Уәкілдің өкілеті кеңейеді

Мәжіліс

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығы­мен өткен жалпы отырыста палата депутаттары бір­қатар жаңа заң жобаларын мақұл­дады. Атап айтқанда, «Қазақ­стан Респуб­ликасын­дағы Адам құқықтары жөнін­дегі уә­кіл туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл еліміз үшін өте маңызды, өте қажетті құжат­тардың бірі екенін атап өтіп, осы мақұлдаған заң жобасы Пре­зидент бастамашы болған саяси реформа аясында әзірленгенін айтты.

«Бұл еліміз үшін өте маңыз­ды, өте қажетті құ­жат­тардың бірі. Осы енгізілген өзгерістердің нәти­жесінде омбудсменнің қызметін, өкілдігін, жалпы адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын ны­ғайтуға нақты қадам жасалып отыр. Бұл мемлекет және азаматтық қоғам арасын­дағы байланысты одан әрі терең­детуге жаңа жол ашатыны сөзсіз», – деді.

Нұрлан Нығматулин атап өткендей, адам құқықтарының бұзылуын қалпына келтіру бо­йынша омбудсменнің өкілет­тіктері айтарлықтай кеңейді. Айта кету керек, бүгінде Омбудсмен ин­сти­­тутын оның құқықтық мәртебесін, қызметінің қағидат­тары мен кепілдіктерін, сондай-ақ адам­ның және азаматтың бұ­зылған құқықтарын қал­пына келтіру жөніндегі құзыретті заң­намалық деңгейде нақты айқын­дау арқылы одан әрі дамыту қажеттігі жетілдірілді. Сонымен қатар Қазақстан Респуб­лика­сындағы Адам құқықтары жөнін­дегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу үшін Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы, «Са­лық және бюджетке төле­нетін басқа да міндетті төлемдер туралы» ко­декстер­ге түзетулер енгізу туралы заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ жалпы отырыста «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» және оған ілеспе заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды.

Сонымен қатар Мәжілістің бейінді комитеттері жалпы отырыста Қазақстанның халық­аралық шарттары туралы заң жобасын және Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Салық кодексін жұмысқа алды. Мәжіліс депутаттары мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі және қорғаныс мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы заң жобасына Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Ардақ СҰЛТАН

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.