Қазақстандық боксшы Серік Теміржанов Белградта өтіп жатқан әлем чемпионатының финалына шықты. 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жартылай финалда Теміржанов кубалық Освель Кабальеро Гарсиямен жекпе-жекке шығып, оны төрешілердің шешімімен жеңді, бірінші раундта Серік кубалық боксшыны нокдаунға түсірді. Осылайша, Серік Теміржанов 2021 жылғы әлем чемпионатының финалына шыққан Қазақстан құрамасының төртінші боксшысы атанды. Сондай-ақ "алтын" үшін Теміртас Жүсіпов (48 кг), Сәкен Бибосынов (51 кг) және Махмұд Сабырхан (54 кг) сынға түседі.