"Пияз қуырып жеп отырмыз": Ауғанстан қазақтары Қазақстаннан көмек сұрады
"Пияз қуырып жеп отырмыз": Ауғанстан қазақтары Қазақстаннан көмек сұрады
© видеодан алынды
297
оқылды
Пияз бен нан ғана жеп отырмыз деген Ауғанстан қазақтары өздерін тезірек бұл елден алып кетулерін сұрайды. Бір күндік ақшамыз тек 4 килограмм ұнға ғана жетеді деген қандастар өмір сүру тым қиындап кеткенін айтып видео жолдады, - деп хабарлады 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасы. Жығылғанға жұдырық болып, азық-түлік бағасы да шарықтап кеткен екен. Талибандықтар жаулап алған елдегі қазақтар қазір ішер астың өзін әрең тауып отырғандарын айтады. Күнде пияз бен нан ғана жеп отырмыз деген қандастар арнаға фото-видео жолдаған. Бір күн бойы жұмыс істеп, төгілген тердің құны 1 доллар ғана екен. Оған 4 килограмм ұн сатып алып, 20 адамға нан пісіреді. Күндегі тірлігіміз осы деген Ауған қазақтары берекесі қашқан елден алып кетулерін өтінеді.
– Жағдай қиын болып жатыр. Жұмыс жоқ. Ақша жоқ. Біз елшілікке звондадық. Елшілік айтады, келіңдер деп елшілікке. Біздің тұрған жеріміз 2 мың шақырым жол. Жол ұзақ. Біз бара алмаймыз. Қазақстан ү Үкіметінен өтініп сұраймыз, бізді алып кетіңіздер", - дейді Ауғанстан қазағы  Абдулқадір Ықыласбай.
Тағы бір отбасы да пияз қуырып жеп отырған суреттерін жолдады. Байланыс тым нашар болғандықтан ұялы телефонға түсірген жазбаларын жолдай алмады. Бұл үйдегі еркектер қарауыл болып жұмыс істейді екен. Бір күн жұмысқа шықпай қалсақ, кішкентай балалар аш қалады. Сондықтан әр күнді әупірімдеп әрең өткізетіндерін айтады. Арна журналистері Ауғанстандағы қазақтар мәселесі бойынша Сыртқы істер министрлігіне хабарласып, сауал жолдаған.
"Қазір өздерінің этникалық қазақ екендерін дәлелдеген 23 отбасы, яғни, 200 адам бар. Қазақстан аумағына қандастар ретінде кіруге ниет білдіргендермен тиісті жұмыс жалғасуда. Ауғанстанның қазіргі саяси-әскери ахуалын ескере отырып, қосымша эвакуациялау рейсінің уақыты туралы нақты айтуға мүмкіндік жоқ. Жақын арада елдегі жағдай тұрақтанып, қандастар Қазақстанға емін-еркін келе алатынына сенім білдіреміз", -  деген Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Ал 31 арнаға хабарласқан қандастар ол жақтағы қазақтар 23 отбасынан да көп екенін айтқан. https://www.youtube.com/watch?v=fE4vMRmto04&list=PLn2OyECVOtB8B6J3txBxo58UpkwiPcLni&index=16