Лауазымды тұлғалардың қаржысы бақылауда болады

Лауазымды тұлғалардың қаржысы бақылауда болады

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төра­ғалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыс­татуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң­ды қарап, қабылдады.

Парламент депутаттары бастамашы болған заңға сәйкес, енді жария лауазымды тұлғалар­дың қаржы операцияларына заң­нама­лық тұрғыда бақылау жүргізіледі. Бұрын олар қар­жылық мониторинг субъек­тілерінің қатарына қосылмаған еді. Жаңа норма бойынша бұдан былай салалық агенттік ұлт­тық жария лауазымды тұлғалардың тізімін жүргізеді. Сондай-ақ қаржы мониторингі жүргізілетін субъектілер қата­рына майнингпен айналысатын тұлғалар да қосылады. Енді олар ақпараттандыру сала­сындағы уә­кілетті органға өз қызметінің бас­талғаны туралы ескертуге міндетті болады.
«Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру қоғам мен мемлекет үшін қауіп тудыратыны анық. Сол себепті осы қылмыс­тарға қарсы іс-қимылдардың тиім­ділігін арттыру және бұл саладағы сын-қатер­лердің алдын алу аса маңызды. Сондықтан бүгін қабылданған заң қылмыстық кірістерді азайтуды және ұлттық қаржы жүйесінің ашықтығын арттыруды көздейді», – деді Мәу­лен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар өздерінің депу­таттық сауалдарЫН жолдады. Әбдәлі Нұрәлиев елімізде ауыз­су тапшылығын шешу үшін жерасты сулары ресурстарын зерттеуді жандандыру маңызды екенін айтты. Ал Нариман Төреғалиев Қазақ­­стан–Ресей шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерін жаң­ғырту мәселесін көтерді. Өз кезегінде Ақмарал Әл­на­зарова елімізде трансплан­тологиялық қызметті дамытуды ұсынды. Дана Нұржігіт патриоттық тәрбиеге қатысты бөлек заң жобасын әзірлеу қажеттігіне назар аударды.

А.СҰЛТАН