15 мыңдай оқушы коронавирус жұқтырды

15 мыңдай оқушы коронавирус жұқтырды

Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Марат Шоранов хабарлады. Ол Үкімет отырысында Қазақ­стан­дағы COVID-19 індетіне қатысты жалпы жағдайды да баяндады.

«Жаһандағы 222 елдің әлемдік рейтингіне сәйкес, Қазақстан сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша 105-орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша 102-орында. Бүгінде жасыл ай­мақ­та 9 аймақ бар: Жамбыл, Маң­ғыстау, Қызылорда, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Алматы облыстары және Шымкент қаласы», – деді ол. Бұл ретте сары аймақта Шы­ғыс Қазақстан, Қарағанды облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары тұр. Қызыл аймақта 4 өңір қалды: Ақмола, Қостанай, Пав­лодар және Солтүстік Қазақ­стан облыстары. «Қазақстанда соңғы екі айда сырқаттану 2,8 есеге, аптасына 33 346 сырқатттан 11 709-ға дейін, ал өлім-жітім 4,1 есеге – аптасына 761 адамнан 184 адамға дейін азайды», – деп хабарлады вице-министр. Дәстүрлі форматта оқитын, мектепке барған оқушылардың 15 028-і коронавирус жұқтырыпты. Олармен байланыста болған 1 317 науқас анықталды, бұл ауырған барлық оқушының 8,7%-ы. «Қазанның соңғы екі аптасында оқушылар арасында ауру 1,3 есеге азайды. Алайда Павлодар, Ақмола, Маңғыстау, Түркіс­тан облыстарында балалардың коронавирус жұқтыруы 1,4 есеге дейін өскен. Ошақтарда байланыста болған 159 мың адам анық­талды, оның 0,8%-ында не 1 317-інде ПТР-тест оң нәтиже бер­ді», – деді М.Шоранов. Оның мәліметінше, республика бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектердің толу көрсеткіші 56 пайыздан 33%-ға дейін, реанимациялық төсектерде – 45 пайыздан 27%-ға дейін төмендегені байқалады. Резервте 30 мыңнан астам төсек-орын бар. Соңғы үш айда науқастар саны 2 есеге – 90 767-ден 43 397-ге дейін кеміді.

Елдос СЕНБАЙ