Әлем чемпионаты: Теміртас Жүсіпов нокаутшыны қалай жеңді?
Әлем чемпионаты: Теміртас Жүсіпов нокаутшыны қалай жеңді?
Белградта өтіп жатқан әлем чемпионаты аяқталуға жақын қалды. Бүгін жартылай финалдық жекпе-жектер өтіп жатыр. Әлбетте, жартылай финалға өткен қарсыластар осал емес. Қазақстан құрамасынан алғаш болып шаршы алаңға шыққан  Теміртас Жүсіповтің қарсыласы  беларусьтік мықты боксшы, нокаутшы Евгений Кармильчик болды. Жеңіл салмақта нокаут сирек кездесетіні белгілі.  Еуропа чемпионатының, Еуропа ойындарының жүлдегері, өз елінің чемпионы, 23 жастағы Кармильчик бұған дейін Шри-Ланка өкілі Саджива Мутунака мен моңғолиялық Ганхуяг Ганерденені нокаутқа түсірген. Осыған қарап сарапшылар оны Қазақстан боксшысына қауіпті қарсылас деп санады. Алайда Теміртас Жүсіпов бүгін жартылай финалда Беларусь спортшысы Евгений Кармильчикті айқын басымдықпен жеңіп, финалға шықты. Есеп: 5:0. Әлем чемпионатының жартылай финалында Қазақстаннан тағы төрт спортшы: Махмұд Сабырхан, Сәкен Бибосынов, Серік Теміржанов және Абылайхан Жүсіпов бақ сынайды.