Сыр бойындағы агроөнеркәсіп кешенінде еліміз тәуелсіздігін алған 30 жыл ішінде тұрақты өсу үрдісі бар. Биыл жауын-шашынның жылдағыдан аз түсуі де шаруаларға ауыр тиіп, кейбір аудандарда қуаңшылық болғанымен, өңір дихандары қиындықты еңсеріп шықты.
Жалпы, Сыр бойындағы агроөнеркәсіп кешенін қолдау 2003 жылдан бастап қолға алынып, облыстың ауыл шаруашылығын түлетуге 142,8 млн теңге жұмсалды. Ал былтыр ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі 14,6 млрд теңгеге артып, 14,8 млрд теңгені құрады. Осының арқасында салада дамудың оң серпіні қалыптасты. Сөзімізді сандармен нақтыласақ, соңғы 10 жылда облыстың ЖӨӨ құрылымындағы ауыл шаруашылығының үлесі 4,3%-дан 5,9%-ға дейін өсті. Өткен 2020 жылы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру көлемі 143,6 млрд теңгеге дейін жетті. Тәуелсіздік жылдарындағы толымды жетістіктердің бірі ретінде егістік көлемінің артуын айтса болады. Мәселен, 2001 жылмен салыстырғанда бүгінде егіс көлемі 43,5 мың гектарға ұлғайтылып, 184,3 мың гектарды құрады. Оның ішінде аймақтың негізгі дақылы – күріш егісінің көлемі 89,6 мың гектарға жетті. Тұқым шаруашылығын дамытуды мемлекеттік қолдаудың арқасында 2016 жылдан бастап егілген егіс көлемінің 100% жоғары репродукциялы тұқыммен себілуде. Бұл облыс бойынша соңғы 25 жылда болмаған көрсеткіш екенін айта кеткен жөн. Жыл сайын облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 500 мың тоннадан астам күріш жинайды. Тәуелсіздік алғанға дейін өңірде күріш ақтайтын бірнеше ғана зауыт болатын болса, бүгінде аймақта 76 күріш ақтау зауыты жұмыс істейді. Бұл зауыттардың жылдық қуаттылығы – 514 мың тонна. Мал шаруашылығында да ең табысты делінетін 1991 жылмен салыстырғанда едәуір өсім байқалады. Мәселен, ірі қара мал басы 1,5 есеге, жылқы 2,3 есе, түйе 2 есе өскен. Ауыл шаруашылығының әлеуеті артқан сайын, азық-түлік өндірісі де алға басты. Еттің экспорттық әлеуетін дамыту үшін қуаттылығы 6 мың басқа арналған 2 бордақылау алаңы пайдалануға берілді. Жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі артып келеді. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің (күріш, балық, көкөніс және бақша өнімдері) экспорты 2004 жылдан басталды. Соңғы 16 жылда ауыл шаруашылығы өнімдері экспортының көлемі 2,8 есе өсті. Өткізу нарығындағы мемлекеттердің қатары 4-тен 19 елге дейін кеңейді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова күзгі егін науқанын қорытындылайтын «Алтын дән-2021» мерекелік іс-шара кезінде ауыл шаруашылығын әртараптандыру арқылы суға деген тәуелділікті азайту мүмкін болғанын айтады. – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында облыс диқандары биыл вегетация кезінде су тапшылығына және басқа да қиындықтың бәрін еңсере отырып, аянбай еткен еңбектерінің арқасында 500 мың тоннаға жуық Сыр күріші ел қамбасына құйылды. Соңғы жылдары егіс алқаптарын әртараптандыру бағытында жүйелі шаралар атқарылуда. Атап айтқанда, жалпы егіс көлемі 5 жылда 6,9 мың гектарға ұлғайып, әртараптандыру бағытында мал азғындық дақылдар 6,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1,7 мың гектарға, ал күріштен басқа дәнді дақыл көлемі 6,4 мың гектарға көбейді. Суды көп қажет ететін күріш көлемі былтырғыдан 6 мың гектарға азайтылды. Оның орнына әртараптандыру бағытындағы дақылдардың егіс көлемдері 9,8 мың гектарға дейін жетті, – деді Гүлшара Әбдіқалықова. Бүгінде құны 20,6 млн АҚШ долларын (61,0 мың тонна) құрайтын өңірдің ауыл шаруашылығы тауарлары 15 мемлекеттің сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Биыл облыстан Германия, Нидерланд мемлекеттеріне 886 тонна қамыс, Аустрия, Литва, Польша, Грузия, Нидерланды, Украина, Германия мемлекеттеріне 1 780 тонна балық, Әзербайжан, Моңғолия, Тәжікстан, Украина, Өзбекстан, Ирак елдеріне 58 237 тонна күріш өнімі жөнелтілген. Осы мерекелік іс-шара аясында ауыл еңбеккерлері жылдағы әдетінше қала тұрғындарына жәрмеңке өткізіп, 340 жүк көлігіне тиелген 1000 тоннадан астам өнімді базардағыдан төмен бағада ұсынды. Атап айтқанда, күріш 220 теңгеден, сиыр еті 1 750 теңгеден, пияз 80 теңгеден, картоп 170 теңгеден, балық өнімдері 1 000 теңгеден саудаланды. Молшылық тойына барлық аудандардан 190 тоннадан астам ақталған күріш, 140 тоннаға жуық картоп, 40 тонна пияз, 320 тоннадай көкөніс, 180 тоннадай бақша өнімі, 40 тонна асқабақ, 20 тоннадай ет өнімі, 40 тонна балық өнімі, 7 тоннадан астам сүт өнімі, 40 тоннадан астам мал азығы жеткізілді. Жәрмеңке 4 желтоқсанға дейін әр апта сайын өткізіле береді. Аймақ басшысы қызылордалықтарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен және «Қала күні» мерекесімен құттықтап, ұлттық спортты дамытуды көздейтін мәдени-спорттық шаралардың мәні зор екенін тілге тиек етті. – Кез келген елдің ұлылығын мәдениеті мен салт-дәстүрі танытса, соның ішінде ұлттық спорт ойындарының орны ерекше. Әсіресе, айбарланып атқа қонып, елдің шебін қорғаған қазақ үшін жылқы ұлттық сана-сезім, рухани болмыс, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Қазақ ұғымында жылқы тектіліктің бірден-бір нышаны саналады, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова. Ат бәйгесіне 50-ден астам шабандоз қатысты. Аламан көркін қыздырған қатысушылар арасында тай бәйгені ақтөбелік Нұрасыл Айтжан иеленсе, құнан бәйгені алматылық Арнат Мұратхан алды. 15 шақырымды енсерген тоқ бәйгеде жүлделі ІІІ орын қызылордалық Ерасыл Рахатқа бұйырса, ІІ орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген Ансар Арыстанбек алды. Ал І орынға қызылордалық Мейіржан Досжанов лайықты деп танылды. Жеңімпаздарға сертификаттарды Ұлттық ат спорты федерациясының президенті Айтбай Көшербай табыстады. 25 шақырымдық аламан бәйгенің ІІІ орыны ақтөбелік Дәуір Ильясқа бұйырды. ІІ орынды қызылордалық Сейтжаппар Дидар иеленді. Ал аламанда алматылық Арнат Мұратхан І орынды алды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жеңімпазға 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы