8 жасар қыз әлемнің супермоделі атанды

8 жасар қыз әлемнің супермоделі атанды

Қазақстандық 8 жасар оқушы қыз Мәриям Ишан­ғалиева әлемнің супермоделі атанды.

Атырау облысына қарасты Құрманғазы ауданының Көптоғай ауылында тұратын Мәриям Ишанғалиева 3-сыныпта оқиды. Биылғы шілдеде «Әлемдік модель – 2021» халықаралық байқауына суреттерін жолдаған. Қыркүйекте байқау қорытындысы бойынша бірінші орынға ие болып, ақтық сайысқа жолдама алған. Жақында шешуші сайыс Сочиде қорытын­дыланды. Анасы Арай Қарабалаеваның айтуынша, биыл «Әлемдік модель» байқауына әлемнің 40 елінен үміткерлер қатысуы тиіс болған. Алайда коронавирус пан­демиясына байланысты 25 үміт­кер бақ сынаған. Қазылар ал­қасының жеті мүшесі Мәриямды 6-9 жастағы қатысушылардың арасынан жеңімпаз деп таныды. Атыраулық оқушы байқаудың бас жүлдесін иеленіп, «Әлем жұл­дызы» атанды. Оған «Жер шары­ның супермоделі –2021» аталымы қоса берілді. «Қызым жолға шығарда «Мен басыма тәж киіп келемін» дегенде, таңғалған едім. Сайыс кезінде аз-кем қобалжығаны байқалды. Өйткені халықаралық бәсекеде еліміздің атынан жалғыз өзі қатысты. Біз Құрманғазы ауданында тұрамыз. Сол себептен сахнаға Құрманғазының «Адай» күйімен шықты. Байқаудың тәжін басына кигізгенде қуаныштан жылап жіберді», – дейді анасы Арай Қарабалаева. Сегіз жасында әлемдік супер модель атанған Мәриям Ишан­ғалиева бос уақытында би үйір­месіне қатысып жүр. Бұған дейін облыстық, республикалық бай­қау­лардың жеңімпазы атанған. Мәриямның арманы – Оңтүстік Кореяда жоғары білім алып, дәрігер болу.  

А.ЖАСАНҰЛЫ