған COVID-19-ға қарсы екпе алғанын растайтын сертификаты бар адамдарға ғана рұқсат етіледі. Бекітілген тізімге Pfizer-BioNTech, Moderna, Johnson&Johnson, AstraZeneca, Covishield, BIBP/Sinopharm, Sinovac секілді вакциналар кіреді, – деп мәлімдеді Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. Сыртқы саяси ведомствода сертификаттар вакцинацияға жауапты мемлекеттік орган бекіткен нұсқа бойынша рәсімделуі тиіс екені айтылды. Бұл құжаттардың түпнұсқа екенін авиакомпания қызметкерлері АҚШ-қа ұшқанға дейін тіркеу кезінде тексереді. Жаңа талаптар 18 жасқа дейінгі балаларға, екпе салдыртуға қарсы көрсетілімдері барларға, сонымен бірге дипломатиялық, қызметтік және транзиттік санаттағы визалары бар мемлекеттік қызметшілерге немесе олардың отбасы мүшелеріне және халықаралық ұйымдардың қызметкерлеріне қолданылмайды.