Бағдат Мусин ХҚО-да жүргізуші куәлігі қалай сатылатынын көрсетті

Бағдат Мусин ХҚО-да жүргізуші куәлігі қалай сатылатынын көрсетті

Жуырда ғана Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында жүгізуші куәлігін заңсыз түрде сатып жатқандар бар екенін хабарлады. 

Нақтырақ айтқанда, ведомство басшысы қыркүйек айында мекемеге жасырын түрде қарапайым клиент ретінде барып, заңсыз әрекетті өзі көзімен көргендігін жеткізді. Болған жайтты министр видеоға түсіріп, бүгін бейнероликті Instagram парақшасына жүктеді. Видеода Мусин қасына «жүргізуші куәлігін» жасырын түрде сатып алмақшы азаматты ертіп, мекеменің ішіне қарай беттеді. Содан соң «жүргізуші куәлігін» сатып алушы азамат әлдекіммен телефон арқылы байланысып, тиісті құжаттарды өткізген. Бірер сағаттан соң азаматқа жүргізуші куәлігін алуға рұқсат беретін қолхат берілген. Осылайша теориялық және практикалық емтиханды тапсырмай-ақ, азамат жүргізуші куәлігін бір күннің ішінде алған.
«Азаматтарға арналған үкіметтегі» ішкі қауіпсіздік қызметінің мамандары жасаған видеоның негізінде осы маңызды мәселе бойынша шұғыл іс-шаралар қолға алынды. Қазіргі таңда мемлекеттік корпорациядағы әріптестерім күллі ел бойынша бақылау жұмыстарын күшейткендіктен, мұндай жағдайлар басқа да аймақтарда анықталып жатыр. Бұл бағыттағы барлық материал құқық қорғау органдарына жолданады», – деп жазды Бағдат Мусин.
Бұдан бөлек Бағдат Мусин тексеріс басталғаннан бері күнделікті статистикаға көз жүгіртіп отырғанын хабарлады.
«Праваға» практикалық және теориялық емтиханды сәтті тапсырғандардың саны бірден азайғанын байқауға болады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында соңғы екі аптада жүргізуші куәлігін алу бойынша 2160 өтініш түскен, соның ішінде тек 30 адам ғана сынақтан сүрінбей өткен», –деді ол өз жазбасында.
Сондай-ақ, ведомство басшысы алдағы уақытта барлық мамандандырылған ХҚО-да теориялық емтиханды тапсыру кезінде тұлғаны арнайы биометриялық тану жүйесі енгізілетінін хабарлады . Бұл жүйе сынаққа келген адамның жеке тұлғасын анықтап, тест тапсырушыларды кездейсоқ орынға жайғастыруға мүмкіндік бермек.
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 

Публикация от Bagdat Mussin (@bagdatmussin)